Түркістан облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары кеңінен талқыланды. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сараланды. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысындағы көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде. Жағдай – тұрақты.

Нұралхан Көшеров жағдайды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Инженерлік техникаларды үнемі дайындықта ұстауды, «Шардара» және «Бөген» сияқты көлемі 80 пайыздан асқан су қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, су өткізу жүйелерін ұдайы таза ұстауды, таулы аумақтағы дайындықты күшейтуді жүктеді.

Жиында су тасқынына дайындық іс-шаралары туралы Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, тәуліктік кезекшілік штабы ұйымдастырылған. Аймақтағы төтенше жағдайларға және су шаруашылығы нысандарына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Өзендерде судың өтуі орта деңгейден төмен ағуда. Су қоймалардың толуы 37 %-ды құрап отыр. Сырдария өзенінің жағдайы тұрақты бақылауда. «Шардара» су қоймасынының толу деңгейі 87 % болса, «Көксарай» су реттегішінің толу деңгейі – 33 %.

«2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарында 39 іс-шара бекітіліп, оның 30-ы толық аяқталған. Нәтижесінде, Арыс қаласы, Келес, Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Сауран аудандарындағы 95 шақырымға жуық қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өткізілді. Сарыағаш қаласында каналдардың 350 метрі бетондалды. Сонымен қатар 46 шақырым өзендерде арна түзету және жаға бекіту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Сайрам ауданында Арыс өзенінде 2,5 шақырым, Сауран ауданында Жаңақорған өзенінде 15 шақырым, Құрсай өзенінде 8 шақырым, Тастақсай өзенінде 2 шақырым, Қарашық өзенінде 18,7 шақырым арна түзетілді. Сауран, Отырар аудандарында каналдардың бас жағына 5 тоспа орнатылды.

Одан бөлек, «2024-2025 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларын жүргізу» жоспары аясында тиісті жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтқанда, 491 шақырым арық, 654 шақырым канал, 30 шақырым дюбинг-өткелдер тазалаудан өткізілді.

Аталған жұмыстарды жүргізуге жалпы саны 263 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, су тасқыны кезеңіне 129,8 мың қап құм мен инертті материалдар дайындалды. Төтенше жағдай қауіпі туындағанда ыстық тамақ пен тұрмыстық қажеттіліктер үшін кәсіпкерлермен 77 меморандум түзіліп, 148,1 тонна жанар — жағармай дайындалды. Республикалық, облыстық маңыздағы жолдардағы, темір жол астындағы өткелдер қоқыстан тазартылды.

Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жалпы 1064 жеке құрам, 124 техника, 11 қайық пен 92 мотопомпа дайындыққа келтірілген.

Мәжіліс барысында Облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаев көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары мен алдағы жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, облыс аумағындағы су тасқыны жағдайы қалыпты, алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауда. Азаматтық қорғау қызметтері мен күштері дайындыққа келтірілген.

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында су тасқынын алдын алу мақсатында «2025-2026 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарының жобасы әзірленді. Жоспарға 23 іс-шара енгізілген. Іс-шаралар жоспары аясында қажеттілігіне қарай өзен арнасын түзету, қорғаныс дамбаларын қалпына келтіру, автомобиль жолдарындағы су өткізу дюбингтерін ұлғайту және каналдар мен коллекторларды механикалық тазартудан өткізу, көпірлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Осы тұста атап өтерлігі, бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-ында қар жатқанын хабарлады. Еліміздің оңтүстігінде: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Telegram-каналы.
Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша қар астында жатқан аумақ 71%-ды құрайтынын, дегенмен бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз екенін атап өтті.
«Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
«Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса, «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin