Түркістан облысының әкімінің Ордабасы ауданына іссапары аясында шаруаларға 50-ге жуық трактор мен комбайн кілті тапсырылып, жаңа зауыттың іргетасы қаланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан өңірінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауданға іссапары аясында Бадам ауылдық округіндегі арнайы аймақта орналасқан «KAZ KIOTI» зауытында болып, шаруалармен кездесті. Бүгінде облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Trade in» бағдарламасы қолданылып, шаруаларға ауыл шаруашылығы техникалары ұсынылуда.

Облыс әкімі шаруаларға тракторлар мен комбайндар кілттерін табыстады. Жалпы, бүгін 48 шаруа жаңа техникаға ие болды.

– Түркістан облысысында ауыл шаруашылығы саласына «Ауыл аманаты» жобасы арқылы нақты қолдау көрсетіліп жатыр. «Trade in» бағдарламасы да тиімді жүзеге асуда. Осы қолдаулар арқылы ауыл шаруашылығы техникалары жаңаруда. Бүгін облысымыздың шаруаларымен қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Жаңа техникаларрыңыз құтты болсын! Біз әрдайым өңір экономикасын дамытуға сеп беретін жобаларды қолдауға дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Техникаға ие болған шаруалар мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдіріп, басшыларға алғыстарын айтты.

Түркістан облысында «Trade in» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл ретте «KAZ KIOTI» компаниясы нақты іске кірісіп кетті. Бағдарлама арқылы шаруалардың істен шыққан ескі техникалары нарықтық бағамен бағаланып, қабылданады. Бұл – шаруаларға жаңа трактор алуға үлкен мүмкіндік. Ескі трактор мен техниканың бағаланған құны алғашқы жарна ретінде алынып, зауыттан шыққан жаңа тракторлар «Оңтүстік» АИО ЖШС және «Ырыс» микро қаржы ұйымы арқылы лизингке төмен пайызбен рәсімделеді.

Оңтүстік Кореяның «Daedong» компаниясымен бірге жинақталатын ауыл шаруашылық тракторларының өндіретін кәсіпорын 2015 жылы жұмысын бастаған. Жоба жеке инвестор есебінен жүзеге асып жатыр. 5 гектар аумақта орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6 919,0 млн теңге. Мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт толық қуаттылығына шыққанда жылына 2000 техника жинауға мүмкіндігі болады. Өткен жылы 304 дана трактор, 6 комбайн жасап шығарса, осы жылдың 3 айында 180 дана трактор жинаған.

Зауыт басшылығы жобаның сәтті жүзеге асатынына сенімді. Ол өндірісті одан әрі дамытуды, оның ішінде, өндірістік қуатты арттыруды, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуді, локализациялау пайызын арттыруды жоспарлап отыр.

Өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары жалғасады.

Тағы бір атап өтер жайт, Түркістан өңірінде өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Маңызды жобалар жүзеге асуда.

Бүгін ауданда жаңа зауыттың капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысты. Аудандағы «CENTRAL ASIA ALUMINUM» зауытының құрылыс алаңында болған облыс әкімі алюминий профильдерін өндіру жобасының жүзеге асырылу барысын көрді. Инвестормен кездесіп, пікір алмасты. Жаңа зауыт құрылыс жұмысы аяқталған соң келесі жылы алғашқы өнімін шығаруды жоспарлап отыр.

– Инвестициялық жобаларға тұрақты қолдау көрсетіледі. Ешқандай кедергі жоқ. Жұмыс орындарын ашу – маңызды іс. Бұл зауыт та өңір экономикасының дамуына үлес қосады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Алюминий профильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталып кетті. Жер жұмыстары жүруде. 2025 жылдың I тоқсанында жобаның бірінші кезеңі іске қосылып, 180 адам жұмыспен қамтылады. Ал ІІ кезеңінде 150 адам жұмысқа шақырылмақ. Жалпы 7,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Әр кезеңде 10 мың тоннадан өнім өндіріледі деп күтіліп отыр.

Жалпы, ауданда кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, жаңа жобаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір – Түркістан. Бүгінде жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13-і пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу көзделген. Оның ішінде 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Бадам ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ елді мекеніндегі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық білім ошағының құрылыс алаңына барды.

Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Өңір басшысы білім сапасын көтеру, мектеп тапшылығын жою маңызды екенін айтып, жауапкершілікпен жұмыс істеуді міндеттеді.

Жоба құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын білім ошағының құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталып, биыл аяқтау көзделіп отыр. Тапсырыс беруші – АО «Samruk-Kazyna Construction». Нысанның бас мердігері – «Ar Kua Group» ЖШС болса, бас жоблаушысы – «Jer Group» ЖШС. Ғимараттың ауданы – 5 921,9 шаршы метр, жердің жалпы ауданы – 2,325 гектар. Бұл білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалады.

Түркістан өңірінде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды. Дархан Сатыбалды Темірлан елді мекеніндегі 1 қабатты, 2 пəтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысымен, қазіргі жай-күйімен танысты. Мердігері – «Берен» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Tulpar Building Group» ЖШС. Үйлердің құрылысы өткен жылы басталып, биыл аяқталған. Жалпы алаңы 750 шаршы метр болса, 1 үйдің аумағы – 62,5 шаршы метр.

Сонымен қатар облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес өңірдегі барлық аудан, қаланы аралап шығып, халықпен кездесті. Биылғы қорытынды кездесу Ордабасы ауданында өтті. Үш жүздің басы қосылған тарихи мекенде бәтуәлі ойлар айтылды. Өңір басшысы өндірісті дамыту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу негізгі бағыттар екенін тағы да айтты. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Ауданның мәселесін талқылау үшін кездесуге арнайы келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Атқарылған жұмыстар ғана емес, кемшіліктер, алдағы жоспарлар да айтылады. Біз өңіріміздің инфрақұрылымын жақсарту, елдің әл-ауқатын көтеру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Оның ішінде Ордабасы ауданына да тиісті назар аударылған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ордабасы ауданында 2023 жылы 19 елді мекенде 24 жобаны іске асыруға 2,8 миллиард теңге бөлінді. Сол арқылы Темірлан, Қажымұқан, Бадам елді мекендерінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 681 миллион теңгеге 13 елді мекендегі 27 көше орташа жөндеуден өтті. Төреарық, Ықылас Темір, Дербес елді мекендеріндегі фельдшерлік акушерлік пунктің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Мектептер күрделі жөндеу жұмысымен қамтылды. Биыл 14 елді мекенде 18 жобаны іске асыру үшін 3,3 миллиард теңге қаралды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,7 миллиард теңгеге 259 жоба қаржыландырылды. Ордабасы ауданында 30 мектептің интернет жүйесі жақсарды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 27 пайызға өсіп, 2023 жылы 145 миллиард теңгеге жетті. Біз осындай кездесулерде кемшіліктерді де жасырмай айтып, мәселелерді шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Мегаполиске жақын әрі күре жолдың бойында орналасқан ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және индикаторлар орындалмаған салалар бойынша жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде аудан әкімі Азат Оралбаевтың өткен жылғы және биылғы 6 айдағы көрсеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 32 пайызға өсіп, 15 мыңға жуықтады. Олардың өндірген өнім көлемі 161 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 61 миллиард теңгеге немесе 60 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 33 миллиард теңгеден асып, жоспар 1,4 миллиард теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 39 миллиард теңгеден асып, жоспар 2,3 миллиард теңгеге артығымен орындалған.

Жиында аудан тұрғындары мектеп ғимаратын жөндеу, жер дауы, инфрақұрылым, ағын су, баспанамен қамту және өзге де мәселелерді қозғады. Тиісті жауаптар берілді.

Одан кейін Дархан Сатыбалды жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin