Түркістан облысының спортшысы Олимпиаданы жеңіспен бастады

Париж Олимпиадасында бокстан ерлер арасында 63,5 келі салмақта алғашқы жекпе-жектер өтті. Ұлттық құрама өкілі, Түркістан облысының спортшысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бірінші айналымда испан былғары қолғап шебері Ойер Ибареччені жеңді. Қарсыласқа еш мүмкіндік қалдырмады.

Енді отандасымыз 1/8 кезеңде Тайпей боксшысымен күш сынасады.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасына Түркістан облысынан 5 спортшы қатысып жатыр.

Тағы бір сүйінші ақпарат! Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық татами шебері, Түркістан облысының тумасы, бүінде Алматыда тұратын Ғұсман Қырғызбаев қола медаль үшін белдесуде сербиялық Страхиня Бунчичті жығып, қола медаль жеңіп алды.

Бұл — қазақ дзюдосы тарихындағы триумф! Парижде алғаш рет Олимпия ойындарында біздің команда 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Кеше Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазаққа айналды.

Естеріңізге сала кетсек, Қырғызбаев алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан айласын асырып, жартылай финалға шықты. Бірақ финалға шығар тұста бразилиялық қарсыласқа есе жіберді. Дегенмен, шешуші сында қола жүлдеге қол созды.

Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері.

Кеше, 27 шілдеде Париж татамиіне қазақстандық екі дзюдошы шыққан еді. Әбиба Әбужақынова (48 келі) қола жүлдеге таласта Швеция өкілі Тара Бабулфаттан жеңіліп, алғашқы олимпиадасын 5-орынмен аяқтады.

Ал, Елдос Сметов (60 келі) финалда франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, Олимпиада чемпионы атанған болатын.

Ғұсман Қырғызбаев 1992 жылы Түркістан облысында дүниеге келген.

Спорт демекші, Алматыда байдарка мен каноэде есуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Түрлі бағдарламалар бойынша 21 алтын, 15 күміс және 21 қола медаль жеңіп алған Түркістан облысының командасы бірінші орынға ие болды.

15 алтын, 17 күміс және 9 қола жүлдемен Шымкент қомандасы екінші орынға ие болса, Қарағанды ​​облысының командасы жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Айта кетейік, жарысқа еліміздің 12 облысынан ескек есу шеберлері қатысты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin