Түркістан облысында оқушыларға 22 жазғы демалыс лагері қызмет көрсетеді

Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері (7 мемлекеттік, 15 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35482 оқушы бюджет есебінен тегін демалса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналар есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.

Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды лагерьлердің жұмысын қатаң қадағалауды және балаларға жақсы жағдай жасауды тапсырды.

– Лагерьлердің инфрақұрылымы, тамағы, жатын орны бәрі талапқа сай болуы тиіс. Суы, қоршаған ортасы, ауасы таза әрі денсаулықты нығайтуға қолайлы болғаны жөн. Тағы да тексеріп, пысықтап шығыңыздар. Екіншіден, лагерьлердің күзет қызметін, жалпы қызметкерлерін тәжірибелі мамандармен қамтыңыздар. Балалардың қауіпсіздігі — бірінші орындағы мәселе. Осы салаға жауапты басшыларға биылғы демалыс маусымын мазмұнды әрі сапалы өткізуге, балалардың алаңсыз тынығуына жағдай жасауды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, қала сыртындағы лагерьлер маусым айынының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады.

Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагерьмен қамтылады. Ал жаз айларында 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тынығады.

Балаларды жазғы сауықтырумен қамтамасыз ететін лагерьлер бейнебақылау жүйелерімен, күзет қызметімен, байланыс құралдарымен, өрт дабылдарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылатын дабыл батырмаларымен жабдықталуда.

Жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 350 лагерь (105 987 оқушы қамтылады) және 648 ойын алаңшасы (214 654 оқушы қамтылады) балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім беру шеңберінде тартылады.

Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриоттық және спорттық бағытта 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілген. Жаз айларында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы, «Жас құтқарушы» сайысы, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері, ұл және қыз балалар арасындағы облыстық футбол турнирі, «Интелектуалды ұлт» мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы шахмат турнирі, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жобалары іске асырылады.

облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері (оның 7-і мемлекеттік, 15-і жекеменшік) қызмет көрсетеді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 облыстық колледж студенті практикаға тартылады. 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен өңірдегі 2 лагерьде 3421 бала Түлкібас (2000 бала), Төлеби аудандарының (1421 бала) лагерлерінде демалады деп күтілуде, бұл 0,8% құрайды.

Сонымен бірге, мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде ұйымдастырлады. Оған 10 000 оқушы қамтылатын болады, қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Бүгінгі күні осы лагерьлердің жұмысын қызықты өткізу үшін «Үздік жаздық бағдарлама» байқауы жоспарлануда.

Таулы аймақтарда маусым айында күннің суықтығына байланысты шатырлы және этнолагерьлер жұмыстары шілде айында басталып, тамыз айының 23-іне аяқталады деп жоспарланды.

Бұған қоса, 350 мектепте 1 мезгілгі тамақпен ұйымдастырылатын мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарын жүргізеді.Түркістан облысы бойынша 1-5-ші сынып оқушыларының жалпы саны — 256 197.  Облыс бойынша барлығы 1-10-шы сыныптарда 467 766 оқушы бар, оның ішінде 366 123  (78,1) оқушыны қамту жоспарлануда. Осы мақсатта барлығы  2 259 1 теңге қарастырылуда (оның ішінде бюджеттен — 1 826,9 миллион теңге, 12,5 миллион теңге — демеушілер тарапынан, 426,7 миллион теңге —  ата-аналар есебінен).

Қала сыртындағы лагерьлердегі ауысымдар 1-5 маусым аралығында басталып, 5-10-шы сынып оқушылары қамтылады. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 бала — бюджет есебінен. Маусымдық лагерьлерде жолдама құны 59 594 мың теңгені құрайды, әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн.

Облыста жазғы маусымда барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, спорттық ойындар мен жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылып, жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында тарихи орындар – Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек аудан-қалалары мен ондағы мұражайларға бару және туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырып, оған 41 000 оқушы барады деп жоспарлануда.

Жоғарыда аталған іс-шаралар барысында мониторинг жасап, жұмыстарды бақылауға алу мақсатында барлық құқық қорғау мен құзырлы сала өкілдерінен облыста жұмыс штабы құрылды.

Сонымен қатар Түркістан облысында су нысандары мен шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Аталған мәселе арнайы мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді.

– Шомылу маусымы ашылып жатыр. Төтенше жағдай департаменті, аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты бөлімдер қырағылықты күшейтуі тиіс. Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшылығының баяндамалары тыңдалды.

Облыс аумағында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері төтенше жағдай өкілдері жергілікті полициямен, көлік инспекциясымен және балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп, 361 патруль және рейдтік жұмыстар, 3514 адамды қамти отырып, халықпен 262 кездесу ұйымдастырды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Судағы қауіпсіздік» және «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары» материалдар жарияланса, білім беру ұйымдарында 2653 оқушыны қамтитын 24 интерактивті сабақ өткізілген.

Облыста жалпы 4334 су нысандары бар. Олар: 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзен, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы.

Мәжілісте шомылуға белгіленген орындарда 23 коммуналдық жағажай ашуға және талаптарға сәйкес жабдықтауға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс берілді.

Елді мекендер аумағынан өтетін каналдар мен арықтарға балалардың абайсызда құлап кету жағдайлары тіркелуде. Өткен жылғы статистика көрсеткендей, суға бату оқиғасының 40-50%-ы ауылдық жерлердегі канал, арықтарда болған. Былтыр балалардың абайсызда каналдарға құлап кетуінің алдын алу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының 18 шақырымына әр бір 500 метр сайын жалпы 24 баспалдақ орнатылды. Баспалдақтардың тұсына 4 метрлік құтқару арқандары ілінді. Мақтаарал ауданында «К-18» каналында 1200 метр және Қазығұрт ауданында «Газалкент» каналының екі жағынан 5 мың метр темір қоршаулар орнатылған.

Шомылатын орындары жоқ аудандардың елді-мекендерінде 2023 жылы 2,6 млн теңгеге 28 модульді-каркасты бассейн сатып алынып, жалпы 71 каркасты бассейн жұмыс істеген. Биыл да жұмыс жалғасады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің бассейндерінде жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру, жүзуге үйрету мақсатында меморандум бекіту жұмыстарын жүргізіледі. 2023 жылы меморандум аясында 5000-ға жуық бала шомылған.

Шомылу маусымы барысында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстарына еріктілер мен жасақшылардың тартылуы оң нәтиже әкелуде. Биыл жұмыспен қамту орталығынан 71 адам (2023 жылы – 68) алынды және жыл басынан 262 ерікті үлкен үлесін қосуда. Ең бастысы, әрбір ата-ана су нысандарына балаларын қараусыз жібермей, қауіпсіздік шараларын сақтаулары тиіс. Мамандар шомылу маусымында сақ болу керектігін ескертеді!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin