Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардың жеке және көпшілікпен ортақ мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, толғандырған мәселелерін мұқият тыңдады. Құр тыңдап қойған жоқ, шешілу жолын айқындады. Тұрғындарды сумен қамту, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту, жер телімін бөлу және тағы басқа мәселелер толғандырады. Өңір басшысы қабылдауға жазылған облыс тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары бойынша шешімнің заңды жолдарын түсіндірді.
Келген тұрғындарға әрбір мәселе шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын айтты. Жеке қабылдауға құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі түйткілдердің түйіні тарқатылды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды барлығын сараптай, саралай келе, баршасына толықтай жауабын берді. Шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, кейбірін өзінің орынбасарларына мен жауапты басшыларына тапсырды. Әрбір ұсыныс пен өтініш бойынша тиісті жұмыс жүретінін айтты.
– Азаматтардың өтініш-тілектері, ұсыныстары мен талап-арыздары ескерусіз қалмайды. Барлық туындаған мәселелер заң шеңберінде шешімін табады, – деді Дархан Сатыбалды.
Тұрғын үй кезегінде тұрған Сарыағаш ауданының тұрғыны ауданнан берілетін баспанадан бас тартып, облыс орталығынан үй сұрады. Тағы бірі жылдар бойы шешімін таппаған жер мәселесіне нүкте қою туралы өтінішін жеткізді. Қабылдауда өтініш иелдеріне соттың шешімімен келіспеген жағдайда, әлі заң күшіне енбей тұрып, аппеляциялық тәртіпте шағымдануға болатыны түсіндірілді.
Дархан Сатыбалды түркістандықтардың ұсыныс-шағымдарын жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға әр азаматтың мәселесін жіті талдап, қысқа мерзімде заң аясында шешуді тапсырды. Қоғамдық қабылдауға жазылған өзге де тұлғалар түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауы бекітілген кестеге сәйкес жалғасын таппақ. Мұндай кездесулер көптеген түйткілді мәселелердің жауабын алуға мүмкіндік береді.
Орайы келгенде атап өту керек, облыс басшысы жеке қабылдауды қоспағанда, облыстың түкпір-түкпіріндегі түйткілдерді Түркістан облыстық Бірыңғай байланыс орталығы арқылы да жан-жақты біліп отыр. Мәселен, 20-30 мамыр аралығында өңір бойынша 4327 өтініш келіп түскен. Оның 3816-не мезгілінде жауап беріліп, оң шешілген.
Қаралған мәселелердің басым бөлігі: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, оның ішінде электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен қамту, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, кәріз құдықшалары мен қоқыс қалдықтарын тазарту, ветеринарлық қызметтер көрсету, жол салуға байланысты.
Мәселен, Түркістан қаласының Құлыншақ ақын көшесіне суару жұмыстары жүргізілсе, Жаңқожа Батыр және Құлан ақын көшелері бойындағы көгалдарды суару жалғасуда. Арыс қаласы, Ө.Жәнібеков көшесі №1 үйдің алдындағы кәріз құдықшасынан тасыған кәріз суларына «Ақаба-Сервис» мекемесінің тарапынан тазаланды. Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылы, С.Мұханов көшесі №5 үй алдындағы жер астынан ағып жатқан суға мамандар тарапынан тиісті істер атқарылды.
Тұрғындардың мәселелерді жедел жеткізуі мен кері байланысты оңтайландыру бойынша өтініш беру көздерінің аясы кеңейген. Атап айтқанда, азаматтар 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу, «Aikey» мобильді қосымшасы, Telegram-да чат бот, Whatsapp желісі, Instagram және Facebook әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы өтініштерін жолдай алады. Байланыс орталықта тәулік бойы тұрғындардың арыз-шағымы қабылданады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.