Түркістан шаһарында «Kone turki dasturi» этнофестивалі мен «Бір ауыл – бір өнім» атты өңірлік көрме өтті. Көрмеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысты.
Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Open Turkistan» туристік ақпарат орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада өңір кәсіпкерлерінің өнімдері де ұсынылды. Атап айтқанда, қолөнер шеберлерінің өнімдері, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды.
– Бұл шараның өңірдегі шағын кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жергілікті шеберлердің бірегей дәстүрлерін, мәдени мұрасын және шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл ұлттық қазақстандық бірегейлікті әлемдік деңгейде сақтауға және ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаевтың айтуынша, отандық өнімдер одан әрі маркетингтік қолдауға ие болып, брендтеліп, сертификатталады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, оларды экспортқа шығаруға мүмкіндік бермек.
Өңірдің туризм саласын, көне салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарды дамыту және ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында өткен іс-шарада қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, шеберлік сабақтары өтті.
Іс-шара барысында отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің өнімдері бағаланып, үздіктер анықталды. Қатысқан қолөнершілерге алғыс хаттар берілді. Одан өзге, ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмау мақсатында қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс және қой көтеруден жарыстар өтіп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтарға ие болды.
Тақырыпқа орай тағы бір ақпаратты айта кетсек. Түркістандықтар енді ашық аспан астында тоғызқұмалақ ойнай алады.
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің кез келген үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын. Қазақтың ұлттық ойыны соңғы жылдары ерекше дамып келеді. Осы мақсатта бүгін Түркістан қаласындағы Этноауылда тоғызқұмалақ аллеясы ашылды. Енді қала қонақтары мен тұрғындары ашық аспан астында ойнай алады.
Бұл бастамаға Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын қолдау мақсатында Түркістанның тумасы, Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов ұйытқы болып, облыс орталығына сый жасады.
Дүниежүзілік және Республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының Президенті, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов өз сөзінде бұл шара зияткерлік пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ спорт түрінің рухани шаһарда қарқынды дамуына жол ашады деді.
Іс-шарада Әлихан Бәйменов Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевпен тоғызқұмалақ тақтасында кездесіп, ұлттық спортқа қолдау көрсетті.
Шара барысында алғашқы сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат ұсынылды. Алдағы күндері төрт тоғызқұмалақ тақтасы орнатылып, ел игілігіне беріледі.
Айта кетейік, Түркістанда былтыр ашылған Балалар және жасөспірімдер спорт клубында қазақ халқының мұрасына айналған тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Мұнда бір жаттықтырушы көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық спортқа баулып жүр.
Айтпақшы, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры кезекті XXV мерейтойлық маусымға дайындық жұмыстарын бастады. Жазғы демалыстан оралған театр ұжымы іске қызу кірісті.
Маусым шымылдығы театрдың төлқұжатына айналған, режиссер Райымбек Сейтметов сахналаған «Көк түріктер» тарихи драмасы ашады деп жоспарлануда.
Жаңа маусым қарсаңында белгілі режиссер, Ұйғыр театрының көркемдік жетекшісі Фархадбек Канафин арнайы шақырылды. Тың бағыттағы жаңа қойылым сахналауға ұсыныс жасалды. Қазір таңда ркжиссер дайындық жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта театр қоржыны бірқатар премьерамен толықпақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.