Түркістан облысында биыл 52 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді.

Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.

«Жалпы Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісімшарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, Түркістан облысында жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта оқитын 220 920 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, осал топтағы отбасыдан шыққан 60 693 бала, 1-4-шы сыныптардағы 160 227 бала бар. Жалпы, облыстағы 881 мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған»,- дейді Жандос Маханбетов.

Брифингте 2024-2025 оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Бүгінде атқарылып жатқан кезек күттірмес жұмыстары туралы жан-жақты таныстырылып, бірінші кезекте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің берілуі, жайлы мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан балаларды мектеп формасымен қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында балаларды ыстық тамақпен қамту және асханалардың санитариялық жағдайы бойынша баяндап берді. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Спикердің сөзіне сүйенсек, 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңге берілген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Түркістан облысының филиалы әлеуметтік осал топ отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1 сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған.

Айта кететіні, өңірдегі білім беру ұйымдарында жүргізіліп отырған инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқын алды. Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілді. Ал, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 29-ы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтеруде. Сондай-ақ, биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 106 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin