Биылғы әскерге шақырудың екінші кезеңі басталды. Жыл сайын әскерге шақырылатын жастар саны артып келеді. Айталық, көктемгі шақыртуда Түркістан облысынан 2500-ге жуық азамат әскерге кетті. 2 мыңнан астам жас күзгі маусымға шақыртылады деп жоспарланып отыр. Бүгін 2024 жылдың күзінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға даярлаудың негізгі мәселелері қаралып, көктемгі шақыру науқаны қорытындыланды.
Облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы, Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің орынбасарлары мен ТЖД, Ұлттық ұлан, Шекара қызметінің өкілдері және бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиында қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардың өкілдері өз бөлімдеріне әскерге шақырылушыларды іріктеу тәртібі мен оларды жасақтау жайында баяндады. Облыс әкімінің орынбасары жұмысты нашар ұйымдастырған аудан, қалалардағы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
— Аталған жұмыстарға жауапты сала мамандары әскери қызметке шақыру барысын қадағалауды күшейту керек. Азаматтардың шақырту комиссиясының отырыстарына келуін қамтамасыз ету үшін барлық шаралар көріліп, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылсын. Сондай-ақ Түркістан облысы бойынша 2024 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанына азаматтарды іріктеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар мәселесіне қатысты тиісті шаралар қолға алынуы қажет, — деді Бейсенбай Тәжібаев.
Өңірде жұмыссыз жүрген жастарды мүмкіндігінше әскерге баулу мақсатында жұмыстар қолға алынған. Жастарды әскери оқуға жіберу бойынша жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлануда. Оған қоса жастарды отаншылдыққа, әскери бағытта тәрбиелеу, мемлекеттік органдардың азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына қатысты мәселелер қозғалды.
Жиын барысында Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаев әскерге шақыру бойынша өз ұсыныстарын жеткізіп, бұл жұмыстардың үздіксіз жүргізілетінін айтты.
Цифрландыру бағдарламасы аясында қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты режимде жүзеге асырылады.
Цифрландыру дегеннен шығады, Түркістан қаласының қоғамдық көліктеріне заманауи талаптарға сай барлық жағдай жасалынып келеді. Атап айтқанда, автобустарда төлем жасаудың онлайн әдісін жүзеге асыратын «AlemPay» электронды төлем жүйесі қолданысқа енгізілген.
Енді шаһарда «AlemPay» төлем картасын сатып алу арқылы мектеп оқушылары жол ақысының 50%-ын ғана төлей алады. Яғни 7 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары карта арқылы автобус жол ақысының жартысын ғана төлеу мүмкіндігіне ие болады.
«AlemРay» төлем карталарын Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базары аялдамасынан және «Қуаныш» базары кеңсе тауарлары павильонындағы (№52) сауда нүктелерінен алуға болады.
Картаны банк қосымшалары немесе Киви терминалы арқылы толтыра аласыз. Ал дайын картаны 2505 нөміріне тіркеп, жол ақысын төлеуге болады. Қолма-қол 100 теңге, «AlemРay»-мен 70 теңге, ал мектеп оқушылары үшін жол ақысы 35 теңгені құрайды.
Қазіргі таңда шаһардағы жекелеген санаттағы азаматтардың қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі бойынша жаңа жоба әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданды. Егер қолдау тапқан жағдайда жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 22 бағытта қатынайтын 190-ға жуық қоғамдық көлік тұрақты түрде қызмет көрсетуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.