Бүгін түлкібастық түлектер тағы да бір отбасын қуанышқа бөледі. Игі дәстүрді жалғаған Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов және Ломоносов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері бірігіп, мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 5 бөлмелі қорасы мен сарайы қарастырылған баспана сыйлады.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен мен округ әкімі Қ.Ахметов, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді. Ауданның бас имамы Серік Мағазы да сауапты іске мұрындық болған жандарға ризашылығын білдірді. Жиында өмірден өткен сыныптастар рухына құран бағышталды.
Ортадан ақша жинап, 10 миллион теңгеден астам қаражаттың басын құрап, соның 9 миллион теңгесіне үй алған. Содан соң толық жөндеуден өткізіп, ішін қажетті жиһаз-техникалармен жабдықтап беріп отыр. Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді сол үйдің ауласында құдайы ас беріп, Абдулаевтар отбасына табыстады. Жас отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Шара соңында «Мұқтаж жанға көмек беру, қайырымдылық жасау – ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған асыл қасиет» деп санаған 2004 жылғы мектеп түлектері дәстүр бойынша эстафетаны 2005 жылғы түлектерге табыстады.
Еске сала кетейік, осыдан 7 жыл бұрын Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын тауып келеді.
Сонымен қатар Түркістан қаласында мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер де игі іске мұрындық болды. Бүгін “Бекзат” мөлтекауданының 1986 жылғы азаматтары жиырма жылдыққа орай баспана сыйлады.
Аталған мөлтекауданның азаматтарына мұндай бастама дәстүрге айналған. Бірнеше жыл қатарынан мұқтаж отбасыларды қуантып, алғысқа бөленіп келеді. Наурыз думан мерекесінде және 25 мамыр күні қарсаңында, жылына 2 рет беріледі. Бұл – жанашыр жандардың тарапынан тарту етілген 17-ші баспана. Олар 2020 жылы дүниеден өткен достары Жарқынбек Өтеповтің отбасына үй салып берді. Соңғы қоңырау іс-шарасынан соң салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, бүгін еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Түркістан өңірінің білім ошақтарын биыл 32 мыңнан астам оқушы тәмамдап отыр. Болашаққа нық қадам басқан бітірушілерге мұндай игі істің үлгі болары анық.
Бұдан бөлек Түркістан облысының Ордабасы ауданында да әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналып келеді.
Биыл да бұл дәстүр жалғасып, аудан орталығы Темірландағы Ш.Уәлиханов, А.Иманов және Қ.Бектаев мектептерінің 2004 жылғы түлектері мұқтаж отбасыға баспана сыйлады.
Олар аталған баспананы тарту ету үшін мұқтаж отбасыны таңдау үшін “Игілік” қоғамдық қоры 8 отбасының презентациясын ұсынған. Олардың әрқайсысы — тағдырдың сынағына түскен отбасылар. Солардың арасынан жалғызбасты, көпбалалы Замира Тасболатова көпшілік дауыспен таңдалып алынған. Бұл отбасы осы уақытқа дейін тар бөлмені жалдап тұрып келген.
Айта кету керек, бұл шара “20 жылдық түлектерден 1 қоныс” жобасы аясында жүзеге асып отыр. Яғни, бұл жоба осыдан төрт жыл бұрын, 2001 жылғы түлектерден бастау алған. Осы уақытқа дейін төрт отбасыға баспана тарту етілген.
Ауданда осы бағыттағы игі істер жалғасады. Түлектердің бұл қайырымды ісі ел-жұртқа үлгі болары сөзсіз.
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев аудан орталығындағы А.Иманов жалпы орта мектебінің соңғы қоңырау шарасына қатысты. «Сыңғырла, күміс қоңырау» тақырыбында ұйымдастырылған салтанатты жиында аудан басшысы оқушылар мен түлектерді, ұстаздарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
— Қадірлі ұстаздар! Құрметті мектеп бітіруші түлектер!
Сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ауданымызда 2023-2024 оқу жылында 35 мыңнан астам (35521) оқушы білім алды. Оның 2 мыңнан астамы (2112) 11-ші сыныпты бітіріп, үлкен өмірге жолдама алып отыр.
Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектердің 80-і — «Алтын белгіге», 215-і — үздік аттестатқа үміткер.
Құрметті түлектер!
Сіздер осыдан 11 жыл бұрын тарыдай болып осы мектептің табалдырығын аттаған едіңіздер. Бүгін білім ұясынан таудай болып үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыздар.
Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандыруда.
Барша жас түлектерді алда үлкен сын күтіп тұр. Барлықтарыңа Ұлттық бірыңғай тестілеуден абыроймен өтіп, Қазақстанымыздың білікті маманы атануларыңа тілектеспін!
Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан білім саласына көп көңіл бөлінуде. Соның көрінісі бүгінгі күнге ауданымызда 4 мектептің құрылысы жүргізілуде.
1 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына, мектептің материалдық техникалық базасын нығайтуға түрлі пән кабинет бюджет есебінен берілуде.
Балаларымыздың сапалы білім алуына мемлекет тарпынан өте үлкен жағдайлар жасалынуда.
Осы орайда өздеріңізге сәттілік тілегім келеді. Жолдарыңыз ашық болсын!
Ал, ұстаздар қауымына зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! Еңбектеріңіз жемісті бола берсін! – деді Азат Оралбаев.
Сонымен қатар, аудан әкімі өңірдегі білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
Биыл аудан бойынша 4 мектептің құрылысы жүргізіліп, 1 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына, мектептің материалдық техникалық базасын нығайтуға түрлі пән кабинет бюджет есебінен берілуде.
Салтанатты шара барысында өнерлі түлектер мен оқушылар ән-биден шашу шашты.
Айтпақшы, реті кеп тұрғанда, жақсы жаңалықпен бөлісе кеткенді жөн көрдік.
Еліміздегі 100 үздік мектептің біреуі — “Ынтымақ” жалпы орта мектебі осы Ордабасы ауданыныкі!
Сонымен, Түркістан облысынан рейтингке енген мектептер:
— Ордабасы ауданы, “Ынтымақ” жалпы білім беретін мектебі;
— Сауран ауданы, №1 жалпы білім беретін мектебі;
— Түркістан облыстық “Білім-Инновация” мектеп-интернаты, Түркістан қаласы;
— Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі;
— Кентау қаласы, “Дарын” мектеп-интернаты;
— Шардара ауданы, М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаты.
2023-2024 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңін толық нәтижелеуде еліміздің 100 үздік олимпиадалық мектептер рейтингі жасалды.
Рейтинг арнайы формула бойынша шығарылды. Алтын медаль — 3 балға, күміс – 2 балға және қола 1 балға бағаланады.
Ал Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиынға қатысты.
Қала әкімі педагогикалық ұжымды, оқушылар мен олардың ата-аналарын құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барлық кентаулық түлектерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ еңбегі еселі бірқатар ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Алғыс хатпен» марапаттады.
Шара барысында мектеп бітіруші түлектер мектеп вальсін орындап, әсем әуендерін шырқады. Салтанатты жиында «Алтын белгі» үміткері, Назарбаев университетіне шақырту алған Серік Қуаныш пен бастауыш сынып оқушысы Талшын Маккамбай соңғы қоңырауды соқты.
Жиын соңында қала әкімі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің мектепке тарту ретінде салып берген спорт алаңшасының ашылуына қатысты. Одан бөлек, білім ордасының ішіне рәміздер алаңын жасап берген.
Айта кету керек, биыл Кентау қаласында 741-дей оқушы мектеп бітірмек. Олардың 677-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Биыл 45 оқушы «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер болып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.