Түркістан облысының барлық ауданында ұстаздар мен оқушылар қарияларға қолғабыс етті

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Бәйдібек ауданында жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандағы барлық елді мекендердегі мекеме қызметкерлері мен жастар қазыналы қариялардың үйлеріне барып, аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шыбыт елді мекеніндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің ұстаздары мен оқушылары батыр ана Валентина Жұмабекованың үйіне барып, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар аталған ауылдық округіне қарасты Тасқұдық мектебінің оқушылары мен ұстаздары да тыл ардагері Фатима Әлімбекованың шаңырағында болып, ауласын тазалау, бақшасының жерін аудару, көгалдандыру жұмыстарын атқарды.

Елімізде экоакция аясында өткізіліп жатқан шараға белсенділік танытып, шаңырағына арнайы келіп, көмек қолын созып жатқан ұстаздар мен оқушыларға алғыстарын білдірген ақ жаулықты аналар баталарын берді.

«Өнегелі ұрпақ» шеңберінде Сайрам ауданында да оқушылар қариялардың бау-бақшасын баптауға белсене атсалысты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында Манкент ауылдық округі әкімінің ұйымдастыруымен Айша бибі және №27 Аққала атындағы жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары Аққала және Манкент ауылдарында тұратын еңбек ардагері Шамхат Эргешов және зейнеткер Зүлфия Исанова апаның үйіне барды.

Тазалық науқаны барысында аулаларындағы арам шөптерді орып тазартты. Күл-қоқыстарды сыпырып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, бөлме гүлдеріне күтім көрсетіп, арық-атыздардағы топырақ түптерін қопсытты. Бау-бақшада өсірілген өнімдерге ағын су мөлшері тиісті жетуі үшін арық арналарын тазартты. Қоршаған ортаны қорғауға жанашырлық танытып жүрген, осындай отансүйгіш оқушыларға қарттар риясыз көңілмен ақ батасын берді.

«Өнегелі ұрпақ» аясында төлебилік еріктілер де қариялар мен ардагерлердің үй аулаларын тазартты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Түркістан көпсалалы техникалық колледжінің ерікті жастары қариялар мен ардагерлердің үйлеріне барып тазалау, шөптерді ору, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу және тағы басқа жұмыстарды жүргізіп, қарияларға құрмет жұмыстарын жалғастырды.

Бұл жолы ерікті жастар Көксәйек елді мекенінің тұрғыны балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келген «Тыл еңбеккері» Нұрсейіт Жолшыбеков ақсақалдың ауласында көктемгі дала жұмыстарына көмектесіп қайтты.

Болашақ ұрпақтың қамы үшін тер төккен қарияның жүрегіне жылулық сыйлап, ауыр еңбекпен көз ашқан атамыздың балалық шағының қалай өткенін студенттер өз аузынан естіді.

Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында сенбіліктер өтті.

Шарада жастар мен ерікті азаматтар ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үй аулаларында тазалық әрі абаттандыру жұмыстарын атқарды. Атап айтқанда, шөп ору, жер аудару, ағаш бұталау, үйдің қасбеті мен қоршауларды сырлау, қоқыстан тазарту жұмыстары. Мәселен, Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округінің ерікті жастары тыл ардагері Бисебай Ағабековтың үйіне арнайы барды. Онда белсенді жастар үй ауласындағы арық-атыздарды тазалап, ағаштардың түбін қопсытты. Сондай-ақ, аула аумағын күл-қоқыстан тазартты. Ардагер ақсақал жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Бұдан бөлек республикалық «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Мақтаарал ауданында да жаппай сенбілік өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов пен облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Қанаев Бірлік ауылдық округі Алғабас ауылының тұрғыны, 89 жастағы батыр ана Махсуда Сүлейменованың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ауыл жастарымен бірге батыр ананың үй ауласында тазалық жұмыстарына атсалысты. Мұндай өнегелі істер ерікті жастардың, мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен аудандағы 69 елді мекеннің барлығында өтті.

Сенбілікте автожолдардың бойы жабайы шөптерден тазартылып, көшеттер егілді. Аялдамаларда әктеу-сырлау жұмыстары атқарылып, билборд және жарықшам бағаналары әрленді. Жалпы сенбілікке 22 техника, 6 мыңнан аса адам жұмылдырылып, 32 тонна күл-қоқыс шығарылды. 120 шақырым автожолдың бойы, 3,5 шақырым ирригациялық жүйелердің бойы тазаланды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқанының «Өнегелі ұрпақ» апталағында Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің тұрғындары ғасыр жасаған Жұмат қария мен Жұбайхан әженің үй аулаларында тазалық шараларын жүргізді.

Еріктілер ғасыр құрдасы атанған Жұмат қарияның үй ауласында шөп орып, ағаш әктеді. Жәрдем берген ауыл тұрғындарына қария батасын берді. Сондай-ақ, Жұбайхан әже өз кезегінде ауласын абаттандыруға көмек берген азаматтарға ризашылығын білдірді. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Сонымен бірге бүгін сарыағаштық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығында ҰОС ардагері Ермахан Ишқоновтың үй ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғын үй ауласын қоқыстардан тазартты. Шараға жастармен бірге аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Қ.Қыстаубаев белсене атсалысты.

Ұлы отан соғысының ардагері Ермахан Ишқонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақыртылып, соғысқа аттанған. Сондай-ақ, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге жіберіліп, 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Бүгінде Ермахан ақсақал I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «Мінсіз қызметі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында Сарыағаш ауданындағы «Ардагерлер» саябағында сенбілік өтті. Сарыағаштық белсенді жастар саябақты ретке келтіру, әптеу-сырлау, абаттандыру, күл-қоқыстан тазалау сынды жұмыстарды атқарды. Осы уақытқа дейін саябаққа ағаш және гүл көшеттері отырғызылып, күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылған болатын. Одан бөлек, саябақ аумағы қоқыстан тазартылып, ағаштардың қураған бұталары қырқылды.

Жалпы ауданда апталық аясында отырарлық қариялардың үй аулалары тазаланып, абаттандырылуда. Ондағы мақсат — үлкенге құрмет көрсету арқылы келешек ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Сонымен қатар, көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Үш апта көлемінде түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында төлебилік жастар қариялардың ауласына сенбілік жұмыстарын атқаруда. Тазалық шаралары барысында аудандағы барлық ауылдық округтердегі жалғызбасты қарттардың ауласы қамтылуда. Бүгін аудан жастары 87 жастағы Майдан Жатақбаеваның ауласын тазалап, бау-бақшасын ретке келтірді. Одан бөлек, қарияның үй жұмыстарына көмек беріп, аулада көгалдандыру шараларын жүргізді.

Сауран ауданында да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығы өз жалғасын тапты. Аудан орталығындағы Ардагерлер аллеясының аумағын абаттандыру, тал егу, сырлау, әктеу және тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов бастап, мамандары, ауданның білім бөліміне қарасты ұстаздар сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды.

Сонымен қатар, аудан орталығындағы Сәкен Сейфуллин көшесінің тұрғыны, 77 жастағы жалғыз басты қария Айдар Бабажановтың шаңырағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Үй іші әктеліп, ауласында бей-берекет өскен шөптері шабылып, қарт кісіге қолғабыс етілді. Айдар атамызда қол-ұшын созып, көмектесіп жатқан азаматтарға өз атынан алғысын білдірді.

Аудан көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын жүргізу ісі кеңінен қолға алынды. Осы күні барлық ауылдық округтер мен бөлімдер «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлерге, жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып, ауласын тазалап, қоршауларын бояу жұмыстары жүргізілді.

Өз кезегінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров саурандықтарды: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны баршаңызға белгілі. Бір ай көлемінде Сауран ауданының тұрғындары да таза қоғамның мәдениетін қалыптастыру бағытына барынша қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына белсенді қатысып келеді.

«Тазалық – денсаулық кепілі» деп халқымыз бекерге айтпаған. Әр саналы азамат өзі тұратын ауылдың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек.

Кез келген дамыған өңірдің басты айқындаушысы – аймақтың тазалығы мен қоғамдық тәртіптің тұрақты болуы. Осы тұста аудан байынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында Сауран ауданында 50 000 жуық ағаш бұталанып, әктелді. Қоқыстар шығарылып, басты көше бойында тозығы жеткен үйлердің қоршауларының қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

«Киелі мекен» апталығында көне тарихтан сыр шертетін «Сауран қалашығы», «Укаша ата», «Жүсіп ата» кесенелерінің аумақтары көгалдандырылып, тазартылды. Аудан көлемінде «Жасыл аймақ» апталығында ауылдық округтер мен елді мекендерді көгалдандыру мақсатында жалпы 32 мың дана көшет және 11 мыңнан астам гүл егілді. Алдағы аптада өзендер мен көлдердің аумақтарын тазалу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қоршаған ортаның тазалығын сақтап, Табиғат-Анаға қамқорлық таныту баршағамызға ортақ іс. «Тазалық жасаған жерде емес, сақтаған жерде» екенін ескеріп, әрбір азаматты қоршаған ортамызға жанашырлықпен қарап, туған жерінің қадірін ұғынып, баршаңызды тарихы тереңде жатқан ауданымыздың тазалығын сақтауға шақырамын» — деп, жұдырықтай жұмылуға үндеді.

Еске сала кетсек, еліміз бойынша экоакция аясында 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығында – «Мөлдір бұлақ» апталығы өтеді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin