Биыл Түркістан облысына келушілер мен туристердің саны артқан. Оның ішінде биыл 8 айда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 115 мың адам демалған. Ал былтыр 12 айда 74,9 мың адам келген болатын. Сондай—ақ биыл 8 айда Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 519,3 мың адамға жетті. Түркістан өңірінде туризмді дамыту мәселелері талқыланған мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл салада жұмысты күшейтіп, ұзақ жылдарға индикаторлар белгіленген тұжырымдама әзірлеуді тапсырды.
– Көрсеткіштер жақсы. Бұл жұмыстарды жалғастырыңыздар. Бірақ біздің алдымызда нақты мақсаттар болуы керек. Ол – туристер санын көбейту. Мысалы, келесі жылы екі есе, одан кейін үш есе көбейту, осы салада жұмыс орындарын ашу, табысты молайту және өзге де миссиялар бекітілуі қажет. Ал ол үшін не істеу керек? Әкімдік қандай қолдау көрсеткені дұрыс? Туристерді жыл сайын көбейту үшін қанша қонақүй қажет? Қай елдермен әуе рейстерін ашамыз? Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия және өзге де елдердің саяхатшыларын тартатындай туристік бағыттар, инфрақұрылым, іс-шаралар жоспарын бекіту де – уақыт талабы. Міне, осы және басқа да мәселелерді шешу жолдары жоспарланып, бекітілгені жөн.
Сондықтан кемінде 5 жылға жоспарланған тұжырымдама әзірлеуді тапсырамын. Басшылар ауысқанымен, сол тұжырымдама ары қарай жұмысын жалғастыруы тиіс. Оған туризм саласының білікті мамандарын тартыңыздар. Еліміздегі және шетелдегі тәжірибелерді зерттеңіздер. Іздену керек. Осы құжатты әзірлеуге 2 ай мерзім беремін. Аудан, қала әкімдері де өздері басқаратын аумақтың туристік әлеуетін көтеру бойынша жұмыс атқарсын. Жауапты басқарма мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығына іс-шаралар мазмұнын байыту, ізденісті арттыруды тапсырамын. Тарихи Түркістанның туристік әлеуеті бұған мүмкіндік береді, – дейді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, облыс аумағында 220 қонақ үй және 72 емдік-сауықтыру орны қызмет көрсетеді. Биылғы 8 айдың статистикалық дерегіне сәйкес, қазіргі таңда күнгей өңірге 230,5 мың турист және 737,9 мыңнан астам біркүндік келуші келген. Оның ішінде орналастыру орындарына 6 айда — 115,5 мың, «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейіне — 519 320 адам, «Отырар» қорық-музейіне 8 айда 218658 адам келген. Қазіргі таңда Түркістан қаласында нөмірлік қоры 2557 төсек-орынды құрайтын 58 орналастыру орны қызмет атқарады.
2018 жылдан бері Түркістан қаласында 34 орналастыру орны қолданысқа беріліп, нөмірлік қор 1479 төсек-орынға немесе 2,5 есеге артқан. Туристік қызмет саласының тартылған инвестиция көлемі 280,1 млрд. теңгені құраған.
Былтыр 3 қонақ үй, ал биыл 2 қонақ үй қолданысқа берілді. Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында 5 қонақүй құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобалардың жалпы соммасы 13,4 миллиард теңгені құрайды.
Соңғы жылдары экологиялық туризм бүкіл әлемде трендке айналып келеді. Өңірде де экологиялық туризм қарқында дамуда. Оның айқын дәлелі, өткен жылмен салыстырғанда табиғи аумақтар келушілер саны 1,5 есе артқан.
Облыста жыл соңына дейін республикалық және халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында еліміздегі туризм саласының ақсап тұрғанын айтты. «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.
Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн», — деді Мемлекет басшысы Парламенттің бірлескен отырысында.
Таяуда Ақтауда Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуымен Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форум өтті. Іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, ірі қазақстандық және шетелдік туроператорлар, әуе компаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз сөзінде мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырда жариялаған халыққа Жолдауында бұл салада серпінді жобаларды іске асыруды тапсырды.
«Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл – ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, туристік турларды ұйымдастыру және биологиялық әркелкілікті сақтау үшін инвесторлар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жаңа нысандар мен жобалар жасауға белсенді түрде тартылып отыр.
«Мұндай күш-жігердің жарқын мысалы – Іле-Алатау, Шарын және Алтын-Емел сияқты орындарда визит-орталықтары мен эко-қонақүйлердің пайда болуы. Экологиялық тұрақтылық негіздерін басшылыққа ала отырып, біз туристердің санынан гөрі олардың саяхаттарының сапасын арттыруға көшу жолында жұмыс істеп жатырмыз», — деп атап өтті Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов айтуынша, Қазақстан халықаралық туристік нарықта бәсекеге түсе алатын бірегей турларды ұсына алады. Мәселен, Ұлы Жібек жолы мен Каспий теңізі бойынша кешенді саяхаттар, Байқоңыр мен Бурабай, сондай-ақ Алматыдағы «4 маусым» туры сияқты жерлерге бару туристердің арасында қызығушылық тудырады.
Премьер-Министр бүгінде Қазақстанда азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқанын еске салды. Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасының географиясы кеңейіп келеді.
«Өткен жылдан бері мемлекеттік қолдау шаралары бойынша туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жобалары қамтылды. Шетелдік туристер тарту үшін мемлекет туроператорларға да субсидия береді. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалар әуе билеттері субсидияланады», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда салаға $4 млрд көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынды. Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері есігін айқара ашты.
«Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақ мерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы отандық туризмнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру аясында Қазақстанның шетелдегі имиджін көтеру бойынша ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын күшейту маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты елдің туристік брендін әзірлеп, халықаралық ақпарат кеңістігіндегі танымал ету жұмыстарын күшейту керек.
«Визалық және көші-қон режимін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау, виза алу рәсімдері мен әуежайларда бақылаудан өтуді де жеңілдету қажет», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар инвестициялық белсенділікті арттыру үшін туризм жобаларына жеңілдікпен несие беру мерзімдерін ұзартуды пысықтау және туризм нысандарына инфрақұрылым жүргізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын күшейту талап етіледі.
«Түрлі туристік бағыттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үлкен маңызға ие екенін көріп отырмыз. Бұл туралы бизнес тарапы да ұдайы көтеріп келеді. Біз бұл мәселеге республикалық деңгейде де, жергілікті деңгейде де қолдауды арттыруға ниеттіміз», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов жол бойындағы сервистік нысандарды пайдалану сапасы мәселелерін шешіп, агротуризмді дамыту шараларын әзірлеу қажеттігін айтты.
«Ауыл тұрғындары, шаруалар мен бағбандар өз шаруашылықтарында туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс таба алады. Ол үшін біз заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуіміз керек. Community based tourism – әлемдік тренд, одан қалыс қалмау керек», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр Туризм және спорт индустриясын қолдау корпоративтік қорының мәселелерін оған спорт саласының ғана емес, туризм саласының да жобаларын қаржыландыру құқығын бере отырып, шешу маңызды екенін атап өтті. Әлихан Смайылов саланың даму әлеуеті зор екенін және қосымша жұмыспен қамтып, азаматтардың табысын арттыра алатынын айтты.
«Сервис пен қызметтердің сапасын арттыру аясында саланы цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Туристердің, әсіресе олардың таулы жерлердегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау маңызды. Одан бөлек қонақүйлерді классификациялау жүйесін реформалау және стандарттарды халықаралық деңгейге дейін көтеру бойынша жұмысты бастау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.