Түркістан облысында оқушыларға арналған жазғы лагерьлердің санитарлық жағдайы қатаң бақылауда тұр

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді.

«Бүгінде Түркістан облысындағы балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қадағалау шаралары жүргізіліп жатыр. Осы орайда лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындықтары тексеріліп, алдын ала медициналық тексеруден өтуі бақылауға алынған. Биыл облыс көлемінде 33 жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы жоспарланған. Оның 17-сі жергілікті СЭББ тарапынан тексеріліп, оң қорытынды алды. Ал 3 лагерьдің санитарлық кемшіліктері түзетілуде. Қалған демалыс орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде», — дейді Асқар Бекболатұлы.

Айта кетейік, жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 33 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Биыл өңірдегі 70 мың бала сауықтыру лагерьлерінде демалады. Оның ішінде 50 мың бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін демалса, 20 мың бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3 421 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерімен тегін қамтылады.

Осы тұста атап өтерлігі, Сайрам ауданының Манкент ауылдық округіне қарасты мектептердің жанындағы үш бірдей лагерьде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындарын насихаттау күні аталып өтті. Бұл күн тарихи-танымдықтан бөлек, өнер мен спортпен де жақындастырды.

Аудандық білім бөліміне қарасты №45 «1 Май» жалпы білім беретін мектепте «Таңғы жаттығу» флешмобынан басталып, дәлізінде тоғызқұмалақ пен арқан тарту ойындарымен жалғасты.

Мектеп жанындағы «Күн шуақ» атты лагерьдің кіреберісінен оқу бөлмелерінің ішіне дейін көрнекі құралдар мен ойыншықтармен безендірілгені ерекше көзге түсті. Оқушылар үшін балалар әлемі жасалғандай сезілді.

Әрбір сынып бөлмесінде 20-ға жуық баламен қызықты, танымдық сағаттары өтті. Айталық, бірінші сынып бөлмесінде «Тақия тастамақ» ойнаса, ал келесі сыныпта ұлттық нақыштағы төсеніштер мен көрпешелерге жайғасқан балалар қазақтың мақал-мәтелдері мен ертегі кейіпкерлерін айтудан жарысты. Ал, бір топ бала спортқа бет бұрып, қол күрес секілді бірнеше ұлттық ойындарды ойнады.

Осындай іс-шаралардың легі №11 Манкент атындағы жалпы білім беретін мекемесінде ұйымдастырылды. Мектептің ауласында ашық киіз үй, қолөнер көрмесі орнатылған. Ұстаздар мен балалар ұлттық киімдерімен келді. Ашық аспан астында өнерпаздар «Қара жорға» мен өзбек халқының ұлттық билерін орындады.

Концерттік бағдарламаның барысында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Гүлнәр Бермахамбетқызы Нұртанова балаларды демалысты жақсы өткізіп, жаңа оқу жылына күш жинап, жоғары дайындықпен келуге шақырды.

Жайылған ақ дастарқан үсті толтырылған бауырсақ, тәтті нандар, көже, қымыз секілді ұлттық тағамдар мен оюмен өрнектелген астау ыдыстары таныстырылды.

Көңілді сәтте ұлттық ойындарға қатысуға балалар ыстық ықыласын бөлді. Соңында жүйрік ат жеті қазынаның бірі болып саналатындықтан, аттардың жүріп өтуі де тамашаланды.

Айша бибі атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылармен ұлттық ойындар мен футбол өтті.

Пән мұғалімдері демалушыларға салауатты өмір салтын ұстануды, қазақ халқының дәстүрінің құндылықтарын меңгерте отырып, олардың танымдық әрекеттері мен белсенділіктерін арттырды.

Айта кетелік, 2024 жылдың жаз кезінде балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында 98 мектептің жанынан 1-4-ші сынып оқушыларына арналған мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылды. Мектеп жанындағы лагерьлер мамыр айының 27-нен бастап, 28 маусым аралығында 3 ауысыммен 10 күннен, түске дейін жұмыс істейді.

Жаз айларында балалардың бақылаусыз қалуының, құқықбұзушылықтың, қылмыстың алдын алу, олардың қауіпсіздігі мен шығармашылық дамуын қамтамасыз ету мәселесі қолға алынған. Осы орайда, оқушылардың ән, би, қолөнер, спорт деген қызығушылығына қарай, «Балалар саз мектебіндегі» үйірмелерге қатыстыру, сонымен қатар туған елдің табиғатымен танысуға, біркүндік туристік жорықтар мен экскурсияларға, облыстың киелі жерлеріне, театр мен кинотеатрларға алып баруы ұйымдастырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin