Түркістан облысы әкімінің апталық мәжілісінде өңірді сапалы ғаламтормен қамту мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға ІТ саласын дамытуды, жолдардың бойында интернет байланысын күшейтуді, ауылдарда байланыс сапасын жақсарту жұмыстарын ширатуды тапсырды. Бұл ретте байланыс операторларының жауапкершілігін көтеру мен солармен бірлесе жұмыс істеу, инвестиция тарту мәселелері де сөз болды.
– Цифрландыру – заманауи әрі жастарды қызықтыратын сала. Жаңа идеяларды ойласңыздар. Түркістанды ІТ саласы дамыған орталыққа айналдыруымыз керек. Жуырда Татарстанға барып, сол жақтағы ІТ саласындағы жұмыстармен таныстым. Онда арнайы мектептер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Түлектерінің 100 пайызы жұмыспен қамтылып жатыр екен. Осы бағытта келіссөз жүргізіп, халық тығыз орналасқан аудандарда ІТ мамандарын даярлайтын орталықтар, мектептер ашуымыз керек. Жұмысты жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековтың айтуынша, Түркістан облысы аумағында жалпы 2 053 379 тұрғыны бар елді мекендердің 386-сы — 3G және 304 ауыл 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Түркістан облысының мобильдік интернет желісімен қамтылу деңгейі халық санына шаққанда 92,2% құрайды және ауылдық елді мекен санымен есептегенде 83% құрайды. 139 ауылдық елді мекеннің 100-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған. Жол картасы аясында халық саны 250-ден жоғары 81 елді мекеннің 50-ін 2024-2025 жылдары интернет желісімен қамту жоспарлануда.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысының бекітілген ауылдық елді мекендерді мобильді интернет желісімен қамту жол картасы негізінде биыл байланыс операторлары («Кселл», «Билайн») өз қаражаты есебінен 106 базалық станция орнатуды жоспарлап, қазіргі таңда жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Одан бөлек, өңірдегі Түркістан қаласы әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы, Керуен сарай, Түркістан қаласының әуежайы және «Rixos» қонақ үйі сияқты маңызды туристік нысандарында 5G мобильді интернеті іске қосылған. Сонымен қатар, Түркістан облысына қарасты 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған»,- деді Марат Айнабеков.
Оның сөзінше, облыста қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз ету мақсатында 912 жалпы бейнебақылау камерасы бар. Одан бөлек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 179 нүктеде аппараттық-бағдарламалық кешендер іске қосылған.
Биыл қосымша 50 аппараттық-бағдарламалық кешен («Сергек», «Мерген») мен 200 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, басқарма тарапынан «2GIS» компаниясымен Түркістан қаласының автопаркінің барлық автобустарына GPS трекер орнату бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Еске салайық, былтыр қараша айында Қазақстан Үкіметі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын бекітті. Премьер-министр тиісті қаулыға қол қойды.
Ұлттық жоба Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды. Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға 1,5 триллион теңгеден аса қаражат көзделген. Айта кету керек, бұл соманың көлемді бөлігі, яғни 1,3 триллион теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат.
Жоба аясында айтарлықтай қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан аса ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр.
Жалпы шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет тартылады. Жекеменшік операторлар тарапынан инвестициялардың жалпы сомасы 92 миллиард теңге болған жағдайда, оның жартысын мемлекет күрделі шығындарға субсидиялар түрінде қайтарады.
Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланған. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір бағыт – 5G желісін одан әрі өрістету болмақ. Бүгінгі таңда 605 базалық станса орнатылған. 2025 жылдың соңына дейін 5G технологиясын республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталығының барлығына енгізу жоспарланып отыр. Осы жұмыс аясындағы байланыс операторларының инвестициялары шамамен 300 миллиард теңгені құрайды.
Ұлттық жоба аясында ірі деректер орталықтарын және трансшекаралық талшықты-оптикалық магистралдарды салу бойынша шаралар жоспарланған. Сондай-ақ республикаға жетекші халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіру қажет.
Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін отандастарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.