Түркістан облысының шалғай ауылдарындағы 329 мектепке «Starlink» спутниктік интернеті орнатылды

Мемлекете басшысы былтыр күзде өткен Республикалық педагогтер съезінде барлық орта білім беру мекемесін сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан жүргізіліген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде елімізде алғашқылардың бірі болып өңірдің шалғай ауылдарда орналасқан білім ошақтарына Илон Масктың Starlink» спутниктік интернет жобасы енгізілді.

Қазіргі уақытта «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-мен арада жасалынған келісімшарт негізінде жоспарланған 330 мектептің 329-ы «SpaceX» компаниясы арқылы «Starlink» спутниктік интернетіне толық қосылды. Енді мектеп оқушылары мен ұстаздары үшін жоғары жылдамдықты интернетке қосылу қолжетімді болды. Қалған Төлеби ауданында орналасқан 1 мектепте ағымдағы жылдың тамыз айына дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты орнату жұмыстары кейінге шегерілді.

Бұл жоба әрбір оқушы үшін тең мүмкіндік жасау арқылы, білім беру процесін цифрландыру және цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы маңызды қадам болмақ.

Жалпы, өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде, 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с интернет желісі орнатылған. Жақында тағы 33 мектепті оптикамен қамту жоспарланып отыр. Бұған дейін 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, «Қазақтелеком» АҚ байланыс операторының техникалық мүмкіндігіне қарай радиокөпір технологиясымен 20 Мбит/с дейінгі төмен жылдамдықты интернет желісіне қосылған болатын. Енді білім ұялары жылдамдығы 200 Мбит/с жоғары болатын «Starlink» спутниктік интернетімен қамтылды.

Starlink деген не?

Америкалық SpaceX компаниясының Starlink жаһандық спутниктік желісін 2019 жылы орбитаға шығарды. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша Starlink жазылушыларының саны 2 миллионға жеткен.

Компания иесі Илон Маск өзінің Starlink спутниктік желілері 4 жылан соң шығынсыз жұмыс істей бастағанын хабарлады.

Кәсіпкер қазіргі уақытта орбитада жүрген белсенді спутниктердің көбісі Starlink-ке тиесілі екенін айтты. Сонымен бірге жерден алдағы уақытта ұшырылатын спутниктердің көбісін осы SpaceX орбитаға жібереді.

Starlink желісі 5G стандартына сәйкес келетін, секундына 1 гигабит трафик жылдамдығымен ғаламшардың кез келген нүктесінен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі уақытта Жердің төмен орбитасында (Жер бетінен 550 км-ге дейін) 5 мыңнан астам осындай құрылғылар бар. Бұл барлық белсенді жерсеріктердің жалпы санының жартысын құрайды. Әрбір құрылғы үш жарым жыл жұмыс істеуге арналған.

Starlink — америкалық «SpaceX» компаниясы жасақтаған Жер шарындағы Интернет жүйесі қамтылмаған немесе нашар қамтылған не болмаса Интернеті қымбат аймақтары бар орындарға арнайы бағытталған ғаламдық спутниктік шоқжұлдыз жүйесі. Спутниктік жүйелерді зерттеумен, жасақтаумен және өндірумен айналысатын «SpaceX» бөлімшесі Вашингтон штатының Редмонд қаласында орналасқан.

Жобаны жасау 2015 жылы басталды, «TINTIN» сынақ прототиптері 2018 жылдың 22 ақпанында сәтті түрде іске қосылды. 2017 жылы SpaceX 2020 жылдың ортасына қарай Жер орбитасына жалпы саны 12 000-дай спутниктер жіберу туралы нормативті құжаттар ұсынды. 2019 жылдың мамырында 60 спутник-прототиптің бірінші тобы жіберілді.

«SpaceX» 2020 жылы АҚШ-тың солтүстігіне және Канадаға, ал 2021 жылы бүкіл әлемге Интернетке коммерциялық қолжетімділікті ұсынды. Жобаны жүзеге асыруға арналған инвестицияның жалпы суммасы 10 миллиард долларға бағаланды. «SpaceX» сондай-ақ зерттеуге және ғылыми мақсаттарға арналған осы жүйені қолданатын жер серіктерін сатуды жоспарлауда.

Starlink жер серіктері Холл эффектісінде жұмыс істейтін, криптон қолданатын электростатикалық қозғалтқыштармен жабдықталған. Өзіндік қозғалтқыштары спутникке олардың орбитада көтерілуіне, ғарыш әуесінде маневрлар жасауға және пайдалы қызмет ету уақыты аяқталысымен орбитадан ауытқуына мүмкіндік береді. Жерсеріктің массасы 260 келіге жуық, пішімі — жалпақ панель түрінде. Starlink жерсеріктері маневрлерді автономды орындау үшін және ғарыштағы қоқыстармен, басқа да ғарыш аппараттарымен соқтығысып қалмас үшін АҚШ Қорғаныс министрлігінің ғарыштағы қоқыстарды қадағалау жүйесінің деректерін пайдаланады. Әрбір аппаратта 1 күн батареясы, 4 фазаланған антенналық тор, жұлдыздарды бағдарлау датчиктері орнатылған.

Жүйенің Иридиум, Глобалстар, Thuraya және Inmarsat спутниктік байланыс жүйелерінен айырмашылығы, мұнда өзінің жерсеріктерінің телефондарына тікелей қосылмайды. Оның орынына ол пицца қорабының мөлшері шамалас қолданушы терминалдарына жалғанады. Осы қолданушы терминалдарының фазаланған антенналық торлары бар әрі олар жер серігін бақылап отырады. Терминалдарды жер серіктері тікелей көрінетін Жер шарының барлық орнына орнатуға болады. 2020 жылдың 26 қазанында басталған жүйені жариялы сынақтан өткізу аясында клиенттерге 499 долларға жабдықтар жиынтығын сатып алуға ұсыныс жасалды, байланыс қызметіне бір айға жазылым бағасы 99 долларды құрайды.

Айта өтейік, Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі «биыл елдегі орта білім беру ұйымдарын жылдамдығы жоғары және тұрақты интернетпен қамту 65%-тен 80%-ке дейін ұлғайтылады» — деп хабарлаған-ды.

Ведомство бұл шара оқыту үшін қолайлы жағдай жасауға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

«Мектептерде жоғары жылдамдықтағы интернетті қамтамасыз етудің бірнеше маңызды артықшылығы бар. Біріншіден, бұл оқушылар мен мұғалімдерге үлкен көлемдегі ақпарат пен білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оқу процесі мен ой-өрісті кеңейтуге ықпал етеді. Екіншіден, жылдамдығы жоғары интернет түрлі онлайн-платформалар арқылы басқа мектептермен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл жасауға, коммуникацияны дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді», — деп мәлімдеді министрліктің цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.

Айта кетерлігі, министрлік қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және шалғай, тұрғыны аз аудандарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты түрлі шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin