«Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс». Кезекті рет тарихи шаһардағы маңызды нысандарды аралаған өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға осындай тапсырма берді. Өңір басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығындағы 7 және 30-көше бойындағы саябақтың құрылысын қадағалады.
Саябақтың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.
– Жұмысты жоспарға сай сапалы атқарыңыздар. Аяқжолдар, абаттандыру жұмыстары талапқа сай болуы тиіс. Ауа райының ерекшелігін білесіздер. Осы аумаққа жерсінетін акация, тұт, қарағаш және өзге де төзімді ағаштарды көптеп егу керек. Егіп қана қоймай, жан-жағын байлап, дауылдан қорғаған жөн. Әсіресе, көлеңке беретін жапырақты ағаштарға басымдық берілгені дұрыс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерге нақты тапсырмалар берді.
Мұнда қазіргі таңда ағаш отырғызу, резервуар және скважина жүргізу, аяқжолдар тақтайшаларын орнату, топырақтарды тегістеу, газон егу, суғару жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.
Одан кейін Түркістан қаласы үшін аса маңызы бар І.Қожабаев көшесіне жол төсеу барысы да сарапталды. Жолдың ұзындығы – 5,6 шақырым, санаты – жалпықалалық 4-6 жолақты магистралды жол. Құрылысы былтыр басталған жол биыл күзге дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге мамандар «Арыс-Түркістан» каналының бойына қауіпсіздік баспалдақтарын орнату жобасы туралы да айтып берді. 19 шақырымға жуықтайтын каналдың әрбір 500 метрі сайын арнайы ескерту белгісі мен қауіпсіздік баспалдағы орнатылады деп межеленген. Өңір басшысы жол құрылысын сапалы етіп аяқтауды, құрылысын қатаң бақылауды тапсырды. Қалада халық саны өсетінін, осыған сәйкес инфрақұрылым да дамып отыруы керек екеніне тоқталды.
Облыс әкіміне «Ащысай су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Су резервуары – Түркістан, Кентау қалаларын ауыз сумен қамтитын стратегиялық нысан. Қазір бұл резервуар талапқа сай жұмыс істеп тұр. Мамандар су құрамын, сапасын тұрақты түрде тексеріп, зерттеп отырады. Халық саны артуына немесе су тұтыну көлемінің күрт артуына да арнайы жоспар жасалған. Су қоры жеткілікті.
Дархан Сатыбалды су нысанының талапқа сай жұмыс істеуі маңызды екеніне тоқталып, қажет болса, қосымша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.