Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға 19 миллион теңге айыппұл салынды

Жыл басынан бері Түркістан облысы аумағында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 11 дерегі анықталған. Ал облыстың барлық аудан, қалаларында жалпы 272 рейдтік жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 218 жүк көлігі айыптұраққа қойылып, 19 110 900 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен Түркістан облысы аумағындағы жер қойнауын пайдану мәселелері бойынша мәжілісте мәлім болды.

Жиынға Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Жер қатынастары басқармасы мен Облыстық полиция департаменті, Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және облыс бойынша Экология департаментінің басшылық құрамы қатысты. Сондай-ақ аудан қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары онлайн байланыс арқылы қатысты.

Жалпы, облыс аумағында жер қойнауын заңсыз қазып жатқандарға қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта биыл 28 мамырда «Түркістан облысы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары» бекітілген. Іс-шара жоспары аясында тұрақты түрде жұмыстар атқарылып келеді.

2023 жылы маркшейдер маманы тарапынан облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жалпы 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, кен орындары аумақтарынан тыс қазылғаны белгілі болған.

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жүргізу туралы бұйрығына сәйкес, Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы ретте, 14 жер қойнауын пайдаланушы облыстық бюджетке 9.2 миллион теңге өтеді және жер қойнауын өндіру аумақтарынан тыс қазылған аумақтарды қайта қалпына келтіру бойынша кепілхат берді.

Ал маркешейдер қорытындысымен келіспеген жер қойнауын пайдалануышы компаниялардан келтірілген залал шығындарын сот арқылы өндірту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда, 32 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты компаниялардың тіркелген аумақтары бойынша экономикалық сотқа талап арыз жолданды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 195 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан.

Расын айту керек, Түркістан облысында заңсыз карьер қазушыларға қарсы күрес күшейтіле түсті.

– Жұмысын заңсыз жүзеге асырып, карьерлерді қазып жүргендерге қарсы қатаң шаралар қабылдануы тиіс. Өзен арналарына зақым келтіру, жолдарды бүлдіру оқиғалары тіркелді. Бейжай қарап отыруға болмайды. Заң аясында жауапкершілікке тарту керек. Екіншіден, жауапты басқарма жер қойнауын пайдаланушыларға лицензия берерде олардың міндеттерін түсіндірсін. Кәсіпкерлер өз міндеттемелерін толық орындаулары қажет. Келісімшарт жасалып қойған кәсіпкерлерге де талапты күшейткен дұрыс, – дейді Дархан Сатыбалды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, өңірде 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 91 лицензия негізінде жұмыс істейді. Карьерлердің басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан.

Облыс әкімінің заңсыз жер пайдаланушыларға қарсы күресті күшейту тапсырмасымен келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 9 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын және 7 келісімшарттың қолданысы уақытша тоқтатылды.

Сонымен қатар заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында басқарма 2023 жылы Түркістан облысының мамандандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және Полиция департаментімен бірлесе іс-шара жоспарын бекітіп, алгоритмге сәйкес аудан, қала әкімдіктерімен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Нәтижесінде аудан, қалаларда жалпы 461 рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, 276 техника айыптұраққа қойылған. 31,8 миллион теңге айыппұл өндірілген.

Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков Түркістан облысы Полиция департаментімен жер қойнауын өз бетінше пайдаланушыларды анықтау бағытында бірлескен мобильді топтар құрылып, жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар ұдайы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

2023 жылы жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша жалпы 291 хабарлама тіркелген, 2024 жыл басынан 15 хабарлама тіркеліп, олар бойынша әкімшілік шара көріліп, жауапқа тартылған.

Экология департаментімен 291 дерек бойынша шара көріліп, 2 миллион 594 мың 804 теңге айыппұл салынған, 1 миллион 565 мың 707 теңге өндірілген. Техникалар айыптұраққа қойылған.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 334-бабымен (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) жалпы 15 іс тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық істер бойынша Алматы қаласы бойынша «Сот сараптама институты» ММ-нен қорытындылар күтілуде.

Айта кетейік, өткен жылы ҚР ІІМ арқылы Қылмыстық кодексінің 334-бабына өзгерістер енгізу жайлы ұсыныс жолданып, ол қолдау тауып, заңға өзгерістер енгізілді. Онда қылмыстық жауаптылық туындайтын залал мөлшері 1 мыңнан 100 айлық есептік көрсеткішке азайтылды. Құқық бұзушылық үшін жаза қатаңдатылды және пайдаланған техникаларды тәркілеу қарастырылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin