Еліміздің барлық аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Акция басталғалы Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 7 мекеменің қызметкерлері акцияны қолдап, өздеріне бекітілген аумаққа жаппай тазалық шарасын өткізді.
Табиғат қорғаушылары бастаған, басқарма қызметкерлері қостаған сенбілік өтті.
Таң атпастан қолдарына құрал-саймандарын ұстап, тазалық шарасына кіріскен табиғат жанашырлары күл қоқысты жинап, жол жиегіндегі арамшөптерді шапты. Барлығы арнайы көлікке тиеліп, арнайы полигонға шығарылды.
Мамандардың айтуынша, табиғатты таза ұстау — барлығымызға ортақ міндет. Игі іске атсалысқан табиғат жанашырлары аталған шараны тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында өңірде тазалық жұмыстары жалғасатын болады.
Жетісай ауданындағы сенбілікке 1200 адам қатысты
Жетісай ауданының аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жаппай сенбілік өтті. Аудан әкімі Серік Мамытов бастаған тазалық жұмыстарына 1200-ге жуық адам қатысты. Қатысушылардың 205-і мемлекеттік мекемелердің қызметшілері болса, қалғаны аудандық мәслихат депутаттары мен ерікті жастар, аудан тұрғындары болды.
«Тазалық өзімізден басталады» ұранымен аудан тұрғындары республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының сенбілігіне белсене қатысып, аудан көлеміндегі бей-берекет жатқан қоқыс орындарын, арық-атыздар мен К-26 каналының 3 шақырым арнасын, А-15 Республикалық маңызы бар автожолын, ауданның кіреберісін және Жетісай қаласын қоқыс қалдықтарынан тазартып, өсіп тұрған арам шөптерін шапты.
– Тазалық – саулық негізі. Туған жердің тұмса табиғатын көздің қарашығындай сақтап, өлкенің экологиялық тазалығына атсалысу – әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан, бүгінгі өтіп жатқан сенбілікте аудан әкімдігі басышыларынан бастап мәслихат депутаттары, жастар ұйымдары мен еріктілер, тұрғындар бірауыздан қолдау көрсетіп, атсалысуда. Тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Ең болмағанда өз үйіміздің ауласын артық күл-қоқыстан тазартып отырсақ, өсіріп отырған ұл-қыздарымызға қоршаған ортаны таза ұстауға, туып өскен жерінің қадір-қасиетін арттыруға деген жоғары мәдениеттілік пен тәрбиемізді көрсете аламыз, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, жаппай сенбілік жұмыстарына тұрғындардан бөлек 11 техника жұмылдырылып, 40 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Тазаланған аймақтардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға тасымалдау жұмыстары жүргізілді.
Сарыағаш ауданында сенбілік жұмыстарына 900 адам атсалысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың 8 сәуірінен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтуде.
Акцияны қолдау мақсатында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік жұмыстары өткізілді. Тазалық жұмыстары республикалық маңызы бар А-15 жолының бойы, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарының бойы жәнк ішкі көшелерде қарқынды жүргізілді.
Сенбілік жұмыстарына аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге 13 ауылдық округ пен қала, әкімдік бөлімдері мен мекемелер, мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, діни қызметкерлер, аудан жастары мен еріктілер, жалпы 900-ге жуық адам белсене қатысты.
Аудан әкімінің бастамасымен өткізілген қарқынды тазалық акциясы барысында көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстардан тазарту, қураған ағаш бұталарын кесу, талдарды ретке келтіру, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 25 техника жұмылдырылып, 16 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Саябақтар және скверлер ретке келтіріліп, арық-атыздар тазаланды. Аудан аумағындағы мешіттер мен мазараттарда назардан тыс қалмады.
Тазалық акция барысында аудан әкімі тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.
— Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында, ауданымыздың тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында аудан аумағында сенбілік жұмыстары қарқынды түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде тазалықты сақтау күнделікті өмір салтына айналдыру қажет. Сондай-ақ, бұл жұмыс аудан орталығында ғана емес, ауыл округтерде, елді мекендерде де ұдайы ұйымдастырылуы керек. Туған жерімізді таза ұстау өзімізге байланысты, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарына белсене тасалысуға шақырамын! — деген Арман Абдуллаев тазалық жұмыстары жыл бойы жалғасын табатынын атап өтті.
«Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
Төлебидегі тазалық жұмыстарына 1200-ге жуық адам қатысты
Төлеби ауданында аптаның әр жұма күні тазалық шарасына арналады. Осыған орай, аудан аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны шеңберінде жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Тазалық шарасы барысында жолдардың бойы мен арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылды. Жабайы шөптер орылып, ағаш бұталары ретке келтірілді. Бұл экологиялық акцияға ардагерлер ұйымының төрағалары, ауыл билері, спортшылар, белсенді жастар, ұстаздар мен тұрғындар қатысты.
Сонымен қатар ауыл имамдары жамағатпен бірге өз округтеріндегі мазараттардың шөбін орып, қоршауларын ретке келтірді. Аумақты күл-қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді.
Ауыл ақсақалдары елді мекен келбетін көріктендіру, тазалығын сақтау – ең бірінші тұрғындардың қолында екенін айтып, экоакцияны белсенді қолдауға шақырды.
Аудан аумағындағы тазалық шарасына тұрғындар белсене атсалысып, нәтижесінде, облыстық маңызы бар 35 шақырым, аудандық маңызы бар 42 шақырым жол бойлары, 65 шақырым ішкі көшелер тазалынды. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шараға 1200-ге жуық адам қатысты.
Сайрам ауданында Арыс өзені жағасындағы «Таза бейсенбі» апталығына 100-ден аса азамат атсалысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Сайрам ауданына қарасты Арыс ауылдық округінде жалғасын тапты. Сенбілікке 2 техника мен 115 азамат қатысып, күл-қоқыстар шығартылды.
Тазалық шарасы барысында көше бойларының, Арыс өзенінің жағасының, көпірдің асты мен Қожақорған елді мекеніндегі Ж.Меңлібаев көшесінің, жалпы 3,2 шақырым жол бойына қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Аталмыш акцияға партия қызметкерлері, Арыс ауылдық округі әкімдігі, мәслихат депутаттары, Жастар ресурстық орталығы, «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері, қоғамдық қызметкерлер және БАҚ өкілдері атсалысты.
Айта кетейік, ауданда әр бейсенбі сайын сенбілік ұйымдастыру тұрақты түрде жалғасын табуда. Акцияға қатысушылардың саны артып келеді.
Түркістан облысының кәсіпкерлері экоакцияға белсене қатысты
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері мен өңір кәсіпкерлері сенбілік өткізді. Шараға белсене қатысқандар мекемелерінің ауласында тазарту жұмыстарын атқарды.
— Тұрғылықты жерді таза ұстау — әрбір тұрғын үшін маңызды болуы тиіс. Барлығымыз тазалық жұмыстарына мән берсек, өскелең ұрпаққа үлгі боларымыз анық, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.
Сонымен қатар, облыс аймағындағы аудан-қалаларда ағаш көшеттері отырғызылып, аула аумақтары абаттандырылды. Кәсіпкерлер «Тазалықты әр адам өз ауласынан бастау керек» деген пікірді қолдап, өзге өңір тұрғындарын да белсенділік танытуға шақырды.
Жетісайлық имамдар экоакцияға белсене атсалысып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Жетісай ауданы аумағындағы қала, кент және барлық ауылдық округтерде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын жүргізу ісі кеңінен қолға алынуда.
Аудан тұрғындары арасында көшелер мен елді мекендердегі тазалықты сақтау жұмыстарына жұмылдыру ісіне аудандық «Нұғман» орталық мешітінің имамдары мен мешіт жамағаты да атсалысып, мешіт маңындағы көшелерге, гүлзарлар мен автотұрақ орындарын күл-қоқыстардан, шөптерден тазартты.
– Мемлекет басшысымыздың бастамасымен бастау алған тазалық жұмыстарына қатысушы мешіт жамағатының саны да күн санап артып келеді. Бұл – тұрғындардың туған өлкеге деген махаббаты, жанашырлығы деп білеміз. Қазірде аудандағы барлық мешіттердің аумағында тазалықты сақтау мақсатында арнайы кестелер бекітіліп, санитарлық тазалық жұмыстарын тынымсыз жүргізіп жатырмыз, – дейді Жетісай ауданы бас имамының міндетін уақытша атқарушы Бағдат Шаймерден.
Шараны ұйымдастырушылар сенбілік жұмыстары тек орталықтардағы мешіттерде ғана емес барлық округтердегі елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатындығын айтады.
Сайрам ауданында дін өкілдерінің қатысуымен «Ханқорған» төбесінде тазалық жұмыстары жүргізілді
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлері және діни бірлестік өкілдерінің ұйымдастыруымен тарихи орын «Ханқорған» төбесінде тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тазалық шарасында тарихи мекеннің төңірегі қатты қоқыс қалдықтарынан және қураған шөптер мен ағаш бұтақтарынан арылды.
Қоршаған ортаны қорғау шарасы барысында облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Ғ.Байсариев, аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Хамраев, ауданының діни бірлестік басшылары мен қызметкерлері және ауыл тұрғындары белсенділік танытып, халықты экологиялық акцияға қатысуға шақыру бойынша үндеу жасады.
Арыста мешіт имамдары мен спортшылар «Таза Қазақстан» акциясын қолдап сенбілік өткізді
Арыста тазалыққа бағытталған сенбіліктер тұрақты түрде өтіп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, Арыс қаласының бас имамы Қажымұқан Қазыбаев бастаған мешіт имамдары мен қаладағы спорт жаттықтырушылар мен мәдениет майталмандары сенбілікке шықты.
Қала жанашырлары бірігіп, Дінмұхамед Қонаев аллеясы маңында және О.Байдәулетов көшесінің шөптерін шапты. Осылайша табиғатқа күтім жасаудың маңызды екенін көрсетіп, халықты экологиялық мәдениетке шақырды.
«Тазалық – иманнан» деген қаланың бас имамы әр арыстық отбасы өз үй іргесін таза ұстап, шөбін шауып, туған қалаға жанашыр болуға шақырды.
Осындай іс-шаралар жыл соңына дейін өткізілетін болады және қатысушылар саны арта түсетініне сенім мол. Бүгінгідей шараға мешіт имамдары мен спортшылардың белсене қатысуы қоғамның барлық саласының бірігіп, ортақ мақсатқа жетуге болатындығын көрсетті.
Өйткені «Таза Қазақстан» акциясы арқылы еліміздің әрбір тұрғыны табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны ластамауға және экологиялық мәдениетті арттыру – басты міндет.
Созақтық имамдар мен жастар тазалық жұмыстарына белсене атсалысуда
Созақ ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары жалғасуда. Мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері мен елді мекен тұрғындары күнделікті тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға белсене атсалысуда. Бұл бастаманы Созақ ауданының имамдары да қолдап, белсенді жастармен бірлесе «Ту тұғыры» алаңын ретке келтіруге кірісті.
Ауданның бас имамы Мейрамбек Абдіқұлов белсенді азаматтар мен тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға шақырды.
«Ауылымызды таза ұстап, абаттандыру, оны жасыл желекке бөлеу – баршамыздың басты міндетіміз», — деді ол.
Тазалық жұмыстары кезінде аумаққа отырғызылған тал көшеттері суарылып, аяқ жолдар ретке келтірілді. Арам шөптер оталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.