Түркістан облысында 8 тіл білетін жас полиглот тұрады

Түркістан облысының Жетісай ауданында 8 тілді меңгерген жас полиглот тұрады. Оның аты-жөні –Шахназ Разандиқызы Сачиди. Шахназ — Түркістан облыстық иран этномәдени бірлестігінің мүшесі. Ол 1999 жылы Абай ауылдық округіне қарасты Жүзімдік ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №21 Ю.Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде 2017 жылы мектепті тәмамдаған. 2018-2022 жылдар аралығында Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде екі шет тілі мамандығы бойынша білім алған.

Шахназ қазіргі таңда сегіз тілді жетік меңгерген. Алты тілді бала кезден өз қызығушылығымен үйренген. Атап айтсақ, қазақ, орыс, өзбек, парсы, түрік, әзірбайжан тілдері. Ал ағылшын тілі мен қытай тілін университет қабырғасында оқып жүріп үйренген. 2023-2024 жылдары аралығында «Шабыт» шығармашылық орталығында «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыс істеген.

– «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген сөз бар. Мен шет тілдерін үйренуге бала кезімнен қызықтым. Өйткені тіл арқылы адам өзге елдің мәдениетін, ұлттық ерекшелігін танып-біліп, таным көкжиегін кеңейте түседі. Әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әл-Фараби жетпіске жуық тіл білген. Тіл білуінің арқасында рухани ілім-білім қалыптастырған. Шет тілін білген жақсы, әрине. Дегенмен, Қазақстанда тұратын азаматтарға айтарым, ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылыңыз дегім келеді. Бұл – Отанға, елге деген құрметтің белгісі әрі мемлекеттік тіл барлығымызды біріктіреді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», — деді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену – әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп есептеймін, – дейді полиглот қыз.

Иә, расында да, қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты.

«Жер жүзінде бәрімізді алаңдатын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды.

Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналатынына сенімдімін.

Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Бүгін осындай бірқатар азаматқа марапат тапсырылады», – деді Президент.

Еске сала кетсек, Ұлттық құрылтайда президент қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын айтқан болатын. Ол елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын, бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық екенін атап өткен. Мемлекет басшысы сонымен бірге қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін, соңғы кезде аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп екенін мәлімдеді.

«Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді ол.

Назар аударар жайт, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің бірегей элементтері қалыптастырылды.

      Біріншіден, мақсатты бағытталған мемлекеттік саясаттың арқасында этностық және діни тиесілілігіне қарамастан, азаматтық тең құқықты іске асырудың тетіктері жасалып, жетілдірілуде.

      Екіншіден, Ассамблеяның Төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының кепілі — ел Президенті болып табылатындықтан, Қазақстандағы этностардың өкілдік етуі және мүдделерінің іске асырылуы ең жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады.

      Ассамблеяның жоғары органы — оның сессиясының шешімдерін барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға тиіс.

      Үшіншіден, ел Парламентіндегі этностар мүдделерінің кепілді өкілдігін Қазақстан Республикасы Парламентінің Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттары қамтамасыз етеді.

      Ел Парламентіндегі Ассамблеядан сайланған депутаттар ұлттық заңнаманың этностың тиесілігіне қарамастан, азаматтардың құқықтарын сақтау, этностық белгісі бойынша кемсітушілікке жол бермеу саласындағы стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан заң жобаларын қарауға белсенді қатысады.

      Ассамблеядан сайланған депутаттар этностардың құқықтарына қатысты сауалдарды дайындайды және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мемлекеттік органдарға жібереді, этносаралық қатынастар саласын жетілдіру бойынша мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл жасайды, Ассамблеяның іс-шараларына қатысады, Ассамблея сессиясы мен Кеңесінің жұмысына қатысады, халық арасында ақпараттық- түсіндіру жұмысын жүргізеді.

      Төртіншіден, Қазақстан Республикасында жалпыазаматтық қағидаттарға, ортақ рухани-мәдени құндылықтар мен жалпыұлттық тарихи санаға сүйенетін негіз қалыптастырылды.

      Бесіншіден, мемлекет Қазақстан этностарының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін дамыту жөніндегі жұмысқа жағдай жасады және қолдау көрсетуде.

      Қазақстан Республикасының тіл саясаты саласындағы заңнамасы азаматтардың ана тілін қолдану, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдау құқығын көздейді.

      Ассамблея еліміздің барлық этностары арасында мемлекеттік тілді дамытуға және дәріптеуге ықпал етеді. Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктер жанындағы 174 жексенбілік мектеп бар, онда Қазақстан этностарына мемлекеттік тілді оқыту бойьшша 124 топ жұмыс істейді.

      Алтыншыдан, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі азаматтық бастама және азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік билік органдарының сындарлы диалогы негізінде дамуда.

      Жетіншіден, Қазақстанның қағидаттық ұстанымы этносаралық мәселелермен саяси мақсатта манипуляция жасауға жол бермеуге негізделеді.

      Қазақстанда этносаралық қатынастар саласында жалпыға бірдей танылған нормалар енгізілді.

      Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі — ЕҚЫҰ) қатысушы елдердің 56 тілінде таныстырылды және Қазақстан Республикасының шет елдердегі елшіліктерінде практика жүзінде қолданылады.

      Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарымен, Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығымен, бірқатар елдердің мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарымен ынтымақтастық туралы, Ассамблея мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды.

      Жалпы елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету мен нығайтудың тиімді саяси-құқықтық және институционалдық-басқару жүйесі жұмыс істейді.

      «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС 2020 — 2021 жылдары жүргізген қоғамдық пікірдің әлеуметтанушылық мониторингінің деректері бойынша Қазақстан Республикасында этносаралық қатынастардағы тұрақтылықтың «негізгі өзегі» 94 % деңгейінде сақталуда. Азаматтарымыздың 88,3 %-ы көпэтностық идеяны қолдайды, Республика халқының 93,7 %-ы басқа этнос өкілдеріне оң көзқараста. Азаматтар тұтастай алғанда этносаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қолдайды және мұндай қолдау деңгейі 85,9 %-ды құрайды.

      Бұл көрсеткіштер бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделінің жұмыс істеуінің жалпы тиімділігін куәландырады.

      Сонымен бірге елдегі этносаралық қатынастардың дамуына әсер ететін сыртқы және ішкі факторларды бөліп көрсеткен жөн.

      Сыртқы факторлар арасында XXI ғасырдың жаңа сын-қатерлерін — әлемдік экономиканың құбылмалылығын, геосаяси текетірестің өршуін, қазіргі заманғы халықаралық қақтығыстардың туындауына этнодіни фактор ықпалының өсуін, көші-қон легінің күшеюін және босқындар санының өсуін атап өту маңызды.

      Әлемдегі геосаяси жағдай күрделі болып қалуда және шиеленісуге бейім. Атап айтқанда, әлемнің аса ірі мемлекеттері арасындағы санкциялық текетірестер, өңір елдеріндегі ахуалдың шиеленісуі және Ауғанстаннан босқындар санының өсуі Орталық Азия өңіріндегі халықаралық ахуалдың қалыптасуына келеңсіз ықпалын тигізуде.

      Қазақстанда тұратын этностардың тарихи шығу елдеріндегі, оның ішінде әзербайжан-армян және қырғыз-тәжік шекараларындағы оқиғаларға байланысты жекелеген қақтығысты жағдайлар, сондай-ақ Ресей-Украина қарым-қатынасының нашарлау факторы, жекелеген шетелдік саясаткерлердің арандатушылық мәлімдемелері Қазақстандағы этносаралық қатынастарға келеңсіз әсерін тигізуі мүмкін.

      Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды кейбір сыртқы күштер Қазақстандағы этносаралық қатынастарды шиеленістіру үшін пайдалануы мүмкін.

      Осының бәрі Қазақстан халқының бірлігін, ұйымшылдығын және патриотизмін одан әрі нығайтуды, этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіруді, Ассамблеяның қызметін жандандыруды талап етеді.

Шахназдың ендігі арманы – Қытай елінде білімін жетілдіріп, туған жерге оралып, өзінің жеке оқу орталығын ашу. Мектепте ұстаздық етіп, оқушыларды білім нәрімен сусындатқысы келеді.

Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін іс-шаралар өтуде. Өңірдің барлық аудан, қалаларында Мәдениет және туризм басқармасына қарасты тіл орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Облыстағы этнос өкілдерінің 92 пайызы қазақ тілін жетік біледі, құрмет тұтады.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, тіл үйрену ешуақытта кеш емес, артықтық етпейді. Қазақ атамның осы сөзінің жаны бар секілді. Өзге тілді меңгеру арқылы сіз басқа әлемге енесіз. Оған басқаша көзқараспен қарайсыз. Әлемді басқа қырынан тануға мүмкіндік туады.

Атап өтерлігі, Түркістан облысы әкімінің 2023 жылғы 16 қарашадағы №248 қаулысымен «Түркістан облысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудағы іс-қимыл жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, мемлекеттік тілдің рөлін күшейту бойынша мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 91,5% құрады. Ал биыл 92% пайызға жеткізу жоспарланған. Бүгінде облыстағы өзге ұлт өкілдерінің 74 пайызы қазақ тілінде сөйлесе алады.

Биылғы І тоқсанында тіл оқыту орталықтарында 1868 адам қазақ тілін оқыса, оның 607-сі — өзге этностар. Облыста 17 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Орталықта ересек тұрғындарға үш тіл, атап айтсақ, қазақ, орыс, ағылшын тілдері үйретіледі. Орталықтарда 51 оқытушы жұмыс істейді. 2023 жылда қазақ тілін 2754 адам, орыс тілін 1786, ағылшын тілін 1488 адам оқыған.

Еске салайық, Премьер-министр «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасын бекіту туралы» Үкімет қаулысына былтыр қазан айының 16-сында қол қойып, күшіне енді. Мәлім болғандай, тұжырымдамадағы жоспарларды орындау мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға тікелей ықпал етпек.

Тұжырымдама 6 бөлімнен және іс-қимылдар жоспарынан тұрады.

Айқындалған басты міндеттің бірі — қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру. Ол жұмыстар әліпби нақты нормативтік құжаттармен бекітілгеннен кейін кезең-кезеңімен іске асырылады.

Жалпы, тұжырымдаманы іске асыру аясында 2029 жылға қарай мына нәтижелерге жетуге мүмкіндік бермек:

— республика бойынша қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі — 84%;

— үш тілде сөйлейтін тұрғындардың үлесі — 32%;

— жаңа әліпби мен емле ережесін оқыту курсымен қамтылған тұрғындар үлесі — 15%;

— орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі — 94%;

— қазақ тілінің латын графикалы әліпбиінің емле ережесіне негізделген терминологиялық қордың үлесі — 40%.

Осы мақсаттарға қол жеткізу тұжырымдамасында басқалармен қатар, халыққа қазақ тілін үйрету курстарын ашу, бейнесабақтар өткізу, жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бағдарламаларын жаңарту ұсынылады.

Сонымен қатар, құжатта жаңа сөздіктер мен анықтамалықтар әзірлеп, басып шығару, түрлі курстар мен семинарлар ұйымдастыру ұсынылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin