Түркістан облысында мал шаруашылығы бойынша ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады

Түркістан өңірлік инвестициялық штабының кезекті отырысында бірнеше жаңа жоба талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында кәсіпкерлер тарапынан инвестциялық жобалар ұсынылды. Оларды жүзеге асыру және мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі талқыланды.

«Бес Қара» ЖШС Сарыағаш ауданында 4 ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті. Құс етін дайындау және сою бекеті жобасының құны – 700 миллион теңге. 25 адам жұмыспен қамтылады. Жоба басталып кетті. Қазіргі таңда жаңа құрылғыларды сынақтан өткізіп жатыр. Ал ірі қара мал үшін бордақылау алаңын 2500 басқа кеңейту жобасы биыл күзде жүзеге аспақ. Жоба бойынша жер анықталып, құрылысы басталған. Аталған инвестор мұнымен тоқтамай, 20 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын да салмақ. Жоба құны – 500 миллион теңге. Жоба 2024 жылға қарай жүзеге асады. Сонымен бірге «Бес Қара» ЖШС арнайы мал сою бекетін ашып, етті шетелге экспорттамақ.

Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасында мал шаруашылығын дамыту (ет, сүт, құс шаруашылығын дамыту) бойынша нақты меже белгіленіп, жоспар жасалған. Тарқатып айтсақ, мал шаруашылығын дамытуда мал мен құс басын арттырумен қатар, 1000 бастан жоғары 38 бірлік ірі бордақылау алаңын ашып, жалпы 126,2 мың басқа бордақылау алаңдарын құру есебінен, сиыр етімен облыс халқын қамтамасыз ету көлемін 120,1 %-дан, 173,9 %-ға ұлғайтуға қол жеткізіледі. Ал республика халқын қамтамасыз ету көлемі 13,3 %-дан 20 %-ға жетеді.

200 бастан жоғары 68 бірлік тауарлы сүт фермасын 26,0 мың басқа құру есебінен сүт өндірісі қосымша 98,3 мың тоннаға ұлғайтылады.  

Сонымен қатар, құс шаруашылығында 5000 бастан жоғары 365 бірлік отбасылық құс фермасын, 18 бірлік құс фабрикасын ашу есебінен, облыс халқын құс етімен қамтамасыз ету көлемін 11,6 %-дан 45% -ға,  жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемін 45 %-дан – 60 %-ға жеткізілетін болады.

Сонымен қатар мақта кластерін дамыту бойынша да бірқатар қадамдар жасалмақ. Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді болып отыр. Елде мақта талшығын терең өңдейтін 3 кәсіпорын бар («Azala Textile» ЖШС, «Azala Cotton» ЖШС, «Ютекс-KZ» АҚ). Бүгінгі таңда тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді, облыста өндірілген мақта талшығының 18 %-ға жуығы қайта өңделеді. Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу көзделуде.

Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.

Қазіргі таңда, жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгізілді. 

Инвестштаб отырысында Өзбекстанның «GLOBAL TEXTILE» компаниясының басшылығының да ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Өңір басшысы жобаны жылдамырақ жүзеге асыру қажет екенін жеткізді.

– Бізге әрбір инвестициялық жоба маңызды. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар бұл бағытта жұмысты тоқтатпауы керек. Бүгін ұсынылған жобаларға қолдау көрсетіледі. Бюрократиялық кедергілерге жол жоқ. Кәсіпорын ашатын арнайы орындарды табу, келісімшарттар жасауда барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Тоқыма кластері бойынша жұмысты жылдамдатқан жөн. Ешқандай кедергі жоқ, мәселелер болса, талқылауға дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Биыл Мақтаарал ауданында «Global Textile Turkistan» ЖШС кеңсесінің ресми ашылуы жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданының фермерлерімен 15 гектарға «Наманган-77» шитін егу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Ал «Ет Агро Манкент» компаниясы Сайрам ауданынан 5000 басқа арналған бордақылау алаңын, етті терең өңдеу кешенін, сою бекетін салмақ. Жобаның құны – 6 000 миллион теңге. 100 жұмыс орны ашылмақ. Жер, несие және газбен қамту мәселесі бар. Бұл мәселелер бақылауға алынды.

Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов Инвестициялық штабта берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді. Облыс әкімі осы салада міндетін дұрыс атқара алмай отырған бірнеше әкімге сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.

Инвестициялық штаб отырысында өңірдегі 9 индустриалды аймақтың жай-күйі сарапталып, мәселелері тыңдалды. Облыстағы арнайы экономикалық аймақты кеңейту және инфрақұрылым желісін жақсарту құрылысының жағдайы сарапталды. Сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеуіндегі жобалардың жағдайы мәлімделді. Осы салаларға жауапты басшылардың есептері тыңдалып, кемшіліктер екшелді. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша мәліметтері де талқыланды.

Түркістан облысында жалпы саны 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олардың аумағы 538 гектарды құрайды. Оның ішінде қазіргі таңда 6 индустриалды аймақта: Түркістан, Кентау, Созақ, ҚТИА-Бадам, Мақтаарал, Қазығұртта инвестициялық жобалар орналасқан. Сонымен қатар биыл Жетісайда индустриалды аймақ ашу жоспары талқыланған болатын. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақтарды көбейту бойынша тапсырмасы аясында облыстағы аудан және қалалардың мүмкіндіктері зерделенуде. Осы орайда, Жетісай ауданында «Жетісай» индустриалды аймағын» ашу ұсынысы жан-жақты қаралды. Бұл туралы «Turkistan» Индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында талқыланды. Аудан басшысы Серік Мамытов индустриалды аймақ ашу – өнеркәсіп саласы дамыған аудан үшін маңызды шешім екенін атап өтіп, жалпы аумағы 50 гектар жерде ашу мүмкіндік бар екенін жеткізді. Индустриалды аймақ ашылған жағдайда, Жетісай ауданындағы өнімдер шығаратын өндіріс орындары бір аумаққа орналастырып, компания тарапынан көрсетілетін қызметтерге жүгіне алады. Атап айтқанда, дайын ғимарат сатып алуға немесе бос жерлерді жалға алып, толықтай жүргізілген инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта қаржылық-экономикалық тиімділігі анықталып, облысқа ұсынылатын болады. Жетісай ауданы егістік бойынша, оның ішінде жеңіл және мақта өнеркәсібі, дәнді дақылдар өсіруде алдыңғы орында тұр. Жалпы, кәсіпкерлік саласында Жетісайдың 70%-ы агроөнеркәсіп болып саналады.

– Облыстағы индустриалды аймақтардың бәріне ревизия жасалып, мәселелері түгел зерделенсін. Бұл түйткілді шешу керек. Индустриалды аймақтарға жанашырлықпен және жауапкершілікпен қараған жөн. Әрбіріңіз әртүрлі сылтау айтасыздар. Инвесторларға жағдай жасап, кәсіпорындарды көбейту – ортақ міндет. Жаңа жобалар, ізденістер аз. Жұмысты ширатыңыздар. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша халыққа нақты көмек көрсетіп, сүйемелдеу керек, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берді.

Инвестициялық штаб отырысында ұсынылған жобалар мен тапсырмалардың орындалуы бойынша әр аптада есеп беріліп тұрады. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы облыс әкімінің тікелей қадағалауына алынған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.