Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр.
Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.
Қазақстандық мақта талшығы сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.
Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Тиімді тұқым себу тәсілін бастаған шаруалар, өзгелерге үлгі көрсетті. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жайқалып өскен жаңа алқаптарды аралады. Сауран ауданының шаруалары қытайлық диқандармен кеңесе отырып, жаңа әдіспен мақта егіп, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
– Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен тәжірибе жинақтау үшін аудан әкімімен бірге жергілікті бизнесмендер жиналып, Қытайға бардық. Сонда сол жақтың фермерлерімен сөйлескен болатынбыз. Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында 130 гектар жерге тамшылатып суару арқылы мақта ектік. Су үнемдейтін жаңа тәсілді басқа шаруалар көріп, таң қалып жатыр. Бұл бұрын сор басып кеткен жер болатын. Мақта егуге болатынына ешкім сенбеген. Бастаманың нәтижесі керемет. Алып – қашпа әңгімелердің бос сөз екеніне көзіміз жетті. Қазақстанда рұқсат етілген тыңайтқыштарды ғана пайдаландық. Бәрі заңды. Әрі қарай осы тәжірибені пайдаланып, алқаптың ауқымын артырамыз деген ойдамыз, – деді Қанат Көшербаев.
Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде.
Сонымен қатар көрші ауданда шетелдік инвестор мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлауда. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын екті. Егістікте жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ал қазақстандықтарды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Түркістан облысының әкімі «Эко—культура» холдингінің президентімен кездесті
Тақырыпқа қатысты маңызды ақпарат, Түркістан облысының Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынып жатыр. Аумағы 500 гектардан асатын кешенде жылына 240 мың тонна көкөніс өсірілмек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан жатқан «Эко-культура» холдингінің президенті Александр Рудаков бастаған инвесторлармен агро саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазір Келес ауданында 51 гектар жерде жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асып жатыр. Ол келер жылы іске қосылады. 7 мың адам жұмыспен қамтылады. Инвестиция көлемі – 524 миллиард теңге.
Келер жылдың басынан бастап жылыжайлар іске қосыла бастайды. Жыл соңында құрылысы толық аяқталып, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. Кездесуде тараптар бірқатар бірлескен жобалаларды талқылады.
Облыс әкімі инвесторларға ауыл шаруашылығымен бірге, индустрия, туризм бағыттары бойынша жаңа жобаларды қолға алуға шақырды. Өңірдегі өндірістік парктерде өндіріс орындарын ашу жолдарын түсіндіріп, егістікті әртараптандыру, ауқымын арттыру, жеміс сақтау қоймаларын салу секілді жаңа жобаларды бастауға шақырды. Сондай-ақ сублимация, яғни консервациялаудың ең жетілдірілген әдістерінің бірін дамытуды ұсынды. Бұл әдіс ешқандай химияны немесе консерванттарды қажет етпейді және қаптаманың түріне байланысты мұздатылған кептірілген өнімдерді ондаған жылдарға сақтауға болады.
– Түркістанға қош келдіңіздер. Бүгінгі кездесуде өздеріңізді өңірімізде өзге де тың жобаларды бастауға шақырамыз. Біз бұл бағытта бірқатар ұсыныстар қоржынын құрдық. Ынтымақтастығымыз өзара тиімді болып, үлкен перспективаларға жол ашып, тұрақты түрде дами беретініне сенімдімін. Түркістан облысы инвестициялық байланыстарды тереңдетіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Атқарып жатқан жұмыстармен бірге, өндірісті дамытуға, терең өңдеу, өндіріс орындарын ашуға қатысты бірқатар қосымша жобаларды ұсынғалы отырмыз. Біз өз тарапымыздан оларды жан-жақты қолдауға дайынбыз. Тұрғындарымызды жергілікті өніммен қамтып, жұмыс орындарын көптеп ашу – біздің басты мақсатымыз. Біз өз тарапымыздан өнімді сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыра аламыз. Сіздердің сұраныстарыңызға сай өзіміздің шаруалар дайын өнімін ұсына алады. Ауыл шаруашылығы саласында көш бастап келетін біздің облыста осы саланы барынша дамытуға мүдделіміз. Біз үшін әрқайсыңыз біздің өңірге пайдасы бар өз бизнесін тапқаны маңызды. Өз тарапымыздан бұл бағыттағы барлық бастамаларға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Дархан Сатыбалды.
– Біз бүгін «Эко-культура» холдингінің барлық басшыларымен бірге келіп отырмыз. Күні кеше ғана келісіп, бүгін кездесіп отырғанымызға қуыныштымыз. Екі жақтың да көздегені бір. Бізге жан-жақты қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамыз. Сөзді іспен дәлелдеп жатқаныңыз қуантады. Инфрақұрылым уақытынан бұрын дайын болды. Әрі қарай бірге еңбек ететінімізге сенемін. Келес ауданындағы жобамыз алдағы ақпан айында іске қосыла бастайды. Жұмысшыларды қабылдап, барлық әлеуметтік қолдау көрсетеміз. 2025 жылдың аяғында құрылыс толық аяқталып, ауқымды жұмысты бастаймыз. Біз байлыққа кенелу үшін емес, инвестиция құйып, жұмыс орындарын барынша ашу үшін келдік. Оны орындауға күш саламыз. Жаңа идеяларыңыз, тың жобаларыңыз үшін алғыс айтамыз. Нақты сұранысқа ие жеміс-жидек, көкөністің ассортиментін арттыруға дайынбыз. Жергелікті нарықты қамтып қана қоймай, Ресей, Дубай, Қытайға экспорттай аламыз. Жаңа жобаларды жүзеге асыру бағыттарын әлі нақтылап, бірлесе жүзеге асыруға күшімізді саламыз, — деді «Эко-культура» холдингінің президенті Александр Рудаков.
Талқылау қорытындысы бойынша тараптар айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің пысықталатынын атап өтті. Түркістан облысы – республика халқын жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде жылыжай кешеніндегі қызанақ, қиярмен қамтамасыз ететін негізгі өңір. Облыста 2 мың гектар алқапта 3 мыңнан астам жылыжай бар немесе республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы орналасқан. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Осы салаға тартылған инвестиция көлемі 7 есе ұлғайды.
«ЭКО-культура» — 13 жыл бойы тұрақты дамып келе жатқан, жабық топырақта экологиялық таза көкөніс өсіретін ірі агроөнеркәсіптік холдингтің бірі. Бір жыл ішінде өндірген өнім көлемі 300 мың тоннадан асады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.