Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын, өмір сапасын жақсартуды тапсырған болатын. Түркістан облысында өңір басшысы Дархан Сатыбалдының бастамасымен осы бағытта ауқымды жұмыс жүруде. Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтармен көп балалы отбасыларды үймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы сәйкес, Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Шардарада үй кезегінде тұрған 40 отбасы баспаналы болды.
Тұрғын үй кілтін аудан әкімі Арман Қарсыбаев тапсырып, үй иелерін қуаныштарымен құттықтап, мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарлама аясында салынған 40 пәтерлі тұрғын үй кешенінің жаңа пәтер кілттерін табыстады.
– Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген шаруалар қолға алынып, қаншама нысандар ашылуда. Биыл Шардара ауданында да көптеген нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Біздің мақсат – аудан тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту. Міне бүгін қаламыздағы «Әсемай» мөлтек ауданындағы 40 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілуде. Ауданда атқарылып жатқан барша жұмыстар мен игі бастамалар ауданымыздың тұрғындары үшін жасалып келеді. Осындай қуанышты сәтте пәтер иелеріне үйлеріңізде әрқашан да жылылық пен қуаныш болсын деген тілек білдіремін. Жаңа жылмен бірге келген жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деген Арман Қарсыбаев тұрғындарды құттықтады.
Баспаналы болған тұрғындар Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатындарына ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына алғыстарын жеткізді.
Сонымен қатар Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Кентау қаласында үй кезегінде тұрған 60 пәтерлі, 3 қабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға тапсырылды.
Кентау қаласында жаңадан бой көтерген Шоқан Уәлиханов көшесіндегі қоныс тойға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, қала тұрғындарын жаңа баспаналарымен құттықтап, пәтер кілтін табыстады.
Бүгінгі таңда қала бойынша мемлекеттік тұрғын үй кезегінде жалпы – 4856 азамат тіркелген. 2018-2024 жылдар аралығында 1057 кезекте тұрған азаматтарға мемлекет тарапынан пәтер берілді.
Бұдан бөлек, қалада Кредиттік тұрғын үй салу бағдарламасымен 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ордабасы ауданында да 140-қа жуық отбасы баспанамен қамтылады. Дәлірек айтсақ, Ордабасы ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шара аясында журналистер алдымен Темірлан ауылында ашылған 250 орындық спорттық сауықтыру кешенін аралады. Аталған орталықта қазақ және грек-рим күресі, самбо, дзюдо және бокспен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, футбол, баскетбол, волейбол, гандбол секілді командалық спорт түрлері де бар. Аталған спорт кешенінде «Темірлан» спорт клубы мекемесі орналасқан.
БАҚ өкілдері кейін Темірлан ауылында жеке инвесторлардың есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерге барды. Темірлан ауылында тұрғындарды тұрғын үймен қамту мақсатында бір қабатты 26 және үш қабатты 3 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде үйлерге терезе салу, гранит төсеу және қабырғасын бояу жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі таңда бір қабатты 40 пәтердің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Алдағы уақытта үй кезегінде тұрған аз қамтылған отбасылық санаттар бойынша 136 пәтер табысталады.
Сонымен қатар Созақ ауданында да әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бүгін созақтық 48 отбасы жаңа баспаналарының кілттерін алды. Игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Бұл жұмыстар облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ел игілігіне ұсынылған әр баспана аудан тұрғындарына жайлы әрі заманауи қолайлы орта сыйлайды, – деген облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған жаңа баспаналар аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосылған үлкен үлес екенін де тілге тиек етті.
Жаңа баспаналардың қасбеті біркелкі әрленіп, аулалар темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтердің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды.
Реті келгенде айта өтейік, Созақ ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Спатаев Төлегеннің көтерген мәселесі оң шешімін тауып, жаңа баспанаға қол жеткізді. Еске сала кетсек, өткен жылы ауыл тұрғыны Спатаев Төлеген аудан басшысының қабылдауында болды. Пәтер бөлуге көмек сұрап, әлеуметтік мәселесі бойынша өтінішін жеткізді.
Аудан басшысы Абай ауылына жасаған жұмыс сапарында өтініш иесінің шаңырағында болып, отбасының тыныс-тіршілігімен танысты. Мәселенің шешу жолын ауыл қарияларымен бірлесе талқылады. Игі іске ел болып атсалысу ісі қаралып, жаңа үйдің іргетасы қаланды. Ауыл тұрғындарының қамқорлығымен үйдің қабырғасы тұрғызылып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін аудандық мәслихат депутаты Базарбай Нұрланов бастаған бірқатар кәсіпкер де жұмыла кірісіп, бүгін баспана иесі қоныс тойын тойлады.
Игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысты. Баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Игі іске қолдау білдіріп, аса ұйымшылдық танытқан ауыл ақсақалдарына, аға буын өкілдері мен мұқтаж жанның сұранысына сай еңбек еткен барлық азаматқа алғысын білдірді.
Шараға жиналған ауыл жұртшылығы ізгі тілектерін арнап, баспана иесін құттықтады.
Ал Төлеби ауданында жеке кәсіпкер жалғыз басты анаға 4 бөлмелі баспана сыйлады. Демеушілік есебінен салынған тұрғын үй қажетті сантехникамен жабдықталып, сыртқы қоршауы тұрғызылған. Тұрғын үй заманауи үлгіде толық әрленген.
Баспаналы болған отбасының қуанышын бөлісуге аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров барып, демеушілік жасаған азаматқа алғысын жеткізді. Мектеп жасындағы ұлына планшет сыйға тартты.
Мұнан өзге Түркістан қаласында «Жібек жолы» тұрғын үй кешені пайдалануға тапсырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барып, баспана кілттерін табыстады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар тұрғындарымыздың жайлы өмір сүруіне, баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгін кезекте тұрған 500-ден аса отбасы көптен күткен пәтеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алып отыр. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Дархан Амангелдіұлы.
«Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы Түркістан қалалық әкімдігінің тапсырысымен жүргізілді. Қаланың Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген 5 қабатты 508 пәтерлі арендалық тұрғын үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері Түркістан қаласында кезекте тұрған 482 отбасына пәтерлер табысталды. Жалпы, жыл қорытындысына сәйкес түркістандық 990 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.
Сондай-ақ Түркістан қаласында 260 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, азаматтарға баспана кілтін табыс етті.
– Біз халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Бізден бір ғана талап – айналаны таза ұстап, тазалықты сақтау, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан қаласының «Отырар» секторы аумағында 20 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 9 тұрғын үйді «Бастау» корпорациясы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға үлестірілуде. Бүгін 3 тұрғын үй 123 көпбалалы отбасына, 129 халықтың «әлеуметтік жағынан әлсіз топтары» санатына енетін азаматтарға және 8 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға берілді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде баспанаға мұқтаж 16 515 азамат тұр. Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында кезекте тұрған 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар жыл соңына дейін кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1728 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Арыс қаласында төрт отбасы үшін ерекше күн болды. Олар көптен күткен жайлы үйлеріне қоныстанып, жаңа өмірге қадам басты. Әсем де жайлы баспаналар «Құрылысшылар» ассоциациясы бірлестігінің демеушілігімен тұрғызылды. Әрбір үйдің ішкі және сыртқы жабдықтары толықтай дайын, ауыз су мен электр жарығы орнатылған. Бұл қайырымдылық шарасы қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілігі мен жерлестеріне деген жанашырлығын айқын көрсетті.
Жаңа қоныс иелерінің арасында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпазы, Арыстың мақтанышы Азамат Мақұлбеков те бар. Өзінің спорттағы жеңістерімен бүкіл қаланың мәртебесін көтерген Азамат үшін бұл баспана – үлкен жетістіктерге жетелейтін жаңа белес.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өз сөзінде жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтап, игі істі жүзеге асырған «Құрылысшылар» ассоциациясына алғысын білдірді:
– Бұл тек баспана беру ғана емес, адамдардың болашағына сенім сыйлау. Осындай қамқорлық пен қайырымдылық біздің қаламыздың бірлігін нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен үлес қосады, – деді шаһар басшысы.
Жаңа да жайлы баспаналы болған тұрғындар арасында мүгедектігі бар балалар асырап отқан жандар бар. Жаңа қонысқа ие болған олар өз қуаныштарымен бөлісіп, демеушілерге алғыстарын жеткізді. Олар үшін бұл күн ұмытылмас сәтке айналды.
Қоныс иелерін құттықтауға қала ардагерлері де келіп, дәстүрге сай шашу шашып, жаңа шаңырақтарға ақ баталарын берді. Олар әр үйге молшылық, бірлік пен татулық тіледі.
Бұл игі шара қайырымдылықтың, ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің айқын көрінісі болды. Арыстағы осындай бастамалар қаланың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артуына үлкен үлес қосары сөзсіз.
Баспана мен отбасы егіз ұғым іспетті. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысында жалпы 362 287 зейнеткер бар. Оның ішінде: 186 489 азамат жасына байланысты зейнетақы алушы болса, 175 198-і базалық зейнетақы алушы. Сонымен қатар, өңірдің 346 238 азаматы жәрдемақы алушылар қатарында. Бұл жайында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Бегман Нұрмаханов брифингте мәлімдеді.
«Түркістан облысы елімізде көпбалалы отбасылар көптігінен көш бастап тұр. Бүгінгі таңда өңірде 120 549 көпбалалы отбасы жәрдемақы алады. Сондай-ақ, 64 354 көпбалалы анаға департамент жәрдемақы белгілеген. Бұдан бөлек, 75 262 облыс тұрғыны мүгедектігі бойынша жәрдемақы алса, 21 839 азамат асыраушысынан айрылу себебінен мемлекеттік жәрдемақы алады» — деді спикер.
Сонымен қатар, департамент басшысы медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу жұмыстарына тоқталды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 1 қазан айындағы көрсеткіш бойынша облыста мүгедектігі бар адамдардың саны 100 029-ға жетіп, республикадағы жалпы мүгедектер санының 13,7%-н құрады. Мүгедектігі бар адамдардың 15 189-ы кәмелет жасына толмағандар болса, қалған 84 840-і 18 жастан асқан облыс тұрғындары.
Жыл басынан бері департамент тарапынан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша барлығы 196 тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру қорытындысына сәйкес сәйкес 51 нұсқама беріліп, жалпы 160 нысанға 34 миллион 187 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Оның 33 миллион 228 мың теңгесі өндірілген.
Тағы бір алып-қосарымыз, Түркістан облысында отбасын қолдау орталықтары қызметкерлері және мобильді топтар үшін республикалық оқыту-семинары ұйымдастырылған болатын. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Қазақстан бойынша 2024 жылдың 15 қазан мен 13 желтоқсан аралығында жүргізілді. Түркістан қаласында 12-15 қараша күндері Шымкент қаласы, Жамбыл және Түркістан облыстары өкілдерінің қатысуымен оқыту-семинары өткізілді.
Дәрістің ашылуына Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Отбасы саясатын үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Іңкәр Тұрсын, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова арнайы қатысып, сәттілік тіледі.
Тренингтердің мақсаты – қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға сапалы көмек көрсету үшін ведомствоаралық үйлестіру барысында қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігінің сапасын жақсарту. Іс-шара аясында қатысушылар отбасылармен жеке жұмыс жоспарларын құру, практикалық дағдыларын қалыптастыру, диагностика, жоспарлау және көмек көрсету мониторингін жақсартуды меңгерді. Жоспарға сәйкес теориялық және практикалық сабақтар оқытылды. Біліктілікті арттыру курсын «Qoldau» ҚБ сарапшысы, оқыту тренері Фарида Сағындық өткізді.
Семинарға үш аймақтан өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жасайтын әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, ішкі істер салаларының мамандары, балалар қүқықтары жөніндегі уәкілдері, кәмелетке толмаған балалар, әйелдер істері мен отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылары мен жергілікті жерлерде құрылған мобильдік топтардың жетекшілері және өкілдері келді.
Жалпы, елімізде 43 отбасын қолдау орталығы бар. Оның төртеуі Түркістан өңірінде құрылған. Бүгінде Жетісай, Келес Шардара, мен Сайрам аудандарында «Отбасын қолдау орталығы» КММ ретінде ашылып, азаматтарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанынан 9 «Отбасын қолдау секторы» құрылған.
Аталған орталықтардың негізгі қызметі — мемлекеттің отбасылық саясат шараларын іске асыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау бойынша жұмысты үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету және мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру.
Жалпы, облыстағы орталықтар мен секторларда 130-ға жуық маман жұмыс істейді. Онда бүгінге дейін 3400-ден астам адамға көмек көрсетілген. Орталықтарда аз қамтылған, көп балалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға денсаулық сақтау мәселелері, жұмыспен қамту, мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік төлемдер, тұрғын үйге кезекке тұру, сертификаттар алу, құқықтық және медиаторлық кеңес, материалдық көмек, психологиялық қолдау, түрлі психологиялық және мотивациялық тренингтер, өзге де оқу курстары, шағын кәсіп ашу, грант алу, өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын қолдану және басқа да шаралар ұйымдастырылды.
Атап өтерлігі, Сайрам ауданында мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелі жүргізуге бағытталған әлеуметтік нысандар қатары толыға түсті. Ауданға қарасты Қарасу ауылында «Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Отбасын қолдау орталығы» ашылды.
Бұл коммуналдық мемлекеттік мекеме биылғы жылдың шілде айында мемлекеттік тіркеуден өтіп, орталықта 25 штаттық бірлік бекітілген. Бір қабатты ғимаратта орналасқан мекемеде қазіргі таңда 10 кабинет бар.
Жаңа әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Арман Сәбитов алғаш сөз алып, барша тұрғындарға жылы лебізін жеткізді. Өз сөзінде, аталмыш орталықтың атқаратын жұмыс бағыттарына қысқаша тоқталды.
Тұрмыс тауқыметіне тап болған аналардың қиын жағдайларын еңсеруде, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуде мұндай орталықтардың маңыздылығын атап, аудандық әкелер мектебінің төрағасы, Сайрам ауданының Құрметті азаматы, Сейдуалы Темірбаевпен бірге орталықтың лентасын қиды.
Бұдан соң аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері жаңа ғимараттың жаттығу, тамақтану және жатын орындарын аралады. Мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған автокөліктермен танысты.
Бүгінде Жаксыбек Утегенов басқаратын аталмыш мекемеде көпбалалы, аз қамтылған, зорлық-зомбылық көрген, өмірлік дағдарыс, апатты жағдайға тап болған отбасыларға неке беріктілігін сақтау бағытында құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылады.
Айта кетейік, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитұлының қолдауымен ашылып отырған бұл орталықтың ішінде кәсіппен айналысамын деген тұрғындарға қысқамерзімді тігін, шаштараз, аспаз секілді арнайы курстар оқытылады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер үшін ойын бөлмелері бар. Мұнда психолог, логопед, социолог мамандар жұмыс істейді.
Отбасы демекші, жыл басынан бері Түркістан облысында 6 мыңнан астам неке тіркеліпті. Жас жұбайлардың орташа жасы – 22-ден 25 жасқа дейін. Көбінесе азаматтар наурыз, тамыз және қыркүйек айларында үйленген.
Сонымен қатар биыл облыста орта жастан асқан тұрғындар да некеге тұрған. Жұптардың бірі елуден асқандар. Өткен жылы 50 жастан асқан ерлі-зайыптылар арасында 8 неке тіркелді. Ал биыл 45 жастан асқан 10 жұп үйленген.
«Бұл деректер шабыттандырады және өмірдің әрбір кезеңі бақыт пен жаңа бастамаларға толы болуы мүмкін екенін еске салады», деп түсіндірді Түркістан облысы бойынша АХАТ басқармасының басшысы Аян Өтекей.
Мұндай мысалдар неке мен отбасы өмірлік қуаныш пен үйлесімділіктің көзі бола алатындығын көрсетеді.
Талай шаңырақтың көтерілуі арқасында Түркістан облысы 2024 жылы туу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Жыл басынан бері Қазақстан халқының саны 210 139 адамға артты. 1 қарашадағы жағдай бойынша ел тұрғындарының жалпы саны 20 243 981 адамға жетті.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, табиғи өсім бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде халық саны 36 628 адамға өскен. Одан кейінгі орындарда Шымкент (20 348 адам) пен Астана (19 258 адам) қаласы тұр.
Жылдың алғашқы он айында елімізде 309 310 нәресте дүниеге келді. Туу көрсеткіші бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.