Түркістан облысында бой көтеретін жайлы мектептер жергілікті жиһаздармен жабдықталады

Түркістан облысында «Жайлы мектеп” Ұлттық пилоттық жобасы аясында 63 мектеп салынады. Өңірде осы жоба арқылы құрылысы жүріп жатқан нысандардың бас мердігерлері Түркістан қаласындағы жиһаз шығаратын ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Басты мақсат – мектептерді сапалы отандық жиһазбен қамту барысын пысықтау.

Ең алдымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен кәсіпкерлер мен жайлы мектептердің бас мердігерлерінің кездесуі өтті. Жиынға облыстық жауапты басқарма басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша басшылығы қатысты.

Осыдан кейін мердігерлерге Түркістан қаласындағы «Brownfield» дайын өндірістік аймағы мен шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан кәсіпорындар таныстырылды. Негізінен мектепке қажетті бекітілген техникалық сипаттамаға сай жиһаз өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында:

  1. «Аkniet Holding» мүгедектер қоғамы» жоба құны: 2,3 миллиард теңге, 80 жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Қуаттылығы: жылына 180 000 дана. Жобаның ерекшелігі: роботтандырылған соңғы үлгідегі қытайлық технология;
  2. «СП Туран Мебель» ЖШС жоба құны: 2,3 миллиард теңге, 40 жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Қуаттылығы: жылына 400 000 дана. Жобаның ерекшелігі: арнайы мектепке арналған жиһаз бұйымдарын өндіру.

Жалпы кездесу қорытындысы бойынша бас мердігерлерге кәсіпорындардың жұмысы егжей-тегжейлі таныстырылды. Әрі қарай бірлесіп жұмыстар атқару бойынша келіссөздер жүргізілді.

Естеріңізде болса, былтыр қараша айында Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына отандық жиһаз және әрлеу материалдарын өндірушілердің қатысуын арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Атап айтқанда, жаңа форматтағы мектептер құрылысы кезінде барлық жиһаз отандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Сондай-ақ сыртқы қасбеттерді әрлеуде қолданылатын материалдардың басым бөлігі еліміздің өндірісінің тауарлары болмақ. 

Кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шарасы ретінде ұзақ мерзімді жеткізуді жоспарлауға және тиімді шарттармен жобаны қаржыландыруға мүмкіндік беретін алдын ала келісімшарттарды қолдану қарастырылған.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді жабдықтау үшін жиһаздар мен құрал-жабдықтарға қажетті барлық техникалық шарттарды анықтаған. Үкімет қабылдаған өзгерістерді сапалы іске асыру үшін елішілік құндылық үлесінің көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі.

Бұдан бөлек, қоғамдық мониторинг жүргізу үшін ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Осылайша, әрбір тұрғын мектеп құрылысының барысын қоғамдық дашборд арқылы бақылауға мүмкіндік алады. Осы мақсатта қазір әрбір объектіде бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.

Еске салайық, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 740 мың орындық 369 мектеп ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселелерін шешеді. 

Ұлттық жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 2,4 трлн теңге қарастырылған. 2023 жылы 461 мың орындық 217 мектеп құрылысын бастап, оларды келер жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2024 жылы 279 мың орындық 152 мектеп құрылысын бастап, оларды 2025 жылы ашу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің айтуынша, салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін әрі демографиялық ахуалын ескере отырып анықталған. «Мемлекет басшысының бастамасы негізінде қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс», – дейді Бектенов. 

Бір жылда 217 мектепті іске қосу оңай шаруа емес. Мәселен, былтыр қаңтар-желтоқсан ара­­­­лы­ғында ел аумағанда 93 жал­пы білім беретін мектеп пайда­ла­нуға беріліпті, 2022 жыл­ғы көр­сеткіш – 85 мектеп. Оның үстіне, Олжас Бектенов 217 мек­тептің 98-нің құрылысын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырып отыр. Қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру қажет. «Мерзімдердің бұзы­луына еш­қан­дай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», – деп атап көрсетті ол.

Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталады. Бастауыш және жоғары сынып­тар үшін оқу кабинеттері, сани­та­риялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шара­ларымен қам­­­тамасыз етілмек. 

Мектеп салу және оларды уақытылы қол­­да­­­­­нысқа беру Samruk-Kazyna Construction компаниясын жер учаскелерімен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өңір әкімдеріне жүктелген. Былтыр Samruk-Kazyna Con­struction компаниясына тиісті көлемде қаржы аударылып, осы қаражат негізінде компания 208 мектепті жобалауды және салуды бастаған, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері биыл 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алмақшы.

Ұлттық жобаны жүзеге асыруда шикілік барын Үкімет отырысында Премьер-Министр де жоққа шығармады. Әсіресе, құрылыс нысанына қажетті учас­келерді бөлу және ЖСҚ әзірлеуде кедергі көп екенін айтқан ол бар­лық проблеманы қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды. 

«Мектептерге баратын жол­­­­­­­­­­­­дар мен инженерлік-ком­­муни­кациялық инфрақұры­­­­лым­ның құрылысын 1 та­­­мызға дейін аяқтау қажет», – деді О.Бек­­­тенов. 

Оқу-ағарту министр Ғани Бейсембаев «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастық өкіл­дерінің ұсыныстарын ескере оты­рып, отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданғанын жеткізді. Мәселен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» АҚ және «Атамекен» тізіліміндегі қазақ­­­стандық компаниялардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа, отандық өндірістегі құрылыс материалдарын қолдану бойынша талаптар енгізіліпті.

Алайда оқу орындарының сыртқы құрылысына қатысты қағазбастылық мәселесі ішкі жабдықталуында да бар. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев бүгінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жиһаз жеткізуге бірде-бір келісімшарт жасалмағанын айтты. 

«Үкіметтің № 963 қаулысына сәйкес, бір ай ішінде осындай келісімшарттар жасасу талабы бар, бірақ көптеген жоба мемлекеттік сараптамадан әлі өтпеген. Техникалық тапсырмаға бірыңғай талаптардың болмауына және тапсырыс беруші ретінде Оқу-ағарту министрлігі тарапынан осы мәселе бойынша құзыреттердің болмауына байланысты мемлекеттік сараптама жүргізуді жылдамдатуда қиын­дықтар бар», – дейді ол. 

Мұндай жұмыстарды ертерек бастап тез арада жүргізу үшін іскерлік қажет. 

«Осы уақытқа дейін отандық жиһаз өндірушілермен оффтейк келісімшарттар жасасу тетігі пысықталған жоқ. Біз бұ­ған дейін жиһаз өнімдерін өндірушілерден тікелей сатып алуды ұйымдастырған жағдайда мемлекет 35,0-40,0 млрд теңгеден астам қаржы үнемдей алатынын, бұл бюджет шығындарын едәуір қысқартатынын атап өткен болатынбыз. Бұл ретте, материалдарды жеткізуді орталықтандырылған ұйымдастыру ЕАЭО шеңберіндегі кооперациялық жобаларға да, сондай-ақ салааралық коопе­­рацияға да серпін бере алар еді. Құрылыс салушылар тарапы­нан мерзімдерді ұзарту – бұл бюджетті қысқартуды және жо­ба­­ларға өзгерістер енгізуді ескере отырып, білім беру ұйым­­дарының объектілеріне шетелдік жеткізушілердің мүдделерін тіке­­лей лоббилеу немесе қолда бар уақытты ұтымсыз пайдалану деп санаймыз», – дейді Жиһаз жә­не ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев.

Отандық жиһаз өндіру­­ші­лердің пікірінше, ұлттық жо­баға кемінде 400 мың мек­­­­теп партасы қажет. Егер қағазбастылық және басқа да қолдан жасалған кедергілерді алып тастамаса, қа­­жетті жиһазбен жабдықтау ісі орындалмай қалу қаупі бар. 

«Бәлкім, бұл кедергілер парталарды Қытайдан сатып алу үшін белгілі бір тұлғалардың мүд­десі үшін де жасалып жатуы ғажап емес», – дейді олар. 

Орта білім саласындағы ол­қылықтың бірі – маман тап­шылығы. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған 7 842 мектепте 600 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Президент тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап мұғалімдердің айлық жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп, төрт жылда екі есе артты. Алайда мек­­теп мұғаліміне деген сұраныс толық шешілмей келеді. Білім саласының сарапшыларының айтуынша, бүгіннің өзінде ел бойынша он мыңға жуық маман жетіспейді. 

«Демографиялық дүмпудің балалары мектепке келе бастады, осыған сай сұраныс артты. Алдағы уақытта оқушы саны 4 миллионға жетуі де мүмкін. Өкінішке қарай, бір жапырақ диплом беріп, жалған маман дайындап жатқан оқу орындары әлі де көп. Егер мектеп мұғаліміне «сапалы педагог» деген анықтауышын қосып айтар болсақ, бұл мәселе бізде өте ауыр. Бүгінгі балалар «құндылықтар соғысының» құрбанына айналып жатыр. Себебі тәрбиенің өзі бізге әр тараптан келіп жатыр. Батыстың тәрбиесі, шығыстың тәрбиесі, діни тәрбие, либереалистік тәрбие бар. Сондықтан қазіргі баланы бір идеяға, бір мақсатқа тәрбиелеу өте қиын. Ол үшін мұғалімнің өзі бойына ұлттық құндылықты сіңірген маман болуы керек», – дейді мамандар.

Премьер-Министр Үкімет отырысында жайлы мектептерді оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етудің маңызын да айтқан. Жайлы мектептер, әсіресе, ша­ғын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталыққа айналуға тиіс. 

«Біз ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылатын болады», – дейді О.Бектенов.

Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының жаңа формат­тағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет қазынасынан триллиондаған теңге бөлінетін ұлттық жобаның сұрауы да оңай болмайтын сыңайлы. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin