Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің өкілдері және Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау және әулеметтік қорғау министрлігінің делегациясы Түркістан облысына іссапармен келіп, Денсаулық сақтау басқармасының «№1 облыстық перинаталдық орталығы» мекемесінің жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің Ана денсаулығы басқармасының басшысы Шакизат Халықова, Түркістан облысының №1 перинаталдық орталығының басшысы Салтанат Жабағиева және өзге де мамандар Тәжікстан мамандарымен бірлесе Облыстық перинаталдық орталықта тәжірибе алмасты.
Түркістан облысының №1 перинаталдық орталығында 600-ден астам қызметкер жұмысын атқарады және қауіп-қатер тобындағы Түркістан облысының 8 ауданы үшін үшінші деңгейлік перинаталдық көмек көрсетеді. Орталықта соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар мен заманауи емдеу технологиялары қолданылады.
2023 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес медициналық генетикалық бөлімше «Ұрықты қорғау орталығы» болып қайта құрылды. 2024 жылғы 2 қыркүйектен бері «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылып, өз жұмысын атқаруда. Түркістан облысы бойынша медициналық генетикалық қызмет көрсетіледі. Жобаның басты мақсаты – нақты генетикалық диагноз қою. Мұнда туа біткен кемістігі бар балаларды ерте анықтау және оның алдын алуды жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа жобалар жүзеге асырылды. Осы арқылы балалардың туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларының алдын алу, балалық шақтағы аурушаңдық пен мүгедектікті төмендету көзделген.
Орайы келгенде айта өтейік, № 1 облыстық перинаталды орталығында «Шала туылған нәрестелер күніне» орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға осы мекемеде мерзіміне жетпей туылып, тәжірибелі дәрігерлер жүргізген сапалы емнің арқасында ата-анасының көз қуанышына айналған сәбилер қонаққа келді. Сәбилердің құрметіне ұйымдастырылған жиынға арнайы келген аналар сәби сүю бақытын сезіндірген дәрігерлерге ерекше алғысын жеткізді. Шара барысында бүлдіршіндерді орталықтың бейінді мамандары тексеруден өткізді.
Жиында №1 облыстық перинаталды орталығының басшысы Салтанат Жабағиева құттықтау сөз алып, әрбір сәбидің өмірі мен денсауылығы өте маңызды екенін тілге тиек етті. Мерзімінен ерте туылған балалар ұзақ мерзімді ерекше күтімді қажет екеніне тоқталып, орталыққа келген әрбір ана мен туылған сәбиге сапалы медициналық көмек көрсету үшін соңғы үлгідегі заманауи құрылғыларды пайдалана отырып, емдеу шаралары сапалы жүргізілетінін айтып өтті. Аналарға ерте босанудың алдын алу туралы маңызды ақпарат берді.
Айта кетейік, №1 облыстық перинаталды орталығында жыл басынан бері 5505 сәби дүниеге келген. Оның ішінде, мерзіміне жетпей дүние есігін ашқан 1153 нәресте бар. Перинаталды орталықта он ай ішінде 118 егіз және 4 үшем туылған.
Дәрігерлер Оксфордта өз тәжірибелерімен бөлісті
Ұлыбританияның Оксфорд қаласындағы Оксфорд университетінде Орталық Азия елдеріне арналған бірінші IBC симпозиумы өтті. Бұл симпозиум Ұлыбританияның Оксфорд университетінің IBC директоры, профессор Харис Кхвадж, Қазақстан бариатриялық және метаболикалық хирургия қоғамының президенті, профессор О. Оспанов төрағалығымен ұйымдастырылды.
Халықаралық жиынға Орталық Азия елдерінен бөлек, Түркия, Иран және Грузия елдерінің өкілдері қатысты. Маңызды шараға Түркістан облысының білікті дәрігерлері барды. Нақтырақ айтқанда, Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері м.ғ.к. Ж. Дильдабеков, асқазан ішек және эндокриндік органдар бөлім меңгерушісі А. Нурашев, хирург дәрігері Қ.Сұлтанов, Астана қаласынан «Профессор Орал Оспановтың хирургия орталығы» хирург дәрігері Г. Дуйсенов қатысып, тәжірибе алмасты.
Симпозиумда сөз алған Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері м.ғ.к. Ж. Дильдабеков семіздікпен күресу жолында «Неліктен біз FundoRing әдісін Түркістан өңірінде қолдануды таңдаймыз және осы таңдаудың негізгі себептері қандай?» тақырыбында баяндама жасады. Қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Жиын барысында IBC директоры, профессор Харис Кхваджа бұл отаның тиімділігіне жоғары баға беріп өтті. Осылайша, өңір дәрігерлері шет елдердің үздік мамандарымен тәжірибе алмасып, білімдерін шыңдауда.
Түркістан облысының білікті дәрігерлері бір жылда 15 мыңға жуық ота жасады
Түркістан облысында 2023 жылы 14 889 ота жасалды. Оның ішінде, өткен жылы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 8 туыстық бүйрек трансплантациясы сәтті өтті. Биыл облыстың білікті дәрігерлері 7 туыстық бүйрек трансплантациясы және 1 мәйіттік бүйрек трансплантациясын жасады.
Өңірдегі дәрігерлердің біліктілігін арттыру және тәжірибие алмасу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Өткен жылы хирургиялық бейін бойынша 52 дәрігер өз біліктілігін арттырып, тәжірибие жинады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Осы жылдың соңына дейін облыстағы дәрігерлердің біліктілік көрсеткіштерін республикалық ғылыми орталықтарда және алыс-жақын шет елдерде жоғарылату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында семіздікке шалдыққан науқастарға тың әдіспен ота жасалды. Артық салмағы бар бұл пациенттердің қант диабеті, қан қысымы сынды бірнеше қосалқы аурулары бар. Лапароскопиялық әдіспен жасалған күрделі отаны дәрігерлер Литва мемлекеті мен Астана қаласынан келген медицина мамандарының жетекшілігімен жасап шықты.
Литвалық профессор, медицина ғылымдарының доктор Алмантас Малецкас «Біз марафон аясында Қазақстанды аралап, Алматы және Астана қалаларында осындай күрделі оталарды жасадық. Осы арқылы бүкіл әлемдегі артық салмақ мәселесімен күрескіміз келеді. Бүгінгі шеберлік сыныбы арқылы біз Түркістан облыстық клиникалық ауруханасымен іскерлік байланысты нығайтамыз деп ойлаймыз. Операцияға жергілікті дәрігерлер қатысып, біліктілігін арттырды. Соның арқасында енді мұндағы әріптестеріміз өз бетінше ота жасауға дайындалады деп ойлаймын» — дейді.
Айта кетейік, мұндай ота қант диабетіне шалдыққан науқастарға дәрілік емдеу көмектеспеген жағдайда жасалады. Себебі бұл дертке шалдыққандардың басым бөлігі артық салмақтан зардап шегіп, қосалқы аурулары асқынып жатады. Ал өзге елден келген дәрігерлер алдағы күндері асқазанға жасалатын лапораскапиялық операцияларды Ташкент қаласына барып жасап, тәжірибе алмасады.
Ал Түркістан облыстық балалар ауруханасында дәрігерлер кардиохирургиялық сирек ота жасауды қолға алған. Күрделі ота еліміздің бас балалар кардиохирургі, «University Medical Center» корпоративтік қоры балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбуновтың қатысуымен өтіп жатыр. Тәжірибе алмасу жұмыстары Түркістан облысының балалар кардиохирургиясы дамуының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасында «University Medical Center» корпоративтік қоры, балалар кардиологы, педиатрия бойынша медициналық директоры Татьяна Иванова-Разумова бастаған бір топ білікті мамандардың қатысуымен жүрегінде ақауы бар балаларға диагностикалық тексерулер жүргізіліп, консультация беру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, 10 жыл ішінде балалардың туа біткен жүрек ақауларына 3020 ота жасалды, 2023 жылы 131 ота және 2024 жылдың 9 айында 108 ота жасалды. Шеберлік сынып аясында 13 күндік нәрестенің критикалық туа біткен жүрек ақауын жасанды қан айналымы жағдайында түбегейлі түзету бойынша ота жасау жоспарлануда.
Бұдан бөлек Түркістан облыстық балалар ауруханасында жаңа туған шақалаққа күрделі ота жасалды.
Жаңа туған нәресте «Абай» Келес аудандық ауруханасынан жедел түрде облыстық балалар ауруханасының жаңа туған нәрестелер реанимация бөліміне ауыстырылды. Ауру симптомдары: нәресте туғаннан бірінші сағаттарда ішкі ағзада қан кету белгілерінің болуы, қан анализінде гемоглобиннің түсу белгілері, тері жамылғысының бозғылт болуы, әлсіздік. УДЗ тексеру нәтижесінде іш қуысының көп мөлшерде сұйықтықтың жиналу белгілері анықталған.
Нәрестеге жедел операция алдын дайындық жүргізіліп, ота жасалынды. Операция барысында іш қуысында көп мөлшерде қан сұйықтығының болуы және негізгі себебі баурдың оң жақ бөлігінде туа пайда болған кистасы бар екені анықталды. Операция жедел қан кетуді тоқтату мен кистаның энуклеациясымен аяқталды. Операциялар кейінгі кезең асқынусыз өтіп, нәресте 14 тәулікте толығымен жазылып анасымен үйіне шығарылды.
Бауырдың туа біткен паразитарлық емес кистасы ауруы жаңа туған нәрестелерде өте сирек кездеседі. Педиатриялық тәжірибеде бұл құрсақ қуысының раритетті кездейсоқ ісігі болып табылады. Көп жағдайда бұл ахау симптомдарсыз өтеді. Жаңа туған нәрестелерде, кейде бұл ахау белгілері өмірінің бірінші сағаттарында симптомдары белгілі болып, жедел хирургиялық араласуды қажет етеді. Хирургиялық араласудың негізгі мақсаты – «бауыр кистасының энуклеациясы», яғни, ағзадан жедел қан кетуді тоқтату және ісіктің қайта өсуін (рецидив кисты) тоқтату.
Түркістан облыстық балалар ауруханасының құрметке бөленді
Түркістан облыстық балалар ауруханасының ұжымы Республика күні қарсаңында құрметке бөленді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Алтын Мейрамбаеваға “Беделді балалар ауруханасы” мәртебесі сыйлығымен марапаттап, аурухана ұжымының жұмысын ерекше бағалап өтті.
Айта кетейік, Облыстық балалар ауруханасы өңірдегі көпбейінді әрі ірі аурухана. Аудандардан жіберілген пациенттерге шұғыл және жоспарлы түрде медициналық қызметтерін ұсынады. Педиатрия және балалар хирургиясы бойынша мамандандырылған стационарлық және стационарды алмастыратын көмектің барлық бейіндерін қамтиды және кардиохирургиясы бағыты бойынша жоғары мамандандырылған қызметтер көрсетіледі.
Мысалы, Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сарыағаш қаласынан 13 жасар қыз баласы жеткізілген. Ауыр халде түскен пациентте қимыл қозғалысының шектелуі, аяқ-қолдарының салдануы, жамбас қуысының функциясының бұзылыстары байқалған.
Жағдайының ауырлығына байланысты науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл жағдай өте қауіпті және шұғыл медициналық араласуды қажет етеді. Жоғары технологиялық тексерулер өткізген дәрігерлер науқасқа «Жедел таралған энцефаломиелит» диагнозын қойды.
Мұндай сирек кездесетін неврологиялық бұзылыс көбінесе вирустық немесе бактериялық инфекциядан ауырып өткеннен кейін 7-14 күн аралығында пайда болады дейді мамандар.
Дер кезінде сырқаты анықталған науқасқа дәрігерлер иммуномодуляторлар, қабынауға қарсы препараттар емін жасаған. Нәтижесінде, емделушінің денсаулық жағдайы жақсарды. Барлық бұлшықет күші, қимыл-қозғалысы қалыпқа келе бастады. Аяқ-қолы салданып қалған жасөспірімге Түркістан облысының штаттан тыс бас балалар неврологы Әлібаев Әбілқайыр және жансақтау бөлімінің меңгерушісі Абетаев Нұрлыбек емдеу шараларын жүргізіп, оң нәтиже берді.
Осылайша, Түркістан облыстық балалар ауруханасының жоғары білікті дәрігерлері науқас өмірін құтқарып, оны қалыпты өмірге қайтарды.
Әйткенмен Сарыағаш орталық аудандық ауруханасында алғаш рет ішкі ұйқы артериясын стенттеу отасы жасалғаны қуантады. Тіліксіз ангиография аппаратының көмегімен мұндай операцияны дәрігерлер үш науқасқа сәтті жасап шықты.
Тың әдіспен жасалған ота облыстық клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігерлері Сапаков Сапарғали, Орал Абылайхан және аудандық орталық аурухананың нейрохирург дәрігері Кұдияров Байбектің қатысуымен жүзеге асты.
Айта кетейік, бұрын бұндай ота қажет науқастар жедел және жоспарлы түрде облыс орталығына жіберілетін. Қазір аудандағы орталық аурухана дәрігерлері жоғары технологиялық операцияны меңгеріп, хирургиялық көмек көрсетуде.
Түркістан облысындағы БМСК емханаларына 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген
Түнеугүні Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық еткен жиында басқарманың тоғыз айлық есебі, тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік сақтандыру аясындағы жұмыстар, облыстағы кардиологиялық көмектің 9 ай қорытындысы туралы және туберкулез көрсеткіштерін талдау нәтижесі мен нәресте өлім-жітімінің алдын алу жұмыстары сараланды. Сонымен қатар акушерлік-гинекологиялық қызметінің талдау қорытындысы тыңдалды.
– Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен осы салаға тұрақты қолдау көрсетілуде. Денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік және жеке меншік медициналық ұйымдарының алдында 2024 жылға бірқатар міндеттер қойылған болатын. Олардың ең бастысы – жұмыс көрсеткіштерін өткен жылмен салыстырғанда жақсарту және халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Жыл қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, бағытында жұмыстар атқарылды. Әлі де ширата түсу керек. Мәселелер жеткілікті. Әрбір медицина мекемесінің басшысы жұмысты жүйелі үйлестіріп, сапаны жақсартуы тиіс, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Айта кету керек, 2024 жылы денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік медициналық ұйымдары тіркелген және жалпы халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді.
Алқа отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының басшысының және штаттан тыс бас мамандардың баяндамалары тыңдалды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев саладағы міндеттер туралы ой қозғады. Ана мен бала денсаулығын сақтау, жүрек-қан тамырлары, туберкулез және өзге де дерттердің алдын алу мәселелері талқыланып, тиісті ескертулер айтылды. Арыз-шағымдармен, өтініштермен жұмыс жүргізу мәселесі де сөз болып, тиісті тапсырмалар берілді.
Түркістан облысындағы БМСК емханаларына 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген. Оның ішінде МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар саны 1,7 миллионға жетіп отыр. Аймақта 49 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау мамандарының біліктілігін көтеру, арнайы құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жалғасады.
Атап өтер жайт, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Барлық медициналық мекемеге 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген. Оның ішінде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар саны 350 мың адамды құрап, өткен аймен салыстырғанда 23 пайызға азайып отыр. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға арнайы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы жұмысты күшейтіңіздер. Әлі де немқұрайлы қарап отырғандар бар. Аудан, қала әкімдіктері жергілікті жауапты басқармамен бірлесіп, жеке кәсіпкерлерге, шаруа немесе фермерлік қожалықтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Субсидия алып, кәсібін жүргіземін деген әрбір адам төлеуі қажет. Сонымен бірге медициналық көмек сапасын да жақсарту керек. Жауапты мекеме басшылары өзара бірлесе жұмыс атқарулары тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов баяндама жасап, облыс тұрғындарының сақтандыру санатына өтуі мен МӘМС аясында медициналық қызмет алудағы туындап жатқан өзекті мәселелерге тоқталды. Өңірде 27 мыңнан астам шаруа қожалықтары аталған МӘМС-ті төлемеген. Бұған дейінгі орын алған мәселелер «Е-Сақтандыру» жүйесі арқылы шешімін тауып отыр.
Мобильді топтар соңғы 3 айда «Бір аптада – 3%, бір айда – 12%» ұранымен науқандық немесе тұрақты жұмысшыларды «көлеңкелі еңбек» нарығынан жарыққа шығаруға мұрындық болған. Жалпы тұрғындарды МӘМС-ке тарту жұмыстарын күшейту мақсатында өңірлік штаб отырыстары өтіп тұрады. Соның ішінде Д, Е категорияларындағы адам санын азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер департаменті МӘМС жүйесі бойынша төлемдерді 2022-2023 жылдардан бері мүлдем төлем жасамаған 43 мыңнан аса адамға хабарлама жолданып, борышкерлердің есеп шоттары бұғатталған еді. Өткен айдың нәтижесімен 8 мыңнан астамы қарызын төлеген.
Еске саларлығы, Түркістан облысында биылғы 10 айдың есебімен 42 мың тұрғын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелген екен. Жыл басында 400 мыңнан аса адам МӘМС жүйесімен қамтылмаған болатын. Осы және өзге де атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кезекті штаб отырысында кеңінен талқыланды. Алда тұрған міндеттер пысықталды.
– Өңірдегі МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсету қажет. Осы бойынша арыз-шағымдар келіп жатады. Сонымен қатар ациентті қолдау қызметінің жұмысын күшейту қажет. Жалпы бұл мәселелер өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Аудан, қала әкімдіктері жергілікті жауапты басқармамен бірлесіп, тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізілуді тапсырған болатын. «Апта сайын – 3 пайыз, ай сайын – 12 пайыз» жобасын да қадағалаңыздар. Содан соң аудан, қала деңгейіндегі мобильді топ тұрғындар арасында қате төлемдерді қайтарып алуға байланысты тәртіп түсіндірілуі тиіс, – деді әкім орынбасары.
Жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мен жауапты басқарма басшылығы, медициналық ұйымдар мен аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов өңір халқын МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі атқарылған шаралар туралы баяндама жасады. Аудан, қала әкімдіктері деңгейінде құрылған мобильді топ күнделікті жұмыстарды ұйымдастырып, тұрғындардың мәртебесін анықтау шарасын ұйымдастырып жатқанын атап өтті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшы орынбасары Бауыржан Сатыбалды МӘМС жүйесі үшін төлемдерді өткен жылдарға төлем жасамаған 43 мыңнан аса адамға хабарлама жолданғанын айтты. Мемлекеттік кірістер департаментімен төлемдерді тұрақты төлемегендер борышкерлердің, шаруа қожалықтардың есеп шоттары бұғатталған. Әзірге 8 мыңнан аса азаматтардың қарызы өндірілген. Оның ішінде, 5 мыңға жуық шаруа қожалықтары бар. Қарызды төлемеген борышкерлер саны – 34 710 (80,5%) болса, оның ішінде, шаруа қожалықтар саны – 28 750 (82,8%).
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова отбасының цифрлық картасында Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Осы санаттағы азаматтардың МӘМС жарналарын төлеуді жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысының халқын МӘМС жүйесіне тарту жұмысы тұрақты жалғасып келеді. Өңірде жыл басынан облыстық штабтың 17 отырысы, ал аудан, қалаларда 11 көшпелі жиын өткізілген. 2 миллионнан аса тұрғын облыстағы емханаларға тіркелген. Оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылғандар саны өңір халқының 83%-ын құрап отыр. Сәйкесінше сақтандырылмағандар саны – 350 мың жобасында. Бұл өткен аймен салыстырғанда 23 пайызға азайып отыр.
МӘМС жарнасын уақытылы төлеу — барлық медициналық қызметке қолжетімділік
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының алға қойған міндеттерінің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы – жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлеп, қажетіне қарай медициналық қызмет көрсетілетіндігінде.
Медициналық қызметті алу үшін сала мамандары жарналарды уақытылы төлеуге шақырады. 2024 жылы жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді, ал азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмысшылар МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер 5 950 теңге, ал дербес төлеушілер 4 250 теңге мөлшерінде жарна төлейді. Жарнаны екінші деңгейлі банктердің кез-келген бөлімшесінде, соның ішінде мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар, «Қазпошта» АҚ, «Касса 24» және «Qiwi кошелек» секілді терминалдарды қолдануға болады. Жарна әр айдың 25-не дейін төленуі тиіс.
Мемлекет есебінен МӘМС жарнасы төленетіндер:
1) 18 жасқа дейінгі балалар;
2) Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар;
3) Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) Үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға;
5) Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға;
6) Мүгедек баланы күтіп-бағатын, жұмыс істемейтін адамдар;
7) Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам;
Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
9) Қылмыстық-атқару жүйесінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
10) Тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар;
11) Жұмыс істемейтін қандастар;
12) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар; I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
13) Мүмкіндігі шектеулі жандар;
14) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын тұлғалар;
15) Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
Айта кетейік, егер төлемдер уақытында жасалмаса, азаматтың МӘМС жүйесі алдындағы қарызы жиналады. Қарыз төлемеген күндер санына байланысты өседі. Қайтадан сақтандырылған статусқа ие болу үшін өткен кезеңдердегі барлық қарыздарды толық төлеу керек.
Азаматтардың жедел жәрдемнің келуінің кешігуі туралы көптеген өтініштеріне жауап ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі талдау жүргізіп, жағдайды жақсарту үшін шешімдер ұсынды. Талдау нәтижелері шақыртулардың 50%-дан астамы шұғылдықтың төртінші санатына жататынын көрсетті, бұл емханаларды қоса алғанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының (МСАК) бақылауындағы созылмалы аурулары бар пациенттерге қызмет көрсетуді білдіреді.
Осыған байланысты Министрлік Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандартына және Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер жобасын әзірледі. Өзгерістер кейбір БАҚ дұрыс жеткізбегендей, үйде қызмет көрсетуді тоқтатуды білдірмейді, керісінше медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған.
Дәрігерді үйге шақыртуларды тіркеуге және үйдегі стационарларды ұйымдастыруға қатысты тармақтар құжаттың құрылымын жақсарту үшін жобаның басқа бөліміне ауыстырылды, бірақ олар күшінде қалады. МСАК-тың медицина қызметкерлері алдыңғы стандарттың шеңберінде үйде көмек көрсетуді жалғастырады.
Денсаулық сақтау министрлігі қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың қанағаттанушылығын арттыру үшін медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.