Түркістан облысының білім басқармасы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шаралар өткізілетінін хабарлады

Түркістан қаласында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізілмек. Облыс орталығындағы «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік шара ұйымдастырылмақ. Мерекелік жиын барысында «Қуыршақ» театрының қойылымы сахналанып, балалар үшін аквагрим жасалып, тегін тәттілер үйлестіріледі. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова брифингте мәлімдеді.

«Бағдарламаға сәйкес, «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде оқушылардың қолөнер жұмыстарының жәрмеңкесі мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, балалар жазушыларының кітаптар көрмесі, «Drone Challenge» және «ROBO FEST» көрмесі қойылмақ. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан турнир, армрестлинг спортынан әлем чемпиондарымен шеберлік сағаты және «Аралдағы цирк» мерекелік қойылымын көрсету көзделген. Сондай-ақ, «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы, 500 оқушыдан құралған «Dombyra party» флеш-мобы, «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысы оқушыларынан құралған топ өнері көрермен назарына ұсынылады» — дейді басқарма басшысының орынбасары Айгүл Ерғалиқызы.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты барысында спикер облыстағы жазғы лагерьлер жөнінде айта кетті. Биыл Түркістан облысында 35 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы, жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері қызмет көрсетпек. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 облыстық колледж студенті практикаға тартылады. 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен өңірдегі 2 лагерьде 3421 бала Түлкібас (2000 бала), Төлеби аудандарының (1421 бала) лагерлерінде демалады деп күтілуде, бұл 0,8% құрайды.

Сонымен бірге, мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде ұйымдастырлады. Оған 10 000 оқушы қамтылатын болады, қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Бүгінгі күні осы лагерьлердің жұмысын қызықты өткізу үшін «Үздік жаздық бағдарлама» байқауы жоспарлануда.

Таулы аймақтарда маусым айында күннің суықтығына байланысты шатырлы және этнолагерьлер жұмыстары шілде айында басталып, тамыз айының 23-іне аяқталады деп жоспарланды.

Бұған қоса, 350 мектепте 1 мезгілгі тамақпен ұйымдастырылатын мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарын жүргізеді.Түркістан облысы бойынша 1-5-ші сынып оқушыларының жалпы саны — 256 197.  Облыс бойынша барлығы 1-10-шы сыныптарда 467 766 оқушы бар, оның ішінде 366 123  (78,1) оқушыны қамту жоспарлануда. Осы мақсатта барлығы  2 259 1 теңге қарастырылуда (оның ішінде бюджеттен — 1 826,9 миллион теңге, 12,5 миллион теңге — демеушілер тарапынан, 426,7 миллион теңге —  ата-аналар есебінен).

Қала сыртындағы лагерьлердегі ауысымдар 1-5 маусым аралығында басталып, 5-10-шы сынып оқушылары қамтылады. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 бала — бюджет есебінен. Маусымдық лагерьлерде жолдама құны 59 594 мың теңгені құрайды, әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн.

Облыста жазғы маусымда барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, спорттық ойындар мен жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылып, жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында тарихи орындар – Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек аудан-қалалары мен ондағы мұражайларға бару және туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырып, оған 41 000 оқушы барады деп жоспарлануда.

Жоғарыда аталған іс-шаралар барысында мониторинг жасап, жұмыстарды бақылауға алу мақсатында барлық құқық қорғау мен құзырлы сала өкілдерінен облыста жұмыс штабы құрылды.

Осы орайда еске салар тағы бір жайт, 27 мамыр күні еліміздің мектептерінде аралық және қорытынды емтихандар тапсыру кезеңі басталды. Емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады. Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8, 10-шы сыныптар үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихадар өтеді. Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.

29 мамыр мен 10 маусым аралағында 9-сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді, ал 11-сыныпты бітірушілер 28 мамыр — 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.

«Ақтөбе облысынан 9 мектеп, Атырау облысынан 20 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектеп оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды», — деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9 сыныпты бітірушілер, сондай-ақ биыл 11 сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.

Сөз соңында. Бүкіл әлемде 1 маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, ескі халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.

Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.

Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі — балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.

БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.

Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл- қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.

Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кетәрі емес. Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет — болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin