Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жоба іске асырылып жатыр. Олар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта отандық инвесторлардың үлесі артып келеді.
Өңдеу саласында облыста «Саутс Ойл» компаниясының «Созақ Фосфат» фосфорит өндіру және «Састөбе инновациялық кешені» каустикалық сода, «Стандарт Петролюм» мұнай өңдеу зауыты сияқты инвестициялық жобалар іске асқан жағдайда, өңірдің өнеркәсіп саласындағы шығарылатын өнім көлемінің өсуіне септігін тигізеді. Аталған бағытта жобалардың мерзімінде іске асырылуы бақылауға алынып, нақты жұмыстар жүргізілу үстінде.
Бұл жобалалардың жүзеге асуын талқылау үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде ауқымды жобаларды іске асыратын отандық ірі бизнес өкілдерімен және «Саутс Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейтжановпен кездесті.
– Мемлекет басшысы биыл 1 қыркүйекте «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа кезекті Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы тапсырма бере отырып, шетелдің және еліміздің инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босатқан жөн екендігін нақты айтты. Бұл өңдеу өнеркәсібі индустриясына айтарлықтай серпін берері анық. Жолдау аясында ірі кәсіпорындардың шикізатты кезең-кезеңімен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелерін бекіту жөнінде айтылды. Біз экономикамыздың өсімін арттыруда жан-жақты жұмыстар атқаруымыз керек. Бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Отандық инвесторлар тарапынан Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауыты салынады. 650-ден астам адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орнында жылына 2 миллион тонна өнім өндіріледі. Түлкібас ауданында каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты салынып жатыр. Бүгінде зауыттың инфрақұрылымы жасақталу үстінде. Созақ ауданында фосфорит кендерін өңдеу зауытының іске қосылғанда, 1 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп болжанған. Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде Каскад ГЭС құрылысы қарқынды. Түлкібас ауданында компания қуаты 320 МВт газ электр станциясының құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысында жалпы өнеркәсіп өнімінің 44,6% үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биыл бұл саладағы өнім көлемін 422,2 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Өнеркәсіп саласында 14,3 мың адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібінде 2023 жылы жалпы сомасы 26,1 миллиард теңгеге 540 жаңа жұмыс орнын құрайтын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда жалпы 5,4 миллиард теңгеге 6 жоба, 215 жаңа жұмыс орнымен іске қосылды.
Атап өту керек, Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту өз кезегінде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсіміне ықпал еткен. 5 жылда оның көлемі 3 есеге артып, жалпы 3 триллион теңгедей инвестиция облыс экономикасына тартылған (2018 жылы – 314,1 миллиард теңге, 2019 жылы – 443,5 миллиард теңге, 2020 жылы – 703,3 миллиард теңге, 2021 жылы – 660,2 миллиард теңге, 2022 жылы – 739,5 миллиард теңге). Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі (1,8 триллион теңге, үлесі 64%). 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 миллиард долларды құрады. Жалпы сомасы 422 миллиард теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 миллиард теңге, НКИ – 156,5%). 5 жылға арналған 368 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған (құны 2,8 триллион теңге, 18,5 мың жұмыс орны). 2023 жылы 48 жоба іске қосылған (16,2 миллиард теңге, 1 168 жұмыс орны).
«Экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге артып, 867 миллиард теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 миллиард теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды», — деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, Түркістан облысының жеке құрылуына байланысты негізгі өндіріс орындары Шымкент қаланың аумағында қалды. Облыс өнеркәсібінің негізгі үлесін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайды. «Қазатомөндіріс» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда.
«Жобаның инвестициялық құны 100 миллиард теңгені құрайды, 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірдің республикалық бюджеттің трансферттеріне тәуелділігі жоғары. Өзіндік кірістерді көбейтуіміз қажет. Осыған орай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі», — деді Д. Сатыбалды.
Өңір басшысының мәліметінше, осы жылдың 5 айында өнеркәсіп өнімі көлемінің өсімі сақталған (367 миллиард теңге, нақты көлем индексі (НКИ) 105,9%). Өсім негізінен өңдеу, электр және сумен жабдықтау өнеркәсіптері өнімдерінің артуы есебінен орын алған. Өңдеу өнеркәсібінде 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр (жалпы құны 23 миллиард теңге). Нәтижесінде, 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 триллион теңгеден асқан (2018 жылы 544,3 миллиард теңге).
Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 миллиард теңге инвестиция тартылды. Салада жаңа технология кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады (Бұрын 60-70 центнер жиналған).
«ANYQ.KZ»-ақпарат.