Түркістан облысында «TAZA QAZAQSTAN» қосымшасы пилоттық режимде іске асырылып жатыр

«Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс көлемінде уақытылы өткізілуде. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларда 291 ауқымды іс-шарасы өткізілді. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жалпы барлық аудан, қалаларға кіреберіс аумақтары мен жолдардың бойы тазаланып, ретке келтірілген. Өткен аптаның ішінде, 10 ауданның 33 елді мекенінде ауқымды сенбілік өткізілген. Нәтижесінде 3 236 тұрғын қатысып, 554 қоғамдық жұмысшы тартылған. Сонымен қатар 59 техника жұмылдырылып, 66,8 тонна қоқыс шығарылды.

Түркістан өңірінде «Taza Qazaqstan» қосымшасы пилоттық режимде сәтті іске асырылуда. Бүгінде 320 өтінім түсіп, оның 297-сі орындалған. Қалғаны орындалу барысында, ал оннан аса өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылған. Бұған қоса қосымшаны кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде. Бір аптаның ішінде 33,3% өсіп отыр.

Өңір басшысы аталған ақпараттық жүйемен жұмыстарды жүргізу Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында екенін атап өтті. Аудан, қала әкімдіктері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет деді. Апта сайынғы кеңестерде, өңірлердегі қосымшамен жұмыс деңгейі бойынша баяндауды тапсырды.

Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда. Облыс көлеміндегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші кезекте қасбеттерін сырлау, әрлеу, біркелкі түске бояу және түрлі-түсті гамма жарықшамдарын қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Таза Қазақстан»: Ордабасы ауданында өткен тазалық шарасына 500-ге жуық адам қатысты

Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында жалпыаудандық сенбілік өтті.

Тазалық шарасына аудан ардагерлері, қоғамдық ұйым жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, ауыл әкімдері, мекеме қызметкерлері, жастар, ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шарада аудан орталығындағы орталық көшелерде, саябақта тазалық жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, сенбілік барысында мәдени және спорттық іс-шаралар өтті. Қатысушылар көшелерді тазалау, иригация жүйелері мен аяқ жолдарды тазалау, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды.

Жалпы, сенбілікке аудан бойынша 500-ге жуық адам қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылды.

«Таза Қазақстан» аясында «Таза ауыл» экоакциясы өтті

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ордабасы ауданында «Таза ауыл» экоакциясы өтті. Тазалық шарасына ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар, ауыл тұрғындары қатысты.

Сенбілік барысында аудан орталығы Темірлан ауылында көшелерді тазалау, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 1 мыңға жуық адам мен арнайы техникалар жұмылдырып, 17 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Бөпешбайұлы ордабасылықтарды республикалық экошараны ел болып қолдауға шақырды.

«Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ел туралы пікір оның ауыл-аймағына қарай айтылады. Айналамыз таза, көрікті болса, біз туралы айтылар ой да жақсы болмақ. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық. Республикалық бастаманы бірге қолдайық», — деді ақсақал.

Cондай-ақ, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Әбіш шараның маңыздылығына тоқталды.

«Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің көрсеткіші. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау — әрбір азаматтың борышы. Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп тектен тек айтпаған. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы тазалыққа қатысты. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек. Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау — ең алдымен табиғатқа, кейін ауданның көркеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағдайда байқай бермейміз. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысайық», — деді ардақты ана.

Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында аудандық, ауылдық өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көп қабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда.

Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл — сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан»: Жетісай ауданында өткен сенбілікке мыңнан астам адам қатысты

Бүгін Жетісай ауданына қарасты қала, кент, барлық ауылдық округтерде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында сенбілік ұйымдастырылды.

Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, белсенді азаматтар мен ерікті жастар, жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы саны мыңнан астам адам мен 10 техника жұмылдырылған сенбілікке аудан тұрғындары бір кісідей атсалысты.

Санитарлық тазалық жұмыстарына қатысушылар негізінен көппәтерлі тұрғын үйлер мен саябақтардың, скверлер мен аллеялардың, автожолдар мен тұрғындар көп жүретін орындардың маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартып, шөптерін шапты. Қураған ағаштарды бұтады.

«Тазалық шараларын жиі ұйымдастырып өткізудегі негізгі мақсатымыз – аудан тұрғындарын туған өлкені таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы экологиялық тазалықты сақтауға, ұжымдасып жұмыс жүргізуге шақыру. Мұндай шараларды тұрақты түрде өткізуіміздің нәтижесінде қатысушылардың қатары да күн санап артып келеді. Бірқатар елді мекенде ауыл ақсақалдары тазалықтың сақталуын өз бақылауларына алған» дейді аудан әкімі Серік Үсенұлы.

Бұдан бөлек, сенбілікте аудан әкімі аппаратының бөлімдері мен кент, ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды қоқыстан, керексіз қалдық заттардан тазартты.

Созақ ауданында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды

Бүгін Созақ ауданына қарасты ауылдар мен елді мекендерде «Таза Қазақстан» Республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары өтті. Сенбілікке 1900-ға жуық мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен белсенді жастар және 16 арнайы техника жұмылдырылды.

Аудан аумағын көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ішкі көшелер мен әлеуметтік нысандардың ауласын аралап, қосымша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады.

Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісіп, аялдамаларды, ішкі көшелер мен саябақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұған қоса су өткелдері, көпірлер, өзен, канал, бұлақ, арық бойлары тазаланып, көше бойындағы талдардың түптері әктелді. Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағындағы шөптерді отап, егілген тал көшеттерін күтіп-баптау, суару жұмыстары жүргізілді.

Оған қоса 33 шақырым көше бойлары мен 18 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 9 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 69 тонна қоқыс тасымалданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin