Түркістанға Венгрия мемлекетінен делегация келді. Оларды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, келіссөз жүргізді. Әріптестік орнатуға, жобаларға қолдау көрсетуге дайын әрі жаңа жұмыс орындарын көбейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Алты жыл бұрын Түркістан облысы құрылды. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталатын. Түркістан қаласы жаңа облыс орталығы болып бекітіліп, шаһардың жаңа дәуірі басталды. Біздің өңір тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы – басым бағыттардың бірі. Венгрияның үздік тәжірибелерін айналымға енгізуге, әріптестік орнатуға дайынбыз. Венгрия – біз үшін бауырлар әрі серіктес ел, – деді Дархан Сатыбалды.
Венгрияның Алматыдағы бас консулы Саболч Карой Сёке екі мемлекет арасындағы достық және экономикалық байланыс өте жоғары деңгейде екенін айта келе Венгрия инвесторларын Қазақстанға шақыруға, көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Ал «UBM GROUP» компаниясының бас директоры Хорват Петер жылы қарсы алған өңір басшысына алғысын білдірді.
– Біз Түркістан облысы аумағынан заманауи үлгідегі құрама жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – ауыл шаруашылығының дамуына серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұдан өзге де жобалар бойынша әріптестік орнатып, талқылауға дайынбыз, – деді Венгрия инвесторы.
Айта кетейік, 1996 жылы құрылған «UBM Group» компаниялар желісі – Венгриядағы жетекші жем өндіруші. Жылына 450 мың тонна өнім шығарады. 4 құрама жем зауыты бар, Венгриядағы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ең ірі трейдерлерінің бірі. Астық, майлы дақылдар саудасының айналымы – жылына 1,5 миллион тонна. Өнімдерін 15 елге экспорттайды.
Алдағы уақытта Венгрия инвесторы Түркістан облысы аумағынан құрама жем зауытының құрылысын бастамақ. Осы бағытта жұмыстар жүргізіледі.
Атап өтерлігі, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты тауар айналымының өсімінің көлемі, қазақстандық статистика бойынша, 2023 жылы 187,6 миллион АҚШ долларын құрады (өсім 8,9%).
Мажарстан тарапы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті және Қазақстанды Мажарстанның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі санайды.
Тараптар ұдайы басым бірлескен іскерлік жобалардың тізбесін жаңартып, экономиканың нақты секторларында (оның ішінде энергетика, ауыл шаруашылығы, банк ісі) өзара іс-қимылды нығайту туралы келісімге қол жеткізіп келеді.
2024 жылдың екінші жартысында ЕО Кеңесіне Мажарстанның алдағы төрағалығын ескере отырып, Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығына баса назар аударылды деген сенімдеміз.
2005 жылдан бастап Мажарстаннан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 320 миллион АҚШ долларын құрады.
Қазақстанда Мажарстанның қатысуымен 29 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер және 41 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Мажарстанның ЖОО-да бір мыңға жуық қазақ жастары білім алады. Осы мақсатта Мажарстан тарапынан жыл сайын 250 грант бөлінеді.
Былтыр Қазақстан Республикасы Венгрия мемлекетіне ферроқорытпаларды жеткізе бастап, балық филесінің экспортын екі есе ұлғайтты.
Қазақстан Венгриядан ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауға және бастыруға арналған машиналар мен механизмдерді, телефон аппараттарын, инсектицидтерді, гербицидтерді және дәрі-дәрмектерді импорттайды.
Қазақстан экономикасындағы ең ірі Венгрия инвесторы «MOL» мұнай-газ компаниясы болып табылады. Сондай-ақ, бұл компания басқа инвесторлармен бірлесіп, Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Рожковское» кен орнын игерумен айналысады.
Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Венгрия үкіметаралық комиссиясының сегізінші отырысы барысында венгриялық «Globália Kft.» компаниясы Түркістан облысында күн электр станцияларын салуды жоспарлағанын, ал «Rex-San» медициналық компаниясы медициналық бұйымдар өндірісін құруға мүдделі екені белгілі болды.
«Infoware» энергетикалық компаниясы электр жабдықтарын өндіруге және Қазақстанның қажеттіліктерін ескере отырып, энергетикалық жобаларға қатысуға қызығушылық танытты.
Орайы келгенде екі мемлекеттік тамыры түйісетін тарих қойнауына да шолу жасай өтсек, Мажарстан (Венгрия) Альпі, Карпат және Динар тауларының аралығында орналасқан. Жерінің тең жартысын Үлкен Орта Дунай ойпаты алып жатыр. Мажарстанның басты өзені — Дунай елдің бел ортасынан басып өтеді. Мажарстан – Еуропаның орталығында орналасқан, Аустрия, Словакия, Украина, Румыния, Хорватия мемлекеттерімен шектеседі. Астанасы – Будапешт. Халқының 90%-дан астамы — мажарлар. Қалғандарын алман, серб, хорват, румын, еврей, тағы да басқа халық өкілдері құрайды. Мемлекеттік тілі – мажар (мадьяр) тілі. Тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің католиктік (70%) және протестанттық (25%) тармағын ұстанады.
Орта Дунай жазығында орналасқандықтан, жерінің 60%-дан астам бөлігін жазық, қалған бөлігін таулы қырат алып жатыр. Жазық жерлері ауыл шаруашылығына қолайлы, таулы аймақтары қалың орманды. Қазіргі Мажарстан жерін біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта сақтар және кельт, иллирий, фракия үндіеуропалық тайпалары қоныстанған. Кейінірек герман, ғұн, авар тайпалары ағылып келіп, осы жерден Батыс Рим империясына шабуылдар жасаған. Бұл өңірде 430 жылы Аттила (Еділ) патша бастаған Батыс Ғұн мемлекеті құрылып, ол ыдырағаннан кейін Баян хан бастаған аварлар билігі салтанат құрды. 895 жылы Арпад патшаның басшылығымен мажарлардың (мажарлар) жеті тайпасы көшіп келіп, қоныстанды. Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрды. Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде (1237-46) көптеген қыпшақ тайпалары Мажарстанға келіп, қоныс теуіп қалды. 1301 жылы Арпад әулеті биліктен кетіп, өкімет басына Анжу әулеті келді. Олар 1335 жылы чех, поляк корольдерімен бірігіп, саяси-сауда одағын құрды. 1372 жылы Пешт қаласында университет ашылды. 16-шы ғасырдың бас кезінде елдегі бытыраңқылық салдары Мажарстанның әлсіреуіне әкеп соқты. Осман сұлтандығы мұнда 1526-1686 жылдары өз биліктерін орнатты.
Мажарстанның тұрғылықты халқы өздерін «Мадиярлармыз» деп атайды. Осы мажарлық мадиярлардың қазіргі мекендеп жатқан Еуропа аумағына ұлы даладан келгендігі жəне олар қайсібір заманда сонда көшіп-қонған халықтың бір бөлігі болғандығы жайында тарихи, мұрағаттық деректер мен аңыздар көп. Мажар аңыздарындағы ғұндарға байланысты оқиғалар мажарлардың шығыспен байланысының сонау ерте заманда басталғанын, Мажарлардың Азиядан Еуропаға 896 жылы қоныс аударғанын баяндайды.
Мадиярлар Қазақстанды өздерінің ата-жұрты деп санайды. ІХ ғасырда қыпшақ деген атпен белгілі болған халық ХIII ғасырдың басында Мажарстанға қоныс аударады. Көтен хан (Котян) ІV Белаға елшілерін жіберіп, Мажарстанға халқымен көшіп баруға рұқсат сұрайды. Рұқсат алған соң, 1239-40 жылдары қоластындағы 40 мың (кейбір деректерде 60 мың) халқымен көшеді. Еркін көшіп-қонуға, ескі салттары бойынша өмір сүруге лайық аумақтарға, жазық далалы жерлерге қоныстанады. Түгелдей отырықшы болуларына жүз жыл кетеді, ал тілдері, Иштван Мандоки Қоңырдың айтуынша, ХVІІ ғасырдың аяғына дейін сақталады. Күні бүгінге дейін Мажарстандағы Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. Қарсақ қаласы – Ұлы Қыпшақ жерінің жүрегі. Біздегі әйгілі «Қарсақбай кен орны» атауын еске алыңыз.
Мадиярлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы пікірлер ХІХ ғасырда жергілікті газет беттерінде жариялана бастайды. 1835 жылы Шамуель Брашшаидың «Қырғыз-қазақтар» атты еңбегі жарық көреді. Кейін де мадияр ғалымдарының қазақ еліне, жеріне байланысты еңбектері жарық көре бастайды. Солардың арасында Дьердь Алмашидің есімі көзге ерекше түседі. 1900 жылы Қазақ жеріне жасаған саяхаты нəтижесінде «Азия жүрегіне саяхатым» атты еңбегі жарық көреді. Кітабында Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, шаруашылығы, сауда-саттығы, əдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қолөнері, ауыз əдебиеті туралы мол мағлұмат келтіреді. ХХ ғасырда белгілі мажар ғалымы, антрополог Тибор Тот өзінің ғылыми еңбектерінде екі елдегі руларды, қазақтар мен мадиярлар (мажар) арасындағы туыстық байланыстарды жан-жақты зерттеуді бастағанымен, бұл ғылыми мұрасын саяси себептерге байланысты жалғастыра алмайды. Ал Андрош Биро мұны ғылыми дəрежеге көтереді. 2006 жылы Андроштың жетекшілігімен, Қостанай облысында қазақ-мажар бірлескен антропологиялық экспедициясы Торғай өңірінде тұратын қазақтар мен мадияр руы өкілдері арасындағы генеологиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалады. ДНК үлгілері алынып, ғасырлар бойы өзгермейтін жəне генетикалық ақпаратты сақтайтын Ү хромосомдарына талдау жүргізіледі. Нəтижесінде мажарлық мадиярлар мен қазақтардың арасындағы туыстық қатынас толығымен дəлелденеді. Ал Иштван Мандоки Қоңыр «Күн тілінің Мажарстандағы ескерткіші» (1993 жылы) атты еңбегінде мажар тіліндегі кейбір сөздер мен қазақ тіліндегі сөздердің ұқсастығын келтіреді. Мысалы: арқан – arkany, ұнтақ – ontak, шолақ – csollak, қанжыға – kangyik, пышақ – bicska т.т. болып кете береді.
Келтірілген деректер Қазақтың рулық шежіресімен де толықтай сәйкес келеді.
МАДИЯР – таза қазақи атау. Ад, Мад, Ади, Мади, Ар (яр), Дияр деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі – Ад (қарашаңырағы Адай). Арғы тегі ежелгі Маңғыстаудың МАД (Ман Адай) патшалығы. Ал, олардың өздерін қыпшақпыз дейтіндеріне келсек, Қыпшақ пен Қазақ синоним сөздер болып табылады. Шындығында, Қыпшақтар Қазақтың ұрпағы. Олар өздерін Мажарлар деп те атайды. Ма (Ман) жар (жары), Аж (Аз), Ар деген біріккен сөздерден тұрады.
Мажар олардың рулық атауы. Толық мағынасы Маңғыстаулық Жарылар деген сөз. Жары руы Қазақтың Адайының кенжесі (қарашаңырағы) Мұңалдан тарайды (Адайдың шежіре дерегінен).
Қазіргі Каспий мен Аралдың арасындағы Мұңалжары (Мугаджар) тауы, Шыңғыстаудың (Шыңғыс ханның атына қойылған) ең биік жері Мұңал шыңы, Алтайдың арғы шегіндегі Мұңал даласы (қазіргі Монғолия), көптеген әлем елдеріндегі Жары атты жерлер мен елдер (мысалы, Жаркент (Жары кенті), Жарсу (Жары суы), Жарбұлақ (Жары бұлағы), Жарқұдық (Жары құдығы) т.т. солардан қалды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.