Түркістан облысының жастары «Таза Қазақстан» акциясы аясында эко-плоггинг өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Бұл бастаманы Түркістан облысының белсенді жастары қуанышпен қабылдап, тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді.

Шардара ауданында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында эко-плоггинг өткізілді.

Акцияға облыс, аудан һәм қаладан келген жастар орталығының басшылары қызметкерлері, ерікті жастар қатысты.

Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

Шынында да, тазалық бір мемлекеттік органның қызметкерлері үшін емес, облысымыздың әрбір тұрғыны үшін қажет. Сондықтан, әрине, тазаланған аумақтарды одан әрі күтіп ұстау халықтың адами жауапкершілігіне байланысты.

Ортақ мүдделер үшін бірлескен жұмыс – адамдарды біріктіретін жалғыз ықпалды күш. Әрбір саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, әдемі болуына өз үлесін қосуы керек.

Аталған акция халықтың табиғатқа деген жақсы көзқарасын қалыптастыруға және Шардара жағажайында демалушылардың назарын тазалықты сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Акция барысында облыстың 200-ге жуық белсенді жасы «Шардара» су қоймасы жағалауларына тазалау жұмыстарын жүргізіп 1,5 тоннаға жуық қоқысты командаға бөлініп жинады. Жиналған қоқыс арнайы техникаға артылып, полигондарға тасымалданды.

Тақырыпқа орай атап өтер жайт, Түркістанның күре тамыры – орталық базар. Таңның атысымен таласа келген саудагерлер мұнда қас қарайғанша отырады. Барлығына ортақ мүдде – отбасының ризық-несібесін табу. Жалпы, базарда 1580 жеке кәсіпкер бар. Базардан азық-түліктің барлық түрлері, киім-кешек, тұрмыстық техника сияқты жанға қажеттінің бәрі табылады.

Базардың тазалығы да басты орында болуы керек. Қала әкімдігі тарапынан сауда орындарының тазалығына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті ескертулер жолданған. Нәтижесінде қосымша қоқыс жәшіктері қойылды. Арнайы техника мен сұйық қалдықтарға арналған ассенизаторлық көліктің күнделікті жұмыс істеуі қадағаланып отыр. Тазалықты қамтамасыз етуге бекітілген 22 адам екі ауысымда жұмыс атқаруда. «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қала әкімінің бекітілген кестесіне сәйкес, шаһардағы барлық кәсіпкерлік нысан әр аптаның дүйсенбісінде өз аумақтарында сенбілік ұйымдастырып отыр.

Базар – шаһардағы адамдардың ең көп шоғырланатын орындарының бірі болғандықтан қауіпсіздік талаптарының орындалуы да назардан тыс қалмады. Орталық базар аумағында 4 дана өрт гидранты, 56 өрт краны, 223 өрт сөндіргіш құралы қойылған. Тілсіз жаудан қорғану үшін 1750 дабыл нүктесі орнатылған. 105 автоматты өрт сөндіру жүйесі іске қосылды.

Сонымен қатар базар аумағындағы ретсіз жарнамалар бойынша жұмысшы топ күнделікті аралау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда Тәуке хан даңғылы бойындағы кәсіпкерлік нысандарында талапқа сәйкес келмейтін 64 жарнама, базар ішіндегі аллея маңынан 36 жарнама, «Батыр» сауда орталығынан 8 ретсіз жарнама алынып, жойылды.

Айтпақшы, Түркістан қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абоненттер саны – 16 336, бұл қала тұрғындарының 36,5%-ын құрайды. Аталған көрсеткішті жыл қорытындысынай сәйкес 55,8%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған сай, бүгінде 17 жоба әзірленіп, 11 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар 4 нысан құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Олар: «Шавгар» ықшамауданы Ортақ тұрғын алабына сарқынды су желісін салу (3-кезек); «Баянауыл» шағынауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы; №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылысы; «Яссы» шағын ауданы, Бірлік тұрғын үй массивіндегі кәріз жүйелерінің құрылысы (2-кезек). Сондай-ақ тағы да 4 нысанға жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда шаһар аумағын сарқынды су желісімен қамтамасыз ету көрсеткіші 95%-ға жетеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin