Түркістан облысының бюджетіне 123,5 миллиард теңге көлемінде кіріс түсіп, жоспар 106,7%-ға немесе 7,8 миллиард теңгеге асыра орындалды

2023 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша Түркістан облысының бюджетіне 123,5 миллиард теңге көлемінде кіріс түсіп, жоспар 106,7%-ға немесе 7,8 миллиард теңгеге асыра орындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсім 8,3 миллиард теңгеге артқан немесе өсу қарқыны 7,2 пайызды құрап отыр.

Жалпы, барлық аудан, қалалар бойынша түсімдер жоспары асыра орындалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында облыс бюджетінің игерілуі және республикалық бюджет есебінен жобалардың қаржыландырылу барысы қаралды.

Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаевтың баяндауынша, бірқатар аудан, қалалар есепті кезең жоспарын асыра орындап отырғанымен, кей аудандарда жылдық жоспардың орындалуы төмен. Барлық аудан, қала әкімдеріне түсімдердің әрбір түрі бойынша жоспарын, оның ішінде реттелуші салықтардың ай сайынғы жоспарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілген.

Облыс әкімі кейбір бағытта қаржының игерілмей қалуы салалар жұмысына кері әсерін тигізетінін ескертті. Әкімдерге барлық қаражат толық, сапалы және уақытылы игерілу мақсатында заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Мемлекет тапсырысын орындаушылар арасында отандық өнім өндірушілерге басымдық беруді жүктеді.

– Мен үнемі барлық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржыларының тиімді әрі мақсатты жоспарлануына және уақытылы игерілуіне қатаң талап болатынын ескертіп келемін. Бюджеттің әр тиынның сұрауы, есебі бар. Жоспарлау дұрыс болса, бұлай болмас еді. Бюджет қаржысын бағыттау барысында да жобалардың мерзімі ескерілмей, қаржы игерілмей жатады. Осының бәрін ескеру керек. Бюджет қаржысын сапалы әрі тиімді игеріп, жоспарланған түпкі нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмысты жандандару керек, – деді облыс әкімі.

Жиында жыл ішінде бюджетті нақтылау барысында облыстың бюджет көлемін республикалық трансфеттер және өз кірістері есебінен ұлғайту барысы талқыланды.

Осы тұста Ұлттық статистика бюросы әзірлеген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындыларын назарларыңызға ұсынғанды да жөн көріп отырмыз.

Халық саны

Облыс бойынша 2023 жылғы 1 қазанға халық саны 2137,7 мың адамды құрады. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйектегі халықтың табиғи өсуінің абсолюттік көрсеткіші 34,1 мың адамды құрады (2022 жылғы қаңтар-қыркүйекке – 96,1%), осы кезеңде 41,5 мың (96,8%) – туу, 7,4 мың (100,2%) — өлім оқиғасы тіркелді.

Облысқа 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте 28783 адам келген (облыс ішіндегі көші-қонды есепке алмағанда) (2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 24548 адам), 44412 адам — кеткен (39333 адам), көші-қон ағыны бойынша абсолюттік ауытқу айырымы 15629 адамды (теріс) құрады, ал 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 14785 адамды (теріс) құрады.

Тұрмыс деңгейі

2023 жылғы IІ тоқсанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары, бағалау бойынша, 101690 теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19,2%, нақты ақшалай табыс – 3,6% өсті.

Жұмыспен қамту статистикасы

2023 жылғы ІІ тоқсанда жұмыссыздар саны, бағалау бойынша, 41,6 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне 5% құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2023 жылғы қыркүйектің соңына 36,1 мың адамды немесе жұмыс күшіне 4,3% құрады.

2023 жылғы ІІ тоқсанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 299042 теңгені құрап, 2022 жылдың ІІ тоқсанына қарағанда 12,2% өсті. Осы тоқсанда нақты жалақы индексі 97,5% құрады.

Баға статистикасы

Түркістан облысы бойынша 2023 жылғы қазанды 2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда тұтыну бағаларының индексі 107,9% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 4,5%, азық-түлік емес тауарлары – 8,1%, халыққа ақылы қызмет көрсету – 15,1% көтерілді.

Сауда

Бөлшек сауда көлемі 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте 215800,8 миллион теңгені немесе 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек деңгейіне 104,5% құрады.

Көтерме сауда көлемі 90874,6 миллион теңгені немесе 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек деңгейіне 110,8% құрады.

2023 жылғы қаңтар-тамызда Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 409,3 миллион АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар-тамыз деңгейіне 102,3% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 333,3 миллион АҚШ долларын немесе 106,5%, импорт – 76 миллион АҚШ долларын немесе 87,4% құрады.

Экономиканың нақты секторы

2023 жылғы қаңтар-маусымдағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1510391,5 миллион теңгені құрады. Нақты ЖӨӨ 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2% өсті. ЖӨӨ құрылымында тауар өндіру үлесі 34,6%, қызмет көрсету – 56,8% құрады.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте облыстың негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 661588,9 миллион теңге болып, 2022 жылдың тиісті деңгейіне 136,5% құрады.

Түркістан облысы бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (көрсетілетін қызметтерінің) жалпы шығарылымы 802612,9 миллион теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8% артты.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда (алдын ала деректер бойынша) 680610 миллион теңгені құрады, бұл 2022 жылдың тиісті деңгейінен 4,7% артты. Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі 0,4%, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметте – 6,8% төмендеді, ал өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 10%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 18,5% артты.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте құрылыс жұмыстарының (көрсетілген қызметтердің) көлемі 230839,5 миллион теңгені немесе 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек деңгейіне 109,1% құрады.

Облыста 669,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,1% құрады.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте жүк айналымының көлемі 18508,7 миллион текше метрді құрады, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек деңгейіне 94,7% құрады. Жолаушылар айналымының көлемі 1220,9 миллион жкм құрады, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек деңгейіне 124,1% құрады.

Кәсіпорын статистикасы

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Түркістан облысында 17753 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15951 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 17112, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 534, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 107, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 15310534 және 107 бірлік. 2023 жылғы 1 қазанға Түркістан облысының жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 213164 бірлікті немесе 2022 жылдың тиісті кезеңіне 124,5% құрады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin