Түркістан облысында мал шаруашылығы бойынша 265 жоба, егін шаруашылығы бойынша 146 жоба қолдау тапты

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің басшысы Сапаралы Құрбанов мәлімдеді.

Сапаралы Әділханұлының сөзінше, аталмыш орталықтың аудан, қалаларда орналасқан бөлімдері халыққа өз қызметін «бір терезе» қағидасы арқылы көрсетіп отыр. Онда орталық мамандары кәсіпкерлікті қолдауға арналған барлық мемлекеттік бағдарламалар, қаржылық институттардың қаржыландыру шарттары және рұқсат құжаттарын алу кеңестерін береді. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау және жобаларды қаржыландыру, мемлекеттік бағдарламалармен қоса бизнестің дамуына ең қолайлы орта жасау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

– Орталық қызметкерлері кәсіпкерлерді қаржыландыру немесе мемлекеттік қолдау алу барысында жобалары бойынша бизнес-жоспар әзірлеу қызметін де көрсетеді. Оларды жүзеге асыру сүйемелденеді. Бұдан бөлек, мамандармен ең тиімді қаржыландыру көздерін анықтау қызметтері көрсетіледі. Бұл қызмет түрі Түркістан қаласы және аудан, қалаларда халық тарапынан үлкен сұранысқа ие. Себебі кез келген қаржы мекемесінен кәсіпкерлікке қаржыландыру барысында бизнес-жоспар талап етіледі. 2023 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 538 жоба сүйемелденіп, 4 миллиард 70 миллион теңге көлемінде қаржыландырылды. Атап айтсақ, мал шаруашылығы — 265 жоба, егін шаруашылығы — 146 жоба, өндіріс саласы — 3 жоба, қызмет көрсету — 58 жоба, айналым қаражаты бойынша 66 жоба біздің тарапымыздан қолдау тапты, — деді Сапаралы Әділханұлы.

Брифинг барысында орталық басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Аталмыш орталықтың тарапынан келесідей рұқсат құжаттарын алуға көмек беріледі:

—    Жер комиссиясының қорытындысын алу;

—    Жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту;

—    Жер теліміне құқық алу (сатып алу, жалға алу), қосымша жер алу;

—    Жер телімін сатып алу;

—    Жер сатып алу және жалға алу туралы үлгілік шарт алу;

—    Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алу;

—    Электр жүйесін жабдықтауға техникалық шарт алу;

—    Сумен жабдықтауға техникалық шарт алу;

—    Газбен жабдықтауға техникалық шарт алу;

—    Құрылыс монтаж жұмыстары басталғандығы туралы хабарлама жіберу; 

—    Жер теліміне сәйкестендіру актісін рәсімдеу және қайта рәсімдеу;

—    Қала құрылыстық қорытындысын алу;

—    Жылжымайтын мүлікке техникалық төлқұжат алу;

—    Жер телімінің жалға алу мерзімін ұзарту;

—    Мекен-жай тіркелімін алу;

—    Жылжымайтын мүлікті тіркеу;

—    Кадастрлық жоспар алу;

—    Бағалау актісін алу.

Айта кетсек, кәсіп бастауға ниетті азаматтар орталыққа келіп жүгіне алады. Мекенжайы Түркістан қаласы, Қожанов көшесі 47 үйде орналасқан. Сондай-ақ, өңірдің барлық аудан, қалаларында бөлімдері жұмыс істейді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.