Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді. Осы жобаны талқылау және сарапшылар мен мамандар пікірін білу мақсатында мәжіліс өткізілді. Жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін жеткізді.
– Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы, мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында өңірдегі мақта шаруашылығының ірі кәсіпкерлері, қаржылық ұйым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары мен ғалымдар өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Ең алдымен мақта сұрпының сапасын жақсарту керектігін жеткізді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Жәнібеков облыста мақта-тоқыма кластерін құру бағытындағы жоспарға тоқталды. Облыс әкімінің тапсырмасымен осы бағытта арнайы тұжырымдаманың жобасы әзірленген. Мақсаты – мақта шаруашылығын әртараптандыру, мақта-тоқыма кешені кәсіпорындарын дамыту және 2027 жылға дейін тоқыма өнеркәсібінің бәсекеге қабілетті өнімін алу. Шитті мақта өсіруден бастап, жоғары сапалы өнім шығаратын 75 кәсіпорын ашу, 9 кластер құру көзделген. 41 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Мата, май, киім және мақтадан өзге де өнімдер шығару мақсаты да қойылған.
Әлбетте, Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынатыны – өте керемет жаңалық! Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге де басымдық берілмекші. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ. Естеріңізде болса, осы саладағы өзекті мәселелер өңірге биыл ақпан айында жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланған болатын.
Серік Жұманғарин өңірді өнеркәсіптік дамыту жобаларымен танысты. Жақын арада Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара және Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу жоспарланып отырғаны айтылды.
Нәтижесінде мақта талшығын терең өңдеу көлемі 17 мыңнан 66 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Мақтаарал ауданында 5 жыл ішінде мақта-тоқыма кешені құрылады, оның ішінде мақта өңдеу зауыты, логистикалық хаб, трикотаж өндірісі, бояу және әрлеу және тігін фабрикалары салынады. Облыстың осы ауданында келер жылы мақта жіп және иірілген жіп өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Ал биыл «Turkistan» индустриялық аймағы базасында шұлық бұйымдары мен костюмдер шығаратын кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын және сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс — көкөніс комбинатын салу жұмыстары қолға алынды. Жоба құны 25,5 миллиард теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады.
Түркістан өңірі – Қазақстанда мақта өсіретін және жылыжай шаруашылықтары ең көп шоғырланған жалғыз аймақ. Жалпы ауданы 844 гектар республикадағы жылыжайлардың 67%-ы оған тиесілі.
Жыл сайын өңірде 300 мың тоннадан астам мақта өндіріледі, 22 мақта өңдеу зауытында 25 мың шаруа жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, мәселе күрделі, жағдайды шешу үшін терең өңдеуді қарқынды енгізу қажет.
«Бүгінгі таңда елде мақтаны терең өңдейтін екі ғана кәсіпорын жұмыс істейді, екеуі де Түркістан өңірінде орналасқан, бірақ олардың қуаттылығы өңірде өндірілетін шикізаттың тек 15%-ын ғана өңдеуге мүмкіндік береді. Оны сату құны әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей байланысты болғандықтан, әлемде мақта өнімдерін артық өндірген кезде оның сату бағасы күрт төмендейді», – деп атап өтті Асылан Ибадуллаев.
Серік Жұманғаринмен кездесуде мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар саланың өзекті мәселелерін айтты. Екі негізгі мәселе – субсидиялар және жеңілдетілген несиелеу. Атап айтқанда, шаруалар мақта зауыттарын Аграрлық несие корпорациясы арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру мәселесін қарастыруды сұрады.
Екінші мәселе – аударылған субсидияларды өзгеріссіз қалдыру. Өсімдік шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялаудың қолданыстағы ержелерінде өтпелі өтінім көзделген. Осы механизмге сәйкес шаруа отандық тыңайтқыш өндірушіге тыңайтқыш құнының жартысын төлейді, ал екінші бөлігін субсидия түрінде зауытқа мемлекет тарапынан өтеледі. Дәл осы механизм Түркістан облысында ең көп танымал. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі аударым өтінімдерінің механизмін жоюды жоспарлаған жаңа ережелер жобасын әзірледі. Алайда шаруалар мен өндірушілер тыңайтқыштарды арзан бағамен алу үшін оны қалдыруды сұрайды.
Нәтижесінде, өтпелі өтінімдер бойынша субсидияларды төлеу тетігін қалдыру, сондай-ақ тыңайтқыштарды сатып алу кезінде субсидияларды ауыл шаруашылығы өндірушісі тікелей ала алатын үшжақты шарттың тетігін қосымша қосу туралы шешім қабылданды.
Иә, «ақ алтынның» басым бөлігі Мақтаарал және Жетісай аудандарында өсіріледі. Бұл орайда Жетісай ауданында инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. «Осы мақсатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екіжақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалуда. Биыл азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 миллион теңгеге 10 мың тонналық «Тұран мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жаңаауыл ауылдық округіндегі құны 350 миллион теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 790 миллион теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 миллион теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы, Жетісай қаласындағы құны 200 миллион теңгеге аяқкиім өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда», дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков. Аудандағы 76,2 мың гектар егістің 45 мың гектарына мақта егілген. Ал Мақтаарал ауданында былтыр 40,4 мыңнан аса гектарға мақта дақылы егіліп, 106 мың тоннадан астам өнім жиналған болатын. Биыл мақта алқабы біршама қысқарып, 35,7 мың гектарға егілген. Ауданда өзбекстандық «Clobal Textile» компаниясының сүйемелдеуімен Өркениет елді мекенінде шаруалар 15 гектар жерге эксперимент ретінде мақтаның «Наманган» тұқымын еккен болатын. Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 10 мың гектарға жуық жерге «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ аудан әкімдігінің мәліметінше, 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу көзделген. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 45 миллион доллар болатын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта, мата бояу және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.
Айта кетелік, жері құнарлы, ауа райы қолайлы өңірде жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 163,5 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ға орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Биыл АӨК саласында жалпы құны 54,1 миллиард теңге болатын 60 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда құны 4,9 миллиард теңге болатын 16 жоба іске қосылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, 4 мал бордақылау алаңы, 3 сүт өңдеу цехы, 2,1 гектар аумаққа 2 фермерлік жылыжай салынды. Сонымен қатар 490 гектар жаңбырлатып суару бойынша – 3, балық өсіру бойынша 3 жоба жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, құны 107,3 миллион доллар болатын 271,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі шетелдерге экспортталды.
Тағы бір атап өтерлігі, жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковты қабылдаған-ды. Кездесу барысында Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы бұл салада екіжақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін атап өтті.
– Жуырда инвестициялық штаб отырысында да байланысқа шығып, әріптестік байланыстар бойынша кеңескен болатынбыз. Келісім бар. Енді нақты жұмысты бастау керек. Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. 2022 жылы облыста 126,3 мың гектар мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнерді құрады. 361,8 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 100 мың тонна мақта талшығын өндіруге мүмкіндік бар. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15% -ы ғана терең өңделеді. Осы көрсеткішті ұлғайтуымыз керек. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда біздің болашағымыз зор деп санаймын, – деді Дархан Сатыбалды.
Өзбекстандық инвестор Музаффар Разаков та келісім бойынша жұмыс жүргізетінін, биыл нақты жоба қолға алынатынын жеткізді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егіледі. Ол үшін Өзбекстаннан жоғары сапалы 300 тонна мақта тұқымы жеткізілмек.
Жоғары сапалы мақта шығатын болса, Жол картасындағы жоспар бойынша келесі жылы мақта егу жұмысы 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Оны мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады. Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады, мақта кластері дамиды. Тиісті учаске беріліп, инфрақұрылым әзірленген соң 2026 жылы Мақтаарал ауданында Мақта өңдеу зауыты мен Тігін мата фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.
«Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан біз тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірледік. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асырамыз. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән беріледі», – деді Дархан Сатыбалды. Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі. Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген. Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Оыс іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген. Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
In my experience, well-calibrated current transducers can greatly enhance system performance.
I’ve observed that some current sensors excel in specific conditions.
What factors do you consider when choosing a sensor for various environments?
Also visit my blog current measurement for accurate results