Түркістан облысында кезекті жылыту маусымына дайындық басталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы мәселеге жауапты басшыларды жинап, тиісті тапсырмалар берді. Мәжілісте өңірге көмір жеткізу бағытындағы жұмыстар туралы есеп беріліп, жоспарлар жасалды.
– Жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болмауы тиіс. Мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуы қадағалансын. Тасымалдаушы компаниялармен келісімді ерте жасап, тасымалды жеделдетіңіздер. 1 қыркүйекке дейін білім ұялары көмірмен қатылуы қажет. Әр аудан, қала әкімі жылыту маусымына дайындықты қатаң қадағалап, тиісті жұмыстарды уақтылы атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтың айтуынша, 2024-2025 жылдарға арналған көмірмен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Өңірдің жалпы қажеттілігі – 778 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104,5 мың тонна болса, жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна, жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна, жылыжайларға 282,9 мың тонна көмір қажет. Мамыр мен шілде аралығында 88,2 мың тонна көмір жеткізілген.
Облыста елді мекендерді газбен қамту, бюджеттік мекемелерді, білім ұяларының қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары қарқынды. Соның нәтижесінде биыл тұрғындардың көмірді тұтыну көлемі 82 мың тоннаға төмендесе, бюджеттік мекемелердің көмірді тұтыну көлемі 36 мың тоннаға төмендеген.
Әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау, қажетті көмірді тасымалдау жұмыстары жалғасады.
Естеріңізде болса, Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов 25 маусымда Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындықты сынға алған-ды. Сондай-ақ, ол жылу желілері бойынша дайындығы төмен өңірлерді атады. Ол алдағы жылыту маусымына дайындық ағымдағы жазғы кезеңдегі ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Маусым айы аяқталып қалса да, жылумен жабдықтау нысандарын дайындауда шикіліктер бар. Бұл жылу көздеріндегі негізгі жабдықты жөндеу мерзімдерін сақтамау үрдісін растайды. Мысалы, Екібастұз Жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары әлі басталмай тұр, кестеден артта қалу – 2 ай. Тараз, Жезқазған және басқа өңірлердегі жылу көздерін жаңғырту бойынша да мерзімдер кешіктірілді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының төмен қарқыны байқалады. Бұған қоса, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мүмкіндігін жеткіліксіз пайдалану мәселесіне назар аударылды. Елімізде инженерлік коммуникацияларды жөндеу жұмыстары республикалық бюджет қаражаты есебінен ғана жүргізіліп отыр.
Олжас Бектенов бірінші вице-премьер Роман Склярға жергілікті жерлерде жылу беру кезеңіне дайындық барысын бақылауды тапсырды.
«Роман Васильевич, жалпы жергілікті жерлерде шұғыл шешімдер мен барынша қатаң шараларды қабылдаңыз. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.
Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен желілеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту, барлық жылу-электр орталықтары мен қазандықтарды 1 қыркүйекке дейін отынмен қамтамасыз ету тапсырылды.
15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның жаңа жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету қаже
Сондай-ақ, ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2024 жылғы 25 маусымдағы Үкімет отырысында еліміздің энергия өндіруші ұйымдарының отынға қарызының көлемін мәлімдеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.