Түркістан облысының әкімі Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамыту бойынша инвесторлармен келіссөз жүргізді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакыметпен кездесті. Сонымен бірге қабылдауға келген шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді. Облыс әкімі өндіріс орнын ашамын, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгіземін дейтін азаматтарға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Түркістан өңіріне қош келіпсіздер. Түркістан – елімізде мақта өсірілетін жалғыз облыс. Сондықтан осы саланы мейлінше дамытып, мақта кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Осы бағытта жұмыстар жүруде. Біз мақта сұрыбын жақсартып, мақтаны терең өңдейтін зауыттар ашамыз. Сіздер ұсынған жобаларды қарастырып, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

«Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакымет Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырғалы жатқан жобаларын таныстырды. Біріншісі – Сауран ауданының Үшқайық ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып жоғарғы сортты мақта дақылын өндіру көзделген. Жоба құны – 1,5 миллиард теңге. Жер көлемі – 1000 гектар, іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар аралығы, 30 адам жұмыспен қамтылады.

Екінші жоба – Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін дамыту. Жоба құны – 500 миллион теңге, жер көлемі – 518 гектар. Мұнда 200 гектар жерге тұқымдық мақта, 200 гектар жерге тәтті жүгері және 118 гектар жерге ащы бұрыш егу көзделген. 2024-2025 жылдары жүзеге асатын жоба арқылы 15 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге Ескі Иқан ауылдық округінде замануи технологиялар қолданылған мақта өңдеу зауытын салу көзделген. Жоба жүзеге асса, 120 адам жұмыспен қамтылады. Бұл жобалардың бастамашысы – «Жаңа Жібек жолы» ЖШС.

Кездесу барысында өңір басшысы аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвесторға сүймелдеу жұмысын жүргізуді, инфрақұрылым бойынша көмектесуді тапсырды.

Өңір басшысы қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады

Бұдан бөлек бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Азаматтардың мәселесін тыңдап, жауапты сала басшыларымен бірге оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Өңір басшысы көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

– Жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты, өмір жағдайының жақсы болуы – біздің де қалауымыз. Облыс экономикасын дамытуда жергілікті тұрғындардың ұсыныстары маңызды. Айтылған өтініштер мен ұсыныстар хаттамаға енгіліп, заң аясында шешімін табады, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Қабылдауға келген азаматтар сан түрлі мәселе көтерді. Басым бөлігі жайылым және суармалы жер, әлеуметтік түйіткілдерді ортаға салды. Бірқатары сол мезетте шешімін тапты.

Ордабасыдан келген азамат «Ақбастау» жалпы білім беру мектебі және Аққойлы медициналық бекеті бойынша ұсыныстарын жеткізіп, жайылым жер және ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін көтерді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізуге жер алуға ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе бойынша өңір басшысы іс бастаймын деген азаматтарға қолдау болатынын жеткізіп, жоба ұсынуды тапсырды. Отырарлық тұрғын Талапты ауылына спорт алаңшасын салу туралы ұсынысын жеткізді. Өтініш иесіне облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен бой көтеріп жатқандығы айтылды. Тағы бір азамат Бөген ауылындағы суармалы жер жайын айтып, каналдарды мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсынысын жеткізді. Дархан Сатыбалды аудан әкіміне негізгі және қосымша каналдарды мемлекет меншігіне қайтаруды және оларды «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді.

Сонымен қатар жеке қабылдауда білім ұяларын күрделі жөндеуден өткізу, аяқжол салу, ойын алаңшасын орнату, денсаулық сақтау саласындағы және коммуналдық мәселелер қозғалды.

Айта кетейік, облыс әкімі кестеге сәйкес аудан, қалалардың тұрғындармен кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп келеді. Облыс әкімінің орынбасарлары да «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрақты түрде қабылдау өткізіп тұрады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin