Түркістан облысының туристік және кәсіпкерлік әлеуетін көтеретін нысандар салынады

Түркістан облысында, әсіресе, облыс орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың сәулеті қала кейіпіне сай болуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жиын барысында облыстағы сәулеттік жобалар жан-жақты талқыланды.

Атап айтқанда, әкімшілік-іскерлік орталығындағы тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандардың қасбеті, аулаларды абаттандыру, көше бойына салынатын саябақ дизайны қаралды. «Қолөнершілер орталығы» мен «Күлтебе қалашығы» жобасы пысықталып, ұсыныстар айтылды. Өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті.

– Түркістан қаласының өзіндік келбеті қалыптасқан. Нысандардың сәулеттік жобалары талапқа сай болуы тиіс. Әрбір құрылысты зерделеңіздер. Құрылыстың тарихи нысандарға зияны келмеуі басты назарға алынсын. Әрбір нысанға жауапты әкім мен басқарма басшылары жобаның басы-қасында жүріп, тиісті жұмысты атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында әлеуметтік нысандар мен туристік ғимараттардың жобасы қаралды. Әрбір жобаны жіті қарап, ұсыныстарды тыңдаған Дархан Амангелдіұлы кемшіліктер бойынша ескертпелер айтты. Жауапты тұлғаларға жобаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Түркістан облысында жыл басынан бері инвестиция көлемі 1,4 есеге артты

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беріліп, осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарына төрағалық етіп, осы саладағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге шет мемлекеттердің инвесторларымен тұрақты түрде келіссөз жүруде. Нәтижесінде инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарынан табылып жүр.

Жыл басынан бері Түркістан облысының негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 420,8 миллиард теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артқан. Оның ішінде, 344,3 миллиард теңге немесе 80%-дан астамы – жеке инвестиция құрайды.

Өңір капиталына салынған инвестициялардың басым үлесі Түркістан қаласы (35,2%) және Созақ (15,4%), Сайрам (6%), Сарыағаш (5,5%) аудандарына тиесілі.

Пайдалану бағыты бойынша негізгі 29% үлесі өнеркәсіп арқылы үйлестірілген. Ол 123,9 миллиард теңгені құрайды, Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне 64,1 миллиард теңге бағытталса, өңдеу өнеркәсібіне 25,3 миллиард теңге тартылған. Ауыл шаруашылығының үлесі 28%-ды құрап, 116,4 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде, егін шаруашылығы – 31 миллиард теңге, ал мал шаруашылығы – 21,4 миллиард теңге.

Түркістан облысында жарты жылда ауыл шаруашылығында 216,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді

Түркістан облысының қолайлы ауа-райы ауыл шарушашылығы өнімдерін жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Өңір халқы да ауыл шаруағашылығына машықтанған. 2024 жылдың 6 айдағы көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығы саласында оң өсім байқалады. Түркістан облысында жыл басынан бері өнім көлемі 216,9 миллиард теңгені құрап, өсім 107,1%-ға жетті. Бұл – республикада жоғарғы көрсеткіш.

578,5 мың тонна ет және сүт өнімі жиналды. Нәтижесінде мал шаруашылығының өнім көлемі 171,2 млрд теңгені құрап, өсім 106,9% көрсетті. Оның ішінде, 139% – Сайрам ауданының, 132% – Қазығұрт ауданының, 125% – Кентау қаласының үлесінде.

Облысқа қарасты елді мекендерде егін алқаптарының аумағы ұлғайып келеді. Өнім көлемі де артқан. Биыл 23,6 мың тонна бидай, арпа және бақша өнімі жиналды (105,5%). Егін шаруашылығының көлемі 41,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім қарқыны 109%-ға артты. Оның ішінде, Бәйдібек ауданында өсім қарғыны 11,6 есе артса, Қазығұртта – 117%, Шардарада – 112,2%-ға жетті.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды кезекті мәжілісте жауапты сала басшысы мен аудан, қала әкімдеріне өнімділікті арттыруды тапсырды. Кемшіліктерге жол бермеуді, жаңа технологияларды ендіру бойынша жұмысты күшейтуді жүктеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда. Өңірде егін алқаптарына су үнемдеу технологиясын ендіру жұмыстарынан бөлек, осы технологияларды шығару қолға алынған. Атап айтқанда, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. Жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-нің «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек, тамшылатып суғару жүйесін шығаратын 2 кәсіпорынды іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin