Түркістан облысының орталығында тіл саясатын дамытуға негізделген «Ұлттық ономастика: ізденіс пен тәжірибе» республикалық семинары өтіп жатыр

Түркістанда «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» республикалық семинар өтіп жатыр. Маңызды жиынға келген тіл жанашырлары мен қоғам қайраткерлерін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, ұсыныстарын, пікірлерін тыңдады.

– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер! Былтыр киелі өңірде Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлтымызды серпілтетін маңызды бастамалар көтеріп, міндеттер жүктеді. Осы құрылтайдың заңды жалғасындай, ономастикаға қатысты семинардың шаһарымызда өтіп жатқанына қуаныштымын. Ономастика – өте маңызды сала. Нысандар мен көшелерге ат беруде бірізділік және жүйе қажет. Жекеменшік нысандар мен мектептерге ат беруде де қадағалау болуы қажет деп есептеймін. Бұл ретте өз ұсыныстарымызды жолдағанбыз. Түркістан төріндегі басқосуда маңызды шешімдер қабылданып, ономастика саласы дами түсетініне сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде академик Серік Негимов: «Түркістан облысы құрылғанда қуанбаған қазақ жоқ. Бұл – қазақтың шежірелі, аяулы мекені. Сансыз бабтар, қайраткерлер шыққан өңір. Шаһарға келе жатқанда бір ауылға Мәшһүр Жүсіптің аты берілгенін көріп, қуанып қалдым. Сол ұлы тұлғаның еңбектерінде Түркістан өңірі туралы мәліметтер айтылған. Республикалық семинарда жер, су атауларын талқылаймыз. Келелі ойлар айтылады. Ел үшін берері мол жиынды қабылдап отырған Түркістан өңіріндегі ағайынға алғысымды білдіремін», — деді.

Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан ономастика саласы туралы ой қозғап, пікірлерін айтты. Өңірдегі оң өзгерістерді атап өтіп, ел азаматтарының жұмысына сәттілік тіледі. Түркістан төріндегі семинардың маңызды екеніне тоқталып, бұл іс-шараның шежірелі шаһарда өтуінің мәні зор екенін жеткізді.

Айта кетейік, ономастика саласы білгірлерін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Али Рустам бастап келді. Түркістандағы «Фараб» кітапханасында өтіп жатқан семинарға елге белгілі филологтар, ғалымдар, ономастика саласына жауапты тұлғалар қатысып жатыр.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али алғаш сөз алып, баяндама жасады.

– Әрбір атау – тарихи құжат. Ономастикалық атаулар – ұлттың рухани жадын көрсететін мәдени құндылық. Министрлік тарапынан республикалық жұмыс тобы құрылып, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп бірқатар шараларды жүзеге асырды. Жұмыс тобы мүшелері еліміздің белгілі институттарының ғалымдарымен бірлесіп, Орталық мемлекеттік архив мекемесінің қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімі, «Жер-су атаулары» және дәстүрлі атаулар тізімі жан-жақты пысықталып, өзектендірілді. Сондай-ақ былтыр Республикалық ономастикалық комиссияның 4 отырысы өткізіліп, жаңа атаулар берілді. Министрлік елді мекендердің өзінің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша үлкен жобаны қолға алып отыр. Жоба аясында қазіргі ел аумағындағы топонимдердің электронды 3D форматтағы картасы әзірленбек. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жергілікті әкімдіктер тарапынан да жүргізілсе деген ұсынысым бар, – деді комитет төрағасы.

Семинар жұмысына Республикалық ономастика комиссиясының мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, академик Серік Негимов, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Гүлнәр Бекенова, тиісті орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңірлердегі ономастика саласын басқарып отырған басқарма басшылары, сондай-ақ өңірдегі аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысып жатыр. Түркістан облысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев баяндама жасап, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

– Мемлекеттік идеологияны ұлттық негізбен байланыстыра отырып жүргізуде бүгінгі шараның маңыздылығы жоғары. Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ономастика мәселесі қозғалып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласының тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екенін атап өткен болатын. 2021 жылы тарихи шешім қабылданып, облыста 17-ші аудан құрылып, оған Сауран атауы берілді. Облыста жеке меншік мектептердің саны 137-ге жетіп отыр. Жеке кәсіпкерлер ашқан білім беру мекемелеріне өз қалауынша атау беру мәселесін ретке келтіру мақсатында ономастикалық комиссия отырысында талқылауды ұсынамын. Сондай-ақ халықтың көптеп шоғырлануына байланысты атауы жоқ көшелердің көбеюін ескере отырып, тізімге жылына бір рет қосымша түзетулер енгізілсе деген ұсыныс бар. Содан соң жергілікті халықтың сұранысы негізінде, біздің облысқа берілген квотаның аздығына байланысты «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру барысында министрлік тарапынан Ұлы Отан соғысының батырлары мен ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері де енгізілсе деген өтініштеріміз бар, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Күн тәртібінде өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген әдістемелік ұсынымдар, сондай-ақ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, республикадағы жаңартылған ономастикалық атаулардың халық арасында кеңінен қолданылатын карталарға («Yandeх», «2GIS») навигациялық құралдардағы ономастикалық атауларды біріздендіру мәселесін барлық өңірмен жан-жақты талқылау мәселелері қаралады. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасының іске асырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, өңірлердегі ономастикалық ахуал, сондай-ақ алдағы уақытта атқаруды қажет ететін маңызды мәселелер де айтылды. Сонымен қатар семинарда елді мекендердің және олардың құрамдас бөліктерінің байырғы тарихи атаулары бойынша зерттеу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шаралар да назарға алынған.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен ономастика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және осы саладағы өңірлердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында өтіп жатқан жиын кешке дейін жалғасады. Ал екінші күні қатысушыларға облыстың көрнекті және киелі орындары таныстырылады.

Иә, тіл ұлттың ұлттық сипатын ерекшелейтіні белгілі. Тілі жоқ халықтың ұлты да жоқ болатыны дау тудырмайтын ақиқат. Қазіргі таңдағы қазақ қоғамындағы ұлттық бірліктің дамуын қамтамасыз ететін рухани байлық пен материалдық өндірісті бейнелейтін негізгі құрал – мемлекеттік тіл екенін сезіну тіл зерттеу мәселесіне бұрынғыдан басқаша қарауымызды қажет етеді. Олай дейтін себебіміз мемлекеттік тілімізді бекемдей түсу жолында жауапкершілік пен тиянақты істер өте қажет. Мәселен, ономастика, топонимика саласында тіліміздің молынан көрініс табуы, жер-су, елді мекен атауларының ана тілімізде өрнектеліп, бір жүйеге түсуі маңызды мәселе. Себебі ана тіліміздің дамуы топонимдермен тығыз байланысты. Сондықтан топонимдерді ана тілімізге негіздей отырып, осындай бағыт-бағдармен қалыптастыра білсек, біз бұл мәселелерді көп ілгері жылжитынымыз анық.

Топонимдер (жер-су атаулары) еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті бағыт-бағдар беретін таңбалық қызметінен басқа қоғамдық-саяси маңызға ие болатын ұлттық және танымдық сипаттарымен алдыңғы орынға шықты. Өйткені жер-су атаулары адамзат қоғамында ғана пайда болып жататын өзгерістерден тыс қала алмайды. Табиғат ресурстарын игеру барысында адамдар географиялық нысандарға атау беруге мәжбүр болды. Географиялық атауларда (топонимдер) физикалық-географиялық, тарихи-этнографиялық, тұрмыс-тіршілікті, экологиялық мәселелерді қамтитын ақпарлар бар. Ал ақпарат белгілі заңдылықтарға негізделіп, кез келген халықтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы байтақ Еуразия кеңістігін игеру барысында аумақтық топонимдерде өз тіліне тән атаулар қалдырды. Түркі түбірлі топонимдер Қиыр Шығыстағы Камчаткадан Еуропаның батысы, Кавказ елдері мен Ресей жерінде, тіпті Африканың солтүстік бөлігінде, оңтүстігі Декан үстіртінен Еуразия құрлығының солтүстік жиегіне дейін, сонымен қатар Батыс Қытай, Моңғолия жерінде де кездесетіні мәлім. Мұндай атаулардың әрқайсысы өз алдына жеке зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Өйткені біз сол арқылы ұлттық таным жүйемізді қалыптастырып, бүгінгі таңда ономастика мәселесінде кейбір шешімін таппай келе жатқан тарихи атаулардың пайда болуы сырын анықтауға жол ашамыз.

Екіншіден, біз қазақ халқының табиғатпен тығыз байланысы мен географиялық нысандарға атау берудегі ерекшелігін айтуға тиіспіз. Өйткені ғасырлар табиғатпен етене өмір сүрген халқымыздың жер-су, елді мекендерге атау беруде өздері өмір сүрген жердің ерекшелігіне, ауа райына, географиялық сипаттарына мән бергені айдан анық. Демек, Қазақстанның жер-су атаулары ұлттық тіл мен этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде танылып, халықтың тарихи жадынан үлкен орын алуы тиіс. Жер-су атауларының тіл білімі, тарих және география тәрізді үш ғылыми салада зерттеу нысаны ретінде тоғысуы бұл мәселенің күрделі екенін аңғартады. Ал қазіргі Қазақстан қоғамындағы негізгі бағыттың бірі ол мемлекеттік тіл саясаты болса, ономастика оның құрамдас бөлігі ретінде республикалық деңгейдегі мәселелер қатарына жатқызылуы әбден орынды.

Қорыта айтқанда, қазақ топонимдері – ана тіліміздің айнасы. Жер-су атаулары ұлттық таным мен салт-дәстүрлеріміздің белгісі. Сондықтан ұлттық тілдің көрінісі болып отырған топонимдерге ерекше мән бере қарауымыз керек. Ата-бабаларымыз қойған жер-су атауларының оңды-солды өзгеруіне жол берілмеуі тиіс және алдағы уақытта тарихи атаулар қалпына келтірілуі шарт. Аталған мәселелерді оңынан шешу үшін әрбір Қазақстан азаматы, мемлекетік тілге жанашырлықпен әрі құрметпен қарап, қызмет барысында тек мемлекеттік тілді пайдаланып, басымдық беруі тиіс.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin