Түркістан облысында 77 мыңға жуық оқушыға аттестат табысталды

Бүгін Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында оқушыларға білім алғанын куәландыратын құжаттар табысталды. Мектеп директорлары бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Түлектер ұстаздарына алғыс айтып, білім алған алтын ұяларымен қимай қоштасты.

2023-2024 оқу жылында Түркістан облысы бойынша мектепті 31 210 оқушы бітіріп, 27 340 Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынауда. Түркістан облысында биыл 45713 оқушы 9-сыныпты бітіріп, бәріне аттестат берілді. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 4367 оқушы қол жеткізді. Ал 11-сыныпты 31210 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылды. Осылайша 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 9,11-сынып түлектерін қосқанда 77 мыңға жуық оқушыға аттестат табысталды.

Сонымен қатар Түркістан облысында 11 жыл үздік оқыған түлектерге өздері оқыған білім ордасында “Алтын белгі” табысталды. 2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында 1704 түлек “Алтын белгі” иесі атанды. Сондай-ақ 2400 оқушы “Үздік аттестат” алды.

Айта кетерлігі, биыл мемлекеттік қорытынды емтихан 9-шы сынып оқушылары үшін 29 мамырдан бастап, 10 маусым аралығында жүргізілді. Ал, 11-ші сынып оқушылары 28 мамыр мен 11 маусым аралығында қорытынды емтихандарын тапсырды.

Осы тұста атап өтер жайт, Жетісай ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясында мектеп түлектеріне арналған аттестаттарды тапсыру салтанаты өткізілді. Биылғы оқу жылында 88 оқушы аяқтады. Оның ішінде 27 түлекке — «Алтын белгі» және 14 түлекке үздік аттестат тапсырылды.

– Бүгінгі күн баршамыз үшін жүрек тебірентіп, көңіл толқытатын сәт. Олай дейтініміз мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиесін алып, білім нәрімен сусындап өскен ұл-қыздарымыз жаңа өмір әлеміне нық сеніммен қадам басқалы тұр. Сапарларың оң болсын, жас түлектер! – деді, мектеп-гимназия директоры Шохан Сәкенұлы Нұрбеков.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin