Сайрам ауданының Көлкент демалыс орнында Алматы облысының «Балық мектеп» ЖШС, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және облыстың тауарлы балық өсірушілерінің ұйымдастыруымен «Балыққа өмір сыйла» атты республикалық форум өтті.
Форумға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизов, Түркістан облысы табиғи ресрустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Алматы облысындағы «Балық мектеп» ЖШС-нің негізін қалаушы, балық шаруашылығы кәсіпкері Марлен Тұрсынәлі және балық шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген ірі шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер мен балық өсіруге қызығушылық танытқан 300-ге жуық адам қатысты.
Ермек Кенжеханұлы аталған форумның Түркістан облысында өтуі маңызды екенін атап өтіп, өңірдегі балық шаруашылығы мен ішкі туризмінің тұрақты дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз деді.
– Балық өсіру шаруашылықтарының экономикалық тиімділігін жоғарылату – бүгінгі күнде еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланып отыр. Түркістан облысының су айдындарының орналасуы мен климаттық жағдайлары балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңірлердің бірі болып саналады. Бүгінгі форум – еліміздің және облыстың балық өсіру саласының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз, – деген облыс әкімінің орынбасары бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне себепкер болған «Балық мектеп» ұжымына алғысын білдіріп, балық шаруашылығының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.
Шараның мақсаты – еліміздің балық шаруашылығын дамыту, осы бағытта жаңадан кәсіп бастаймын дегендерге ынталандыру, облыстағы әуесқойлық және спорттық мақсаттағы балық аулауды дамыту және Түлкібас ауданында орналасқан Састөбе көлін балықтандыру.
Іс-шара барысында балық шаруашылығы Ассоциациясын құру бойынша қарар қабылданып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Ал Жаңадан құрылған «Казахрыбхоз» Ассоциациясымен облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта тиісті басқарма мен аудан, қала әкімдіктері тарапынан саланы дамыту бағытында Ассоциациямен бірлесіп жұмыс атқару көзделіп отыр.
Аталған шарада балық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынып, тәжірибе алмасты. Форум аясында балық аулаушылар сайысы тартысты өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Форумның қорытындысында Састөбе көлімен Шымкент қаласының аумағында орналасқан Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы балығының шабақтары жіберілді.
Форум аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Алматы облысының «Балық мектеп» ЖШС, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және облыстың тауарлы балық өсірушілерінің ұйымдастыруымен балық аулаудан сайыс та өтті. Сайысқа төрелік жасаған мамандар қатысушылардың жарыс ережелерін қатаң сақтап, әділ өтуіне атсалысты.
Балық аулау спортында өзара мықты қатысушыларды анықтау мақсатында Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Көлкент демалыс аймағындағы сайысқа облыстан келген Жетісай мен Сарыағаш, Түлкібас аудандарынан келген әуесқой балықшылар қатысты.
Жарыс соңында қармаққа іліккен балықтың салмағы мен өлшеміне қарай қазылар алқасы жүлделі орындарды белгіледі. Сайыстың қорытындысы бойынша қарсыластарына қарағанда қысқа уақыттың ішінде 3,5 келі балық аулап үлгерген Бекзат Қыпшақбаев жеңімпаз атанып, бірінші орынға ие болды. Ал Бекжан Ерменов бір келі балық аулап екінші орынға ілікті. Нұрдос Қарынбаев 800 грамм балық аулап, үшінші орынды қанағат тұтты.
Сайыс соңында жеңімпаздар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама аясында 2030 жылы облыста балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Биыл өңірде 6640 тонна тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде аталған жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республика бойынша көш басында. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Мәселен, акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Бұдан бөлек инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылғы жылға республикалық бюджеттен 226,2 млн. теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыста балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде, 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қолдау тапқан.
Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 84 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Жалпы тауарлы балық өсірумен 130-ға жуық кәсіпкерлік субъектісі айналысады.
Айта кетейік, 2022-2023 жылдары Алматы облысында орналасқан Балық мектебін облыстың 76-ы кәсіпкері бітірген. Ал Шардара ауданында орналасқан «Хамит» ауыл өндірістік коперативін 86 кәсіпкер тәмамдаған. Қазіргі таңда кәсіпкерлер балық өсіру шаруашылығын құруға қолдау көрсетіп отыр.
Негізі балық саласы экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтуда маңызды салалардың бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында «Балық саласы ерекше назар аударуға лайық» — деп атап өтті.
Мәселен, Маңғыстау облысында Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін мемлекеттік табиғи резерват құруды жеделдетуге қатысты 2023 жылғы сәуірде жаратылыстану-ғылыми негіздеме (ЖҒН) бекітілді. ЖҒН негізінде қазіргі уақытта технико-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеу жүргізілуде. Нәтижелерді ағымдағы жылдың соңында аламыз. Резерват 2024 жылғы маусымда дербес заңды тұлға ретінде құрылатын болады.
Каспий теңізінде заңсыз балық аулаудың жолын кесу жөніндегі жұмысты жандандыру үшін 2023 жылғы наурызда Экология министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Жайық-Каспий бассейнінің су айдынында браконьерлікпен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен жоспарды бекітті. Жоспар аясында бірлескен рейдтер жүргізіліп, теңізде бақылау күшейтілді.
Сондай-ақ, Атырау қаласындағы мемлекеттік бекіре зауытының өндірістік базасы жаңғыртылмақ. 2023 жылғы наурызда Министрлік тиісті Жол картаны бекітті. Зауыт құрылыстарының тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізілді, биологиялық негіздеме әзірленді. Маусым айында зауытты дамыту тұжырымдамасы және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге техникалық тапсырма бекітілді.
Балық саласын мемлекеттік қолдау бойынша атқарылған жұмыстарды да айта өтейік. Мәселен, 2023 жылғы қыркүйекте балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына кредиттеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін су беру және балық өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі қызметтердің құны субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау шараларын енгізу бөлігінде өзгерістер, сондай-ақ балық бойынша инвестициялық жобаларды бюджеттік кредит беру мүмкіндігі түрінде қосымша енгізілді. Сонымен қатар, балық ресурстарын сақтау және молайту, кәсіпшілік балық аулауды дамыту және балықты қайта өңдеу жөніндегі шаралар қосылды.
Сонымен қатар, осы жылдың қараша айында Парламент Мәжілісіне бизнесті мемлекеттік қолдауды кеңейту үшін құқықтық негізді көздейтін «Акваөсіру туралы» заң жобасын енгізу жоспарланған.
Балық шаруашылығындағы негізгі іс-шаралар — балық аулау және акваөсіру. 2023 жылдың 10 айында 34,9 мың тонна балық ауланды, 13,2 мың тонна өсірілді және 15,6 мың тонна экспортталып, 32 мың тонна импортталды.
Саланы табысты дамытудың маңызды факторы – бизнесті субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде бастапқы кезеңде қолдау. Бүгінгі таңда балық өсірудің бірқатар бағыттарын субсидиялау көзделген. Бұл күрделі салымдарға, техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ балық өсіруге арналған негізгі компоненттерге, атап айтқанда жем, шабақ және дәрі-дәрмек сатып алуға арналған шығындарды өтеу. 2023 жылы субсидиялауға 4,1 млрд.теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Салалық бағдарлама шеңберінде жыл сайын субсидиялауға бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғаятын болады.
Бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр, оның ішінде мыналарды атап өтуге болады: өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді, кәсіпшілік су айдындарын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру жеңілдетілді, балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуінде орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды, балық өсіру тоғандарын жобалық-металық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей-ақ тек эскиздік жобалар негізінде салуға мүмкіндік берілді.
Қазіргі уақытта республикада 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сәйкес келеді және балық өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау құқығын алды. Бұл ретте, қосымша тағы 13 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді.
Сондай-ақ, экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді, ал Қытай елінің тізіліміне 65 қазақстандық кәсіпорын енгізілді.
Отандық балық өңдеу кәсіпорындарынан әлемнің 21 еліне балық өнімдерінің 100-ден астам түрі шығарылады, олардың ішінде ең ірі тұтынушылар Ресей, Германия, Нидерланды, Литва және Қытай елдері.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.