Түркістан облысында жазғы сауықтыру лагерьлерінің кезекті маусымы басталды

Түркістан облысындағы жазғы сауықтыру лагерьлері бірінші ауысымға оқушылар қабылдап үлгерді. Алғашқы онкүндікте жоғарыда аталған лагерьлерде 2464 бала 1 ауысымға қабылданып, сауықтырылуда. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан» сауықтыру лагеріне 8 ауданнан 400 бала, Маятас ауылындағы «Гавая» лагеріне 3 ауданнан 250 бала тегін жіберілді.

Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі лагерьлерде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын оқушылар Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагерьмен қамтылады. Жаз айларында 266 оқушы басқа облыстардағы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тынығады.

Бірінші ауысым 1-10 маусым аралығында, ал екіншісі 12-21 маусым аралығында, сонымен қатар үшінші ауысым 23 маусым мен 2 шілде аралығында жұмыс істейді. Осылайша, биылғы жаз айының алғашқы айында 7 мыңнан астам бала демалады деп күтілуде. Жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Балалар әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін демалса, қалған оқушылар ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерімен тегін қамтылады.

Жалпы, жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 9-ы – мемлекеттік, 22-сі –жекеменшік. 1-3 маусым аралығында 10 лагерь санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсатын алып, жұмыстарын бастады. Олардың қатарында Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан», «Көктөбе-1», «Көктөбе-2», «Қуаныш», «DELVE CAMP», Төлеби ауданындағы «Көктөбе», «Қуаныш», Сайрам ауданындағы «Болашақ», Мақтаарал ауданындағы «Толағай», Шымкент қаласындағы «Гавая» лагерьлері бар.

Барлық 31 маусымдық жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы маусым айына жоспарланған. Маусым айының 10-на дейін 15 жазғы сауықтыру лагері ашылады деп күтілуде. Олар – Бәйдібек ауданындағы «Тау шыңы», Кентау қаласындағы «Urker», Төлеби ауданындағы «Алатау», «Изуми тау», «Тау шыңы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауыл лагері», «Бәйшешек», «Айнабұлақ», Түлкібас ауданында «Отырар», «Лок-Машат», «Арман», Қазығұрт ауданында «Тұрбаза-Қазығұрт», «Мейіржан», Сарыағашта «Балдаурен», Сауран ауданында «Балауса» лагерлері. Қалған 6 лагерь маусым айының 15-не дейін ашылады деп жоспарлануда. Бұған қоса барлық аудандық, қалалық білім бөлімдеріне қарасты мектептерде бір мезгілгі тамақпен 53 мың бала сауықтырылуда.

Жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 350 лагерь және 648 ойын алаңшасы балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім беру шеңберінде тартылады.

Осы тұста тілге тиек етер жайт, «Таза Қазақстан» акциясы бір айлық немесе науқандық іс-шара емес. Бұл – өңір жұртшылығының өмір дағдысына айналуы керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мәжілісте осы мәселе қаралып, өңірдегі тазалық, абаттандыру жұмыстары барысы баяндалды. Сонымен бірге жазғы балалар лагерьлерінің дайындық барысы да пысықталды.

– Санитариялық тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүйеленгенше бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Зерделеңіздер, ұсыныстар беріңіздер. Өзі отырған мемлекеттік мекеме ғимаратын таза ұстай алмайтын басшылар ауылдағы тірлікті жандандыра ала ма? Жазда да тазалық жұмыстары тұрақты жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды оқушылардың жазғы лагерьлерінің дайындығын тағы да тексеріп, талапқа сай етуді тапсырды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының қорытындысына тағы бір тоқталды. Өңірде 5 апталықта абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілді. Бұдан бөлек, науқан аясында 1408 ауқымды іс-шара өтті.

Жалпы акцияға 74 мыңға жуық тұрғын, 2 мыңнан аса мемлекеттік орган, 3 мыңнан аса бизнес өкілі, 5 мыңнан аса ерікті, 1 мыңнан аса жас қатысып, 1669 техникалар сенбіліктерге тартылып, 4 мыңға жуық тонна қоқыс шығарылды. 691 шақырым республикалық жол, 3533 шақырым облыстық деңгейдегі жолдар тазаланды. 60 024 м2 аяқжолдар тазаланып, 1270 аялдама ретке келтірілді. 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелген. 346 саябақтар және скверлер, 302 мыңнан аса жеке үйлердің айналасы ретке келтірілді, 2156 әлеуметтік нысандардың айналасы тазаланды. 60 мың м2 немесе 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланған.

Акция аясындағы атқарылған жұмыстар бұнымен аяқталмайды. Қазіргі таңға, қалалармен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазартудың жыл соңына дейінгі іс-шара жоспары бекітілді. Бұл іс-шарада әр ауданның климаттық ерекшілігі мен орналасуы ескерілген. Сонымен қатар санитарлық тазалау, жолды жайластырудың мазмұны, аялдамаларды ретке келтіру, жарықтандыру желілерінің тіректерін күтіп-ұстау, жолдарды ағымдағы жөндеу, абаттандыру және ойын алаңшаларының элементтерін жөндеу, жасыл желектерді күтіп-ұстау, контейнерлік алаңдарды жөндеу және күтіп ұстау, көгалдандыру, жарықтандыру желілерінің тіректерін күтіп ұстау жұмыстары атқарылмақ. Аталған бағытта 984 іс-шара жоспары дайындалып, 266 жауапты тұлға бекітілген. Тазалық жұмыстарына жауапты мекемелерге жаңа техникалар сатып алу көзделген.

Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандардағы әкімдік ғимараттарының тазалығы, жай-күйі, абаттандырылуы және жазғы демалыс лагерьлерінің дайындығына қатысты жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесін баяндады. Жауапты басшыларға сын-ескертпелер айтылып, жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin