Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» мекемесі қарамағында 2 тұқымбақ бар. Жалпы аумағы 140 гектар аумақты алып жатқан бақтарда 28 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде.
Қазіргі таңда тұқымбақтарда 5,7 миллионнан астам көшет өсіріліп жатыр. Бұл жайында «Жасыл Аймақ» КММ директорының орынбасары Нұржан Кашкенов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
— «Жасыл аймақ» КММ қарасты жасыл белдеу екпелері облыс көлеміндегі бірқатар аудандарда орналасқан. Жалпы аумағы 28 335 гектар жерді құрайды. Қазіргі таңда 17 019 гектар аумаққа әртүрлі ағаштар 6 аймаққа бөлініп отырғызылды. Мекемеде 591 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, 76 дана арнайы техникамен қамтамасыз етілген, — деді спикер.
Сонымен қатар, спикер «Жасыл аймақ» мекемесіне қатысты бірқатар өзекті сауалдарға жауап берді.
— «Жасыл белдеудің» жайылым қорғайтын және мелиоративті-қоректі алқа ағаштар алқаптарында, яғни сексеуілді алқаптарда құдық қазу, суару, трансформатор орнату, тыңайтқыштар шашу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан 1,2 миллиард теңге қаржыны тиімсіз жарату фактісі негізсіз деп есептейміз, — деді.
«Жасыл белдеудегі» орман алқаптары Түркістан қаласы аумағының экологиялық жағдайын есепке ала отырып құрылуда. Жердің құнарлылығы 4 топқа бөлініп, соған байланысты ағаш түрлері егіліп жатыр. Мәселен, 4-топтағы топырақ орман өсіруге жарамсыз. Онда тұздылық 3%-ға және жерасты сулары 8 метрге жоғары. Дегенмен, зерттеу жұмыстары нәтижесінде ол жерлерде алқа ағаштарының 3 түрін өсіру мүмкін деп танылған. Сондай-ақ, бұл аумақтарда егіліп жатқан ағаш-бұталардың жетілуіне кемінде 8-10 жыл уақыт қажет екенін айтты ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Битөре Жұмақанов.
Бұдан бөлек, спикерлер мекемеге қарасты 103 гектар жер телімі бойынша жауап берді. Аталған аумақ мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылып, жоспар бойынша сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары «КАТКО» БК» ЖШС-на бекітілген болатын. Алайда бұл жер теліміне жер айдау, агротехникалық жұмыстар және сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Яғни, бұл 103 гектар жер теліміне бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмағандығы бойынша актілер түзіліп, мәліметі тиісті органдарға жолданғанын айтты.
Атап өтерлігі, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының заманауи тұқымбақ ашу тапсырмасына сәйкес, тиісті жұмыстар атқарылуда.
«Заманауи тұқымбақта 576 шаршы метр жерге жылыжай орнатылған. Жылыжайдың мақсаты – сирек кездесетін ағаштар өсіру. Тұқымбақты дамыту мақсатында сеппе бөлімшесіне ағаш-бұта өсімдіктер тұқымының 11 түрінен 4993 келі тұқым себу жұмыстары жоспарланып, көктем, жаз мезгілінде ағаш тұқымдарының пісіп жетілуіне байланысты 2200 келі тұқым орман тұқымбағына себілген. Қазіргі таңда тұқымбақта барлығы 5,7 миллионнан астам ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Бүгінде орман тұқымбағы тұрақты 48 штаттық бірлік және 3 техникамен қамтамасыз етілген», – дейді «Жасыл аймақ» КММ-нің директоры Ибрагим Бигасилов.
Биылғы көктем мезгілінде «Жасыл белдеу» аумағындағы орман екпелерін толықтыруға орман тұқымбағынан 760,0 мың дана әртүрлі ағаш көшеттері қазылып, толықтыруға әр орманшылыққа жіберілді. Қала, аудан орталықтарын көгалдандыру мақсатында өткен жылдың көктем мезгілінде 2 қала, 15 аудан орталықтарына жалпы 411 мыңнан аса әртүрлі ағаш көшеттері берілді және күз мезгілінде 34200 әртүрлі ағаш көшеті орман тұқымбағынан тарқатылды. Бұдан бөлек биылғы көктем мезгілінде орман тұқымбағынан жалпы 64 мыңнан аса әртүрлі ағаш көшеттері берілген. Жалпы «Жасыл аймақ» КММ қарасты тұрақты 2 тұқымбақ бар. 240 гектар аумақты алып жатқан бұл бақтарда 30-ға жуық әртүрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде.
Айта кетейік, облыс көлемінде орман тұқымбақтарының көлемі 253 гектарды құрайды. Оның 14-і типтік заманауи питомниктерде (оның ішінде 10 жылыжай) орналасқан. Мәдени орман алқабына егілетін көшеттер дайындауға аумағы 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Көшеттер санын 50-60 миллионға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Арыста ашылған тұқымбақ аумағы ұлғайтылды
Тұқымбақ демекші, Арыс қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалада орналасқан тұңғыш тұқымбақ аумағы айтарлықтай ұлғайып, бүгінде мұнда 100 мыңнан астам көшет өсірілуде.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тікелей бастамасымен құрылған тұқымбақтың аумағы қазіргі таңда 1 гектарға жуықтады. Мұнда 9 түрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Барлық көшеттер жергілікті жерде өскен талдардың ұрықтарынан алынған. Бұл тәсіл жергілікті экожүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, өсімдіктердің жақсы өсуіне және бейімделуіне мүмкіндік береді.
«Тұқымбақта өсірілетін көшеттердің сапасын және санын арттыру үшін заманауи тамшылатып суғару жүйесі орнаттық. Бұл жүйе суды үнемдеуге және өсімдіктердің қажетті ылғалдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Және суды тікелей өсімдік тамырына жеткізу нәтижесінде өсімдіктердің өсуі мен дамуы айтарлықтай жақсарады», — дейді «Жасыл Арыс» КММ-нің маманы Қуанышбай Наурызбаев.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы елдің экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аумақтарды ұлғайту және тұрғындардың табиғатты қорғау мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Арыс қаласындағы тұқымбақтың ұлғайту жобасы – осы акцияның жарқын мысалы. Бұл жоба арқылы қаланың экологиялық жағдайы жақсарып қана қоймай, тұрғындар да жасыл аумақтардың маңыздылығын түсіне бастайды деген сенім бар.
Арыста көпқабатты үй тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, өз үйлерін әсемдеді
Реті келгенде тілге тиек етейік, Түркістан облысының Арыс қаласы орталығында орналасқан Әбдіразақов көшесінің №49 көпқабатты үй тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, өз аулаларына, кіреберістеріне абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Тұрғындар бірлесіп үйдің кіреберістерін, есіктерін әсемдеп, сырлап, қабырғаларды әктеп, ауланы жасыл желекке толтырып, күтіп-баптап отыруды дәстүрге айналдырған.
Бес қабатты, 90 пәтерлі үй иелері кіреберістерін жаңартып, оны ерекше әдемі етіп сырлаған. Есіктер мен қабырғалар түрлі түсті бояулармен әрленді, бұл үйдің кіреберісін сәнді және жайлы етеді. Жаңартылған әрлеу жұмыстары тұрғындар мен қонақтарға таза және жағымды орта сыйлайды.
Бұдан бөлек, тұрғындар ауласында ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізген. Көктемде шыбық боп отырғызылған дарақтар бүгінде өсіп, аулаға ерекше көрік беріп тұр. Тұрғындар ағаштарды өздері күтіп-баптап, суарып, олардың жақсы өсуіне қамқорлық жасауды да қолға алған. Осы арқылы экологиялық жағдайды жақсартып, ауаның тазалығына өз үлестерін қосуды мақсат еткен.
Игі шараның басы-қасында жүрген аталған тұрғын үй төрайымы Наталья Соловьева жастарды тазалыққа баулудың маңызды екенін атап өтті.
«Туған қаламызды және өз үйімізді таза ұстау – әрбіріміздің міндетіміз. Жастарды осындай игі істерге тартып, оларға тазалықтың маңызын түсіндіру арқылы біз болашақ ұрпаққа таза және жайлы орта қалдырамыз», — дейді ол.
Жалпы, Әбдіразақов №49 үй тұрғындары үшін абаттандыру жұмыстары жыл сайынғы дәстүрге айналған. Әр жыл сайын олар өз үйлерін көріктендіру және қоршаған ортаны жақсарту үшін бірлесе еңбек етеді. Өткен жылы қалада дәстүрлі түрде өткізілетін «Үлгілі үй» байқауында «Үлгілі аула» номинациясын жеңіп алған тұрғындар биыл да қатысуға ниетті.
Мұндай тазалық шарасы ауланы ғана емес, тұрғындардың бірлігін де нығайтатыны анық. Таза аула тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеріп, балалардың қауіпсіз ойнайтын орнын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тазалық шарасы қоршаған ортаны жақсартуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.