Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 мың гектар аумаққа 170 миллион көшет егу жоспарланған

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар талқыланды. Кемшіліктер екшеліп, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді. Өңір басшысы егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейте түсуді тапсырды.

– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте елді мекендерді абаттандыру бойынша арнайы тоқталып, тапсырма берді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттердің сапасын арттыру керек. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етуі қажет. Түркістан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі қағидаға сәйкес дендрологиялық жоспарды әзірлеген жөн. Аудан, қала әкімдіктерінде аталған дендрологиялық жоспар жасалмаған, салдарынан әр аудан, қала өз бетінше, елді мекендерін жоспарсыз көгалдандырып жатыр. Көгалдандыру үшін егілген ағаштардың сапасын қадағалау шарт. Ағаш көшеттеріне осы күнге дейін түгендеу сапалы жүргізілмеген. Бүгінгі күнге дейін қанша ағаш отырғызылғаны, оның ішінде қаншасы өнгені туралы мәлімет әзірленуі тиіс. «Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау» қағидасына сәйкес жұмыс атқаруды, аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыруды және жол бойындағы үйлердің және қоршауларын бір ретке келтіруді тапсырамын. Отырғызылған ағаш көшеттерін суару және желден қорғау мақсатында қоршау, тірек орнату жұмыстары атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстың мемлекеттік орман қоры аумақтары 3 миллион 144 мың гектарды, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 миллион 517,15 мың гектарды құрайды. Президент Жолдауындағы тапсырмаға орай 2021-2025 жылдары орман қоры аумақтарына 2,0 миллиард көшет егу тапсырмасын іске асыру мақсатында облыста 2025 жылға дейін 110 мың гектар орман қоры аумақтарына 170 миллион көшет егу жоспарланған. 2021-2022 жылдары 31320 гектарға 45957,3 мың көшет егілді. Ал биыл 20300 гектар жерге 32 214 мың түп көшет егу жоспарланып, жұмыстар жүруде.

Сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, тұқымбақтарда сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстарына, жанар-жағармайға және маусымдық жұмысшыларды қабылдауға қаржы жұмсалған.

Түркістан қаласының айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеу» аумағы 2019-2022 жылдары аралығында 15881,20 гектарға жетті. Алдағы уақытта 31,4 мың гектарға жеткізу бағытында жұмыстар атқарылуда.

Облыс әкімінің тапсырмасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне жүктелген. Облыста 900-ге жуық елді мекен бар. Облыстың елді мекендерінің 90 пайызын көгалдандыру үшін 3 жылда 4 миллионнан аса көшет өсіру қажет. Жұмыстар жүріп жатыр.

Аудан, қала әкімдіктеріне орман шаруашылығы мекемелерінен 2022 жылдың күз айларында 345 204 түп әртүрлі көшет босату жоспарланып, оның 251 685 данасы отырғызылды. 2023 жылы сұранысқа сәйкес 626 907 түп көшет босату жоспарланған. Қазіргі осының 532 682 данасы аудандар тарапынан отырғызылды. Бірақ аудандарда ағаш көшеттерін отырғызатын жердің су жүйелері және қоршауы жоқтығына байланысты жалпы 94 225 дана көшет алынбай қалған.

Мәжілісте ағаш егу жоспарын талапқа сай орындамаған аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге суару жүйесін реттеу, ағаш егетін аумақтарды дайындау, көгалдандыру жұмыстарына қажетті штат санын арттыру және өзге де мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.

Әрине, табиғаттың, қоршаған ортаның тазалығы бірінші кезекте жер бетін мекен еткен әрбір тіршілік иесі үшін аса маңызды. Тазалықтың сақталуы – денсаулықтың кепілі. Ал, дені сау азамат қана қоғамның белсенді, толыққанды мүшесі бола алады.

Осы орайда Мырзашөл өңіріндегі оң істерді айтпай кетуге болмас. Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың ауданда жасыл белдеу қалыптастыруға қатысты берген тапсырмасы аясында қала, кент, барлық ауылдық округтерде көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазірдің өзінде қаладағы тұрғындар жиі жүретін көпшілік орындары мен аудан әкімдігінің маңына 9 мың дана питуния, 3 мың дана шафран гүлдерінің көшеттері отырғызылды.

«Туған жерді, тұрғылықты қаламызды түрлендіру, көгалдандыру – тапсырма емес, ол – міндет. Жүрегі елім деп соғатын әрбір жетісайлықтың ортақ міндеті, парызы. Өйткені, Жетісай – аудан орталығы ғана емес, тарих күнделігінде өзіндік орны бар, аталарымыз бен апаларымыздың еңбегінің, маңдай терінің нәтижесінде бой көтерген киелі шаһар, біздің мақтанышымыз. Біз отырғызған көшеттер болашақта көпшілікке саясын ұсынса, гүлдеріміз керемет көркімен, хош иісімен көңілдеріне қуаныш сыйлайтын болады» — дейді аудан басшысы.

Өткен жылы аудан тұрғындары жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға 19 мыңға тарта көшет отырғызылса, биылғы жылы 23 мың түп туя, сән ағаштары, сирень, кипорис, терек, шынар, қарағаш, багрянник, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттер егілген.

Айта кетейік, егілген гүлдер мен көшеттерге жергілікті қазынадан қаржы қаралмаған, бәрі де демеушілер мен Түркістан облыстық Табиғи ресурстар басқармасы тарапынан жеткізіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You