Түркістан облысының білім саласын дамытуға ҚР Оқу-ағарту министрлігі ерекше көңіл бөлініп келеді. Министр Ғани Бейсембаев тарапынан өңірге арнайы топ аттандырылып, тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсетілуде. 2023 жылдың соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының сұранысы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Түркістан облысына арнайы мониторинг тобын жіберіп, алдымен Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш аудандары мен Арыс, Түркістан қалаларындағы білім мекемелерінде бірқатар жүйелі кемшіліктерді анықтады.
Сала мамандары мониторинг жұмысын жалғастырып, қалған 12 ауданда зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер талқыланып, арнайы Жол карталары жасалды. Олқылықтарды жойып, білім саласын жақсарту үшін бірқатар бастамалар қолға алынды.
Түркістан облысының білім саласының өзекті мәселелер жөніндегі кеңес өтті. Жиынға ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Васильевна Жумадильдаева бастаған министрлік өкілдері қатысты. Өңір педагогтерімен кездесу өтіп, онда білім саласында жүргізілген кешенді мониторингтің қорытындысы талқыланды.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырды. Мониторинг қорытындысына сәйкес, білім сапасын арттыруға ұсыныстар білдірілді. Зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, өңірдің даму жоспарындағы мақсатты индикаторлар жүйесімен білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді жоспарлауды ұйымдастыруда жүйелі түрде әдістемелік нұсқаулар берілген. Олардың қатарында «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндама аясында бекітілген өңірлік жол картасы шеңберінде білім беру ұйымдарының даму бағдарламасын әзірлеу бар.
Қазіргі таңда өңірде 1028 білім беру ұйымының даму бағдарламасы жасалып, облыстық әдістемелік орталығының сайтына жүктеліп, іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, ауылдық және қалалық білім беру ұйымдарының арасындағы алшақтықты, мектептердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін ресурстық орталық ретінде 11 жетекші мектеп бекітілді. Облыста «1000 мектеп» жобасы аясында өңірдің 83 мектебіне менторлар бекітіліп, мектепішілік бақылау жүргізудегі менеджмент құралы — оқу мен оқытудың инновациялық моделін құру бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп, жұмыстарының стратегиялық қадамдары жасалынып, іске асырылу үстінде. Білім сапасын арттыру мақсатында Сайрам, Жетісай аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында білім беру округтерін (кешендерін) ашу мамыр айының соңына дейін іске асырылады. Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытында өңір педагогтері үшін кеңейтілген мәжілістер, ақпараттық сағаттар өткізіліп, тәжірибелік алаңдар жұмыс істеп тұр. Шеберлік сабақтарына, «Lesson study» оқыту семинарларына 1780 педагог қамтылды. Сонымен қатар, 4000 мыңға жуық педагогті мамыр айының соңына дейін оқыту семинарларымен қамту жоспарланып отыр. Мұғалімдердің цифрлық құзыреттіліктері мен кәсіби дамуын, сандық технологияларды пайдалана білуін қамтамасыз ету үшін «Coursera» (КУРСЕРА), «BilimCenter.kz» цифрлық платформаларында 32 451 пән мұғалімін оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында «КУРСЕРА» орталығы ашылды.
Түркістан облысының білім беру ұйымдарындағы тежеуші факторларды анықтау үшін жаһандық PISA зерттеуінің нәтижелері мен MОДО ішкі сапаны бағалау жүйесі негізінде өткен жылдың қараша айында министрлік кешенді талдау мен бағалау жүргізген болатын. Қорытындысы бойынша кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жоспары әзірленді. Жұмыс биыл да жалғасын тапты.
Сапалы білім және тәрбие жұмысын ұйымдастыру үшін міндетті нормативтік құжаттар сәйкестендірілді, 1000-нан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан сәтті өтті, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде материалдық-техникалық базаны жаңарту шаралары күшейтілді. Қазіргі уақытта кадрлық әлеуетті, оның ішінде басшылық құрамды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жоғарыды атқарылған жұмыстар мониторинг кезінде айтылған ескертпелерді реттеп қана қоймай, Түркістан облысының білім саласының одан ары жақсаруына тікелей ықпал етеді. Осылайша мониторинг жүргізілген аудандарға зерделеу анықтамалары жіберіліп, көрсетілген заңдар мен бұйрықтардың талаптары бойынша сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. Кемшіліктерді жою мақсатында арнайы іс-шара жоспарлары түзіліп, орындалуда. Сонымен қатар, жауапты мамандар мен білім беру ұйымдарының басшыларына тәртіптік шаралар қолданылды. Бүгінгі таңда жіберілген кемшіліктерді қайта болдырмау және қателіктерді түбегейлі жою бағытында бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде.
Жиынды қорытындылай келе, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі мемлекет педагогтердің мәртебесін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға, балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құруға үлкен мән беріп отырғанын айтты.
«Басты міндет – әрбір балаға сапалы білім беру. Бұл аса маңызды және ол білім беру жүйесінің барлық элементтерінің тиімді жұмыс істеуімен, оның ішінде кадрлардың біліктілігімен тікелей байланысты», — деп атап өтті Наталья Жұмаділдаева.
Жұмыс сапары облыс тұрғындарымен кездесумен, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдаумен жалғасты. Сондай-ақ министрлік өкілдері бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, мәселелерімен танысты. Айта кету керек, биыл кешенді мониторинг Алматы облысында жалғасады.
Еске салайық, былтыр желтоқсан айының 25-інде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды. Сапар аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының, сондай-ақ мектеп директорлары, білім бөлімі мен басқарма басшыларының қатысуымен білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша кеңес өткен-ді.
PISA жаһандық зерттеу нәтижелері мен МОДО білім сапасын бағалау жүйесі бойынша Түркістан облысы мектептерінің нәтижелері көптеген сұрақтар туғызады. Тежеуші факторларды анықтау үшін Оқу-ағарту министрлігі былтыр қараша айында 8 негізгі критерий бойынша білім беру ұйымдарының қызметіне кешенді талдау және бағалау жүргізді. Кадрлық құрам, білім алушылар контингенті, құрылтай және құқық белгілейтін құжаттардың болуы, оқу процесі, тәрбие жұмысы, оқу-материалдық активтер, білім алушыларға жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері зерделенді. Жалпы, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарының, Арыс және Түркістан қалаларының 235 мектебі қамтылды. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілді.
«Білім беру жүйесін жақсарту мақсатында министрлік жыл басынан бері білім беру сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған бірқатар ірі жобаларды іске асырды. Жүргізілген мониторинг өңірдегі білім жүйесінің дамуына жаңа серпін беруі тиіс. Біздің ортақ мақсатымыз – балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Ол үшін жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарларды анықтау қажет. Тексеру нәтижелері бойынша білім басқармасы түбегейлі шаралар қабылдауы қажет», — деп атап өткен болатын Ғани Бейсембаев.
Кеңес қорытындысы бойынша 2024 жылдың сәуір айында Түркістан облысының қалған білім беру ұйымдарына осындай мониторинг жүргізу туралы шешім қабылданып еді.
Жалпы, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі шешу үшін министрлік жыл басынан бері еліміздің барлық өңірлеріндегі басқармаларда білім беру аудитін қайта бастады. Алғашқы талдау нәтижелері бойынша ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, былтырғы сәуір айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау және игеру мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған тетіктерді әзірлеу жөніндегі жоспар іске асырылуда.
Мониторинг демекші, 15 сәуірден бастап Қазақстан мектептерінде оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі басталды. Оған 2462 орта білім беру ұйымдарындағы төртінші және тоғызыншы сыныптардан 150 мың оқушы қатысады.
«Су тасқыны жағдайына байланысты алты өңірде: Ақмола, Атырау, Ақтөбе, СҚО, Қостанай және БҚО-да ББЖМ өткізу 15 сәуірден 29 сәуірге ауыстырылады. Қалған өңірлерде штаттық режимде өтеді. Мониторинг оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бағыттары бойынша компьютерлік кешенді тестілеу түрінде өтеді», — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Динара Абылканова.
Айта кетейік, ББЖМ 3 мамырға дейін жалғасады. Осы жылы тест тапсырмалары PISA, PIRLS, TIMSS сынды халықаралық бағалау жүйелерін ескере отырып жаңартылды. Қазір қазақстандық ББЖМ жүйесі халықаралық аккредиттеуден өтуде.
ББЖМ — бұл оқу бағдарламаларының тиімділігін бағалауға, оқу процесінің мықты және әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік беретін, оқушылардың білім сапасын анықтайтын қазақстандық ұлттық зерттеу. Түпкілікті нәтиже білім беру сапасын арттыру үшін әр аймақ пен нақты мектеп бойынша кешенді талдау мен әдістемелік ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.