Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті жұмыс сапары барысында Бәйдібек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ауданның активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Ауданның дамуына кері әсерін тигізіп отырған кемшіліктер мен кедергілер бүкпесіз айтылып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берілді.
– Жаңа форматта жұмыс істеуге көшу керек. Бюджеттің мүмкіндігіне ғана үміт артып отыра бермей, қолдан келетін тазалық, абаттандыру секілді мәселелерді шешуге болады. Ауданның даму жоспарын айта қарап, басынан әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте әр ауданның ерекшелігі назарға алынып, басым бағыттары анықталуы керек. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, барлық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Кіріс көлемін арттыру, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу аса маңызды. Ауданға жеке инвестицияларды тарту бойынша нақты жобалар ұсыныңыз. Даму бағыттары бойынша ізденіңіздер. Біз қолдауға дайынбыз. Жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға бет бұру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту жұмыстарын зерделеу нәтижесімен таныстырып, өзекті мәселелерді қозғады. Деректерді сөйлетіп, жұмысты ширату жөнінде ұсыныстарын берді.
Ауданда Мемлекет басшысының индустрияландыру саясатын іске асыру мақсатында жұмыс ойдағыдай емес. Мәселен, өткен жылы облыстың индустрияландыру картасын өзектендіру үшін кемінде екі инвестициялық жоба ұсыну міндеттелген. Бұл тапсырма орындалмаған. Осыған байланысты облыс әкімі тарапынан ауданда инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін кемінде 20 инвестициялық жобаны ұсыну жөнінде тапсырма берілді.
– Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Оның ішінде жастардың арасында жұмыссыздықты жоюға ерекше көңіл бөлу қажет. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Тұрақты жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға» бағдарламаларын елге түсіндіріп, игілігін көрсету керек, – деген өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасын да сапалы атқару керектігін ескертті.
Расы керек, аталмыш жобада халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретіні айтылған. Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен бағдарламаға жыл басында 11,0 миллиард теңге, қосымша 8,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жалпы бөлінген 19 772 410 мың теңге қаржыға 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетіледі. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп отыр.
Жалпы, Түркістан облысы халқының саны 2 миллион 115 мың адамды құраса, олардың 75,5 пайызы немесе 1 млн 596 мың адам ауылда тұрады. Олардың ішінде:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылғандары) 181,3 мың адам;
– аз қамтылған отбасылар саны 30,9 мың отбасы;
– жұмыспен қамтуды қажет ететін адам саны 93,5 мың адамды құрап отыр.
Осы орайда, ауылды жердегі халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудің бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту. «Ауыл аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер берері сөзсіз.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Жобаны жүзеге асыруға барлық ауылдық округтерде скрининг жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезекте жобаға қатысатын 16 ауданнан 32 ауылдық округ, 44 кооператив анықталып, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Бүгінде 425 жоба қабылданып, 1,1 миллиард теңгеге 236 жоба мақұлданған, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Несие қаржысын таратушы ретінде сенім білдірген өкіл деп «Түркістан ӘКК» АҚ танылды. Жалпы құны 7,3 миллиард теңге болатын 847 өтінім қабылданып, оның ішінде 312 өтінімінің, яғни 2,6 миллиард теңгенің құжаттары мақұлдау сатысында. Жоба аясында жалпы 4 000 бірлікке жуық микрокредит беріледі. Нәтижесінде, 5 200 жаңа жұмыс орыны құрылып, өңірдегі 8 451 АӘК алушы отбасы санын 30%-ға төмендету жоспарлануда. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен жыл басында 11 миллиард теңге, наурыз айында республикалық бюджетті нақтылауда қосымша 8,9 миллиард теңге қарастырылып, жалпы 19,8 миллиард теңге бөлінді. Несиелендірудің өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу сынды 6 бағыты таңдалған. Соған сәйкес 90% өтінім мал шаруашылығы саласын дамыту бағытында өткізілген немесе 425 жобадан 380 жоба мал шаруашылығы, 40 жоба егін шаруашылығы, 5 жоба балық шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр.
Сондай-ақ өңірде инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы қатаң бақылауға алынған. Инвесторлардың жергілікті әкімдіктерге қояр талаптары да жоқ емес. Мысалы, Бәйдібек ауданында мырыш өндіру және байыту жобасын бірлесіп іске асыру үшін «United gold» ЖШС Түркияның «Tekşan Madencilik» компаниясымен келісімге келген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жоба бастамашысы арасында «Бесағаш-1» кен орнын барлауға келісімшарт бар. Жобаның жалпы құны – 1,8 миллиард теңге жүзеге асса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Бұл орайда инвестор 4 шақырым жерге электр желісін тарту қажеттігін айтып отыр. Ал «Ernur» ЖШС жұмыртқа, тауарлық құс еті және шұжық өнімдерін өндіретін құс фабрикасын салуға Бәйдібек ауданында жер учаскелері қарастырылып жатыр. 2023-2026 жылдары аралығында жүзеге асатын жобаның құны – 15 миллиард теңге, 50 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыру үшін 40 гектар жер мен электр қуаты қажет. Инвестициялық штаб отырысында «SIPtechnology» ЖШС Түркістан қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта коттедж қалашығын салуға ниетті екенін білдірсе, облыс орталығында «Chery» автокөлік маркасының дилерлік орталығын салу мәселесі де көтерілді. «Саяхат Моторс – Түркістан» ЖШС өкілінің айтуынша, құны 1 миллиард теңге болатын жоба жүзеге асса, автомобиль орталығында 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеп, биоэтанол шығару жобасы жүзеге асырылмақ. «Otyrar Bio Tech» ЖШС атқаратын жүгеріні терең өңдеу жобасының құны – 72 миллиард теңге. 2025 жылға қарай ашылатын зауытта 154 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Сайрам ауданында «Capable group» Мүгедектер қоғамы» жылына 100 миллион дана жөргек шығаратын цехын іске қосқан. Қазіргі уақытта жобаның бастамашысы қосымша 3 өндіріс желісін іске қосумен өндірістік қуаттылықты кеңейтуді көздеп отыр. Бұл ретте жобаның бастамашысы 3 миллиард теңгеге жабдық сатып алу мәселесі бойынша «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыруға қатысты келіссөздер бастаған. Жалпы құны – 8 миллиард теңге. Жобаның жылдық қуаты – 350 миллион дана. Аталған жобаны жүзеге асыру барысындағы инфрақұрылымға қатысты мәселелер де ашық айтылып, ұсыныстар берілді. «Бес қара» ЖШС Сарыағаш ауданында 4 ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті. Құс етін дайындау және сою бекеті жобасының құны – 700 миллион теңге, 25 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жаңа құрылғылар сынақтан өткізілуде. Ал ірі қара мал үшін бордақылау алаңын 2 500 басқа кеңейту жобасы биыл күзде жүзеге аспақ. Жоба бойынша жер анықталып, құрылысы басталған. Аталған инвестор мұнымен тоқтамай, 20 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын да салмақ. Жоба құны – 500 миллион теңге. Жоба 2024 жылға қарай жүзеге асады. Сонымен бірге «Бес қара» ЖШС арнайы мал сою бекетін ашып, етті шетелге экспорттамақ. «Ет Агро-Манкент» компаниясы Сайрам ауданынан 5000 басқа арналған бордақылау алаңын, етті терең өңдеу кешенін, сою бекетін салуды қолға алып отыр. Жоба жүзеге асқанда жаңа 100 жұмыс орны ашылады. Жер, несие және газбен қамту мәселесі бар.
Жиын барысында аудан әкімі Ержігіт Шәріпбековтің атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Оның айтуынша, былтыр ауданда 55,8 миллиард теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,7 миллиард теңгеге артқан. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына 4 ауылдық округ тіркеліп отыр. 2023 жылы 11 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде агроөнеркәсіп бағытында 6 жоба бар. Ал, қайта өңдеу мен кәсіпкерлік саласы бойынша – 2 жоба, туризм бойынша қызмет көрсету орындары бойынша 3 жоба жүзеге асырылмақшы. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 2022 жылы 20 отбасы нақтыланып, оларды өмірлік қиын жағдайдан шығару мақсатында мемлекет тарапынан және демеушілер есебінен 15 миллион 587 мың теңгенің көмегі көрсетілсе, 2 отбасыға баспана беріліпті. Одан бөлек, 2022 жылы ауданда қосымша демеушілер есебінен аз қамтамасыз етілген 13 отбасыға баспана берілсе, 2023 жылы 14 отбасыға азық-түлік және басқа да тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету үшін 20 кәсіпкермен меморандум түзілген.
Дархан Сатыбалды жұмыс сапарында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына орнатылған компьютерлік томография қондырғысын көрді. Жаңадан ашылған инсульт орталығының жұмысымен танысты. Компьютерлік томография 128 кесінді аппараты жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Денсаулық сақтау саласындағы жұмысты да жандандыру керектігін айтқан өңір басшысы жауаптыларға өз міндеттерін адал әрі сапалы атқару, Бәйдібек ауданындағы күрделі мәселелерді шешу, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу, елдің өтініштерін заңға сай орындау жөнінде тапсырма берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.