Түркістан облысында ортақ жайылым көлемі 1 миллион гектарға ұлғайтылады

Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері өсіп келеді. 1 маусымдағы жағдай бойынша мал шаруашылығында 181,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 102,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны 8 миллионнан асып, былтырмен салыстырғанда орташа есеппен 4 пайызға артты.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулері назарға алынып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алынып тасталды. Сонымен қатар ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізілуде.

Облыста етті экспорттау қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысына үңілсек, 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортталды. Биыл бұл көрсеткіштер ірі қара мал еті бойынша 5 мың тоннаға, қой еті бойынша 2,6 мың тоннаға жетті.

Жалпы, облыста мал шаруашылығы көрсеткіштері оңды динамиканы көрсеткенімен, жайылым жерлердің тапшылығы орын алып отыр. Жайылым тапшылығын жою үшін ортақ жайылым көлемін биыл 1 миллион 15 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Оның ішінде, жыл қорытындысына орай 333 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылады. Қалған 682 мың гектарды қайтаруға елді мекендердегі жайылым жүктемесін төмендету арқылу қол жеткізу жоспарланып отыр. Есепті кезеңде 102 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл қорытындысына сәйкес жоспар толығымен орындалады.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында басымдық мал бордақылау алаңдары мен сүт-тауарлы фермаларын ашуға берілуде. Бұл бағыттарда биыл бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылады.

Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарының саны артады. Биыл 8 миллиард теңгеге сыйымдылығы 37 мың 350 басты құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ 13 миллиард теңгеге 2 мың 380 басқа арналған сүт-тауарлы фермалары салынып, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында мал бордақылау бағыты бойынша 695 миллион теңгеге 157 жоба, сүт-тауарлы фермалары бағыты бойынша 788 миллион теңгеге 170 жоба мақұлданды. Бұл бағыттағы мәселелер тұрақты бақылауда тұр.

Жалпы, елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылын жою – басты назарда. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды берілген тапсырманы өз деңгейінде орындамаған аудан, қала әкімдерін сынға алды. «Инспекция мен облыстық прокуратураның мәліметі екі түрлі. Нақтылаңыздар. Қағаздағы мәлімет пен іс жүзіндегі жұмыстар сай келуі керек. Ауыл шаруашылығы саласы – экономикамыздың басты драйвері. Сондықтан бұл саланы дамыту да, халыққа қолайлы жағдай жасау да өте маңызды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда», – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, есепті мерзімге аудан, қала әкімдіктері тарапынан 110,5 мың гектар жайылым жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру мақсатында босалқы жердегі жайылымдарды шалғайдағы жайылымға бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Келес ауданы Жамбыл ауылдық округі бойынша шалғайдағы жайылымға шығару жобасы әзірленіп, жұмыстары атқарылуда. 2023 жылға ортақ жайылым көлемін 2 бағыт бойынша 1 015,0 мың гектар ұлғайту жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдіктеріне тапсырма берілді. Бірінші бағыт бойынша 333,2 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне ортақ жайылымға қайтару көзделген. Екінші бағыт бойынша жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың гектар төмендету, яғни елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру және аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын құру бағыттарында жұмыстар жүргізу жоспарланған. Жер учаскелерін қайтару жұмыстары облыс әкімдігімен бекітіліп, кестеге сәйкес жүргізілуде. Ортақ жайылымға қайтарылған жер учаскелерін 2023 жылға бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, жыл қорытындысымен толығымен орындалатын болады. Айта кетейік, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1 012,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, жыл қорытындысымен елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысында жайылымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы тапсырмасының орындалу барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жаңа форматта өткен отырыста баяндалған тақырыпқа қатысты шешілмеген мәселелер бөлек қаралды. Яғни әрбір баяндамаға қатысты облыс әкімі аппараты тарапынан сараптама жасалып, кемшіліктер сараланады. Былтыр Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген. Осылайша, 1 млн. гектардан астам жайылым тапшылығы шешімін тапқан. 

– Жайылым жер тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру керек. Бұл – ел үшін аса маңызды. Бірнеше аудан, қала әкімдіктері тарапынан жерді қайтару жұмыстарында кемшілік анықталып отыр. Бекітілген жер телімдеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекетке қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жайылым жерлерді конкурс арқылы беру барысында ең бірінші кезекте елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету ескерілуі қажет. Бұл күнделікті жұмыс болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды. 

Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал басын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды. 

Жыл қорытындысымен 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың гектарға кемиді. Ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының баяндамасы тыңдалды. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында. 

Облыс әкімі көптің көкейіндегі мәселенің шешілуі қатаң бақылауда екенін айтты. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жетпеген жайылым проблемасына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. 

«Қолжетімді жайылым» жобасы аясында облыс әкімдігі облыстық прокуратура мен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмыс тобы құрамы бекітілді. Жұмыс тобы тарапынан ауылдардағы нақты мал басына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округтердің жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді. Зерделеу жұмыстарының барысында «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» (ИСЖ) базасындағы жұртшылықтың нақты мал басымен ауылдық округ әкімдерінің статистикалық басқармаға ұсынған ақпаратында айырмашылықтар анықталуда.

– Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының іс-шаралар жоспарына сәйкес, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе 2023 жылға 330,0 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген, – деді Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген. 

2022 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсатына сай пайдалануына космомониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 4543 жер пайдаланушының 560,6 мың гектар жерді мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.