Түркістан облысының кәсіпкерлері «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысты

Астана қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына 180 компанияның өкілдері қатысты. Оның 9-ы түркістандық кәсіпкерлер болып табылады. Дәстүрлі көрме-жәрмеңкеде елордалықтар мен қала қонақтарының назарына үздік тауарлар қатары ұсынылып, байқау жеңімпаздары анықталды.

Аталған көрме қатысушылары өңірлік кезеңде іріктеліп алынды. Сонымен қатар қатысушы жеңімпаздар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша анықталды. Отандық өнімдерді қолдау мен отандық өндірісті дамыту мақсатында ұйымдастырылған көрме-байқауға келген қонақтар Түркістан облысындағы 80-нен астам тауар өндірушінің жұмысын жоғары бағалаған болатын, – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Жанель Кали.

Облыс көлемінде үздік кәсіпорын атанған «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясының жеңімпаздары – «Mega-Agat» ЖШС , «Кентау трансформатор зауыты» және «Батсу Водоканал» ЖШС өңір атынан отандық тауар өндірушілер көрме-байқауына қатысты. Сондай-ақ, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша үздіктер – «Бекзат Бақ» ЖШС, «Asia Brand» ЖК, «Арай» ӨК, «Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар» номинациясының көшбасшылары – «Балмұздақ» ЖШС, «Майлыкент Сүт» АШӨК және «Алекс» ЖШС өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Оған қоса «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына қатысқан кәсіпкерлердің өнімін елордалықтар мен қала қонақтары аса қызығушылықпен тамашалады.

Айта кетейік, жыл басынан бері аталған жобаға қатысуға ниеттілер арасынан 60-тан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 3 кәсіпкердің өнімі үздік деп танылған.

Еске салайық, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығымен бекітілген.

Байқау мақсаттары:

 1) жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру;

2) Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу;

3) отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу;

4) сапа проблемаларын шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару;

5) халық арасында сапа идеясын насихаттау.

Көрме-байқау мынадай үш номинация бойынша өтеді:

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;

«Халыққа арналған үздік тауарлар»;

«Үздік азық-түлік тауарлары».

Байқау төрт кезеңде өткізіледі:

Бірінші кезең: «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқаулары. Осы жылдың 28 сәуірі мен 20 тамызы аралығында бекітілген кестеге сәйкес республиканың барлық өңірінде 1387 кәсіпкерлік субъектінің қатысуымен өңірлік көрмелер өткізілді. Нәтиже бойынша республикалық деңгейдегі келесі кезеңге қатысу үшін 180 жеңімпаз (әр өңірден тоғыз жеңімпаздан) анықталды.

Екінші кезең: Астанада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының республикалық деңгейінде үздік отандық тауар өндірушілер кездеседі. Елорда тұрғындары мен қонақтарының тауарлардың бағасын беріп, тіпті өндірушінің бағасымен сатып алуға мүмкіндігі бар.

Байқауды ұйымдастырушының сараптамалық тобының мүшелері барлық қатысушы арасынан онлайн-дауыс беруге қатысу үшін 27 финалист – үш номинация бойынша үздік тоғыз тауар өндірушіні анықтайды.

Үшінші кезең: 27 финалист онлайн дауыс беруге ұсынылады (онлайн дауыс беру 29 қазан мен 2 қарашаны қоса алғанда аралығында өтеді). Бұл кезеңде Қазақстанның әрбір тұрғыны үздіктерге өз дауысын бере алады.

Төртінші кезең: 27 финалисттен тұратын «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының 9 дипломантын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы комиссия анықтайды.

Жеңімпаздар Мемлекет басшысы қол қойған дипломдар және эмблемамен марапатталады және төрт жыл ішінде байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin