Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп босқа айтпаған. Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтап, дені сау ұрпақ өсірумен, экологиялық таза ортада өмір сүруімен тікелей байланысты.
Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен қала, кент, барлық елді мекендердің тазалық жұмыстарының жандануы үшін тиісті шараларды жүргізу міндеттеліп, «30 тамыз – Конституция күні» мерекесіне орай 680 азаматтың қатысуымен жалпыаудандық сенбілік өтті. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауданның ерікті жастары, тұрғындар белсене қатысты. Әрбір мекеме мен бөлімдерге арнайы бекітілген учаскелерде бей-берекет жатқан қоқыс орындары тазаланып, ауданның кіреберістері тазаланып, шөптерін шапты, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинады.
Кез-келген аудан, қаланың тазалық көрсеткiшi сол мекен тұрғындарының мәдени деңгейiн көрсететіндіктен тұрғындардың жақсы тұрмысы үшін бірқатар игі істер атқарылуда. Көшелер кеңейтіліп, түнгі жарықшамдар орнатылуда. Арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, көшет егу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мұның барлығы, әрине, тұрғындар үшін. Барды қадірлей отырып, туған еліне құрметпен қарап, ел-жұртын жақсы көретін азаматтарды ауданды көркейтуге, абаттандыруға, еліміздегі ең таза аймақтардың бірі болуына белсене атсалысуға жұмылдыру да үлкен маңызға ие.
Айта кетейік, тазалық акциясына 15 техника жұмылдырылып, 75 тонна қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар жалпыреспубликалық тазалық шарасының кезекті апталығында 13 мыңнан астам түркістандық тазалық жұмыстарына атсалысып, 545 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды. Қураған ағаштар қырқылып, саябақтар мен жол бойы, тұрғын үйлер төңірегі тазартылды.
Түркістан облысындағы аудан, қалаларда наурыз айынан бері жалпы 300-ден астам ауқымды тазалық іс-шаралары өткізілген. Өткен аптаның ішінде өңірдегі барлық аудандардағы 32 елді мекенде ауқымды сенбіліктер өткізілген. Оған 4 мыңнан астам тұрғын мен қоғамдық жұмысшылар тартылды. Бір аптада 85 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Конституция күні» мерекесіне орай облыс көлемінде ұйымдастырылған ауқымды сенбілік жұмыстарына 10 000-нан астам тұрғын қатысты. 136 техника тартылып, 460 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ Сарыағаш аудандағы «Жібек жолы» кеден бекеті маңындағы тазалық шаралары жалғасады.
Жаңадан іске қосылған «Taza Qazaqstan» қосымшасы пилоттық режимде сәтті іске асырылуда. Осы уақыт ішінде келіп түскен 333 өтінімнің басым бөлігі орындалған.
Тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болған экологиялық шара аясында жеке үйлердің сыртын ретке келтіруге де мән берілген. Ел көлемінде өтіп жатқан жаппай тазалық шаралары игі үрдіске айналып, әрі қарай да жүйелі түрде жалғаса береді.
Бұдан бөлек ҚР Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Кентау қаласының тұрғындары жаппай сенбілікке шығып, қаланы күл-қоқыстан тазартты.
Қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасына сәйкес, қаланың 6 аймағында сенбілік шарасы ұйымдастырылды. Оған қала кәсіпкерлері, төтенше жағдай қызметкерлері, қалалық емхана және аурухана қызметкерлері, білім бөліміне қарасты мекемелер, барлық қала әкімдігіне қарасты сала қызметкерлерінен құралған 2000- ға жуық адам жұмылдырылды.
Тазалық шарасы қаладағы Кеншілер саябағында, Дінмұхамед Қонаев даңғылы, Кентауға кірер тас жол бойы, Тұрар Рысқұлов көшесі, Спорт мектептері, мектеп және балабақша мекемелерінің аулаларында өткізілді.
Қаланың тазалығын сақтауға, таза қала бейнесін қалыптастыруда кентаулықтар үздіксіз атсалысып келеді. Алдағы уақытта қала көлемінде мұндай шаралар жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.