Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шэньси провинциясынан Түркістанға арнайы келген «Чанъань» инвестициялық компаниялар тобы өкілдерімен кездесті. Инвестициялық компаниялар тобының құрамында су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы саласындағы ірі компаниялардың өкілдері болды.
Маңызды кездесу – облыс әкімі бастаған ресми және іскерлік делегациясының Қытай еліне жұмыс сапарының жемісі. Делегация сапары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ҚР Сиань қаласындағы Бас консулдығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Кездесуге Қазақстан-Қытай кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен бірге Сиань қаласындағы ҚР Бас консулы Жошыхан Қыраубаев қатысты.
Өз сөзінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жобаларды талқылауға әрдайым дайын екенін жеткізді. Өңірдің негізгі драйвері саналатын ауыл шаруашылығы саласы мен жаңартылатын энергия көздері секілді жобалардың өзектілігіне тоқталған өңір басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдау болатынын айтты.
– Қасиетті Түркістан төріне қош келдіңіздер. Біз өз тарапымыздан барлық бастамаларға толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз. Мен өзім әр инвесторға өзімнің жеке телефон нөмірімді беріп, өзім хабарласып отырамын. Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті. Осы бағытта жұмыстарға күш салынып, бірлескен жобалалар жүзеге асады деген ойдамыз. Ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Шетел делегациясы тарапынан бірнеше жобалар ұсынылды. Ең алдымен, халық сұранысына сай салаларға басымдық берілген. Инвесторлар жарықтандыру, таза ауыз судың қолжетімділігін арттыру және шөлді аймақтарды көгалдандыру жолымен жерді қалпына келтіру жобаларын іске асыру бойынша ұсыныстарын білдірді. Бас консулдық келіссөздерді ұйымдастыруға, консультациялық қызметтер көрсетуге және тараптардың өзара іс-қимыл процесін сүйемелдеуге қол ұшын созуға дайын екендерін жеткізді.
Сиань су компанияларының тобы ауыз суды тазарту технологияларын инвестициялауға, арнайы қондырғыларды, дренаждық жүйелерді салуға және басқаруға, тұзды және шөлді жерлерді сумен қамтамасыз етуге, ластанған су қоймаларын тазартуға және өңдеуге маманданған. Компания шойын құбыр төсеумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қалпына келтірумен, сондай-ақ суды пайдалану тиімділігін арттырумен айналысады. Сондай-ақ экологиясы нашар аумақтарда экожүйені қалпына келтіру және арнайы өсімдіктердің тұқымын өсіру технологиясын меңгерген әлемдік жетекші өндіруші кәсіпорын. Компания әр жобасының тиімділігін ғылыми тұрғыда дәлелдеумен, топырақтың құнарын жақсартумен шұғылданады. Елді мекендерді көгалдандырып, ну орманға айналдыруға маманданған.
Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясы Қытай еліне жұмыс сапарымен барып, бұл елдің бірнеше провинциясымен бауырластық меморандумына қол қойылған болатын. Көптеген жетекші кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысып, 20-дан астам компаниямен бірлескен инвестициялық жобалар бастауға келісім жасалды. Осы әріптестік негізінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Өңірлік байланыстарды күшейту мақсатындағы жұмыстар жалғасады.
Шетелдік компания электр қуатымен қамту бойынша өз мүмкіндіктерін таныстырды
Сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов та Қытай Халық Республикасының инвесторларымен кездесті. Кездесуде тараптар облыс аумағын сапалы электр қуатымен қамту жайын талқылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірдің инвестицилық мүмкіндіктері туралы айтып, электр энергиясының қажеттілігіне тоқталды.
– Түркі әлемінің астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Әр инвестордың жобасын жіті қарап, тиімді ұсыныстар бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Түркістан облысының электр энергиясын тұтыну көлемі 330 МВтты құрайды. Облысқа қажетті электр энергиясының 80%-дан астамы солтүстік көздерден «KEGOС» АҚ-ның 220 кВ желісі арқылы жеткізіледі. Алайда қыс мезгілінде тұтыну көлемінің артуына байланысты электр энергиясына деген дефицит байқалады. Мәселені шешу бойынша жобалар қолға алынған. Сіздер ұсынып отырған жобаны да қарап шығуға, екіжақты тиімді келісімге келуге жұмыс атқарамыз, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Қытайлық инвесторлар компания мүмкіндігі туралы ақпарат беріп, өңірді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша ниеттерін білдірді.
– Біз Қазақстанға іссапарымызды Түркістан облысынан бастауды жөн көрдік. Күн және жел энергиясын пайдаланып, электр қуатын өндіруді көздеп отырмыз. Электр қуатын сақтайтын ең үздік технология Қытай елінде екені баршаға аян. Қажетті қуат көзін есептеп, облысқа қаржы құюға дайынбыз. Бізге сіздерден қолдау қажет, – деді қытайлық өкіл.
Айта кетейік, облыста 2 энергия өндіруші станциясы жұмыс істеуде. Оның бірі – қуаты 126 МВт болатын Шардара қаласына жақын жердегі Сырдария өзенінің бойында орналасқан су электр станциясы. Екіншісі – 5,5 МВт қуаты бар «Кентау-сервис» МКК. Сондай-ақ жалпы қуаты 278,6 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 24 нысаны бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен электр тапшылығын шешу бағытында Түркістан облысында «Жалпы қуаты 1000 МВтқа дейін генерациялаудың маневрлік режимі бар бу-газ қондырғысы (БГҚ) базасында электр станциясын салу» жобасы іске асырылуда. 2025 жылдың қыркүйегінде қуаты 185 МВт болатын алғашқы қуат беріліп, 2026 жылдың соңына қарай БГҚ толық қуатына шығады деп күтіліп отыр.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде
Инвесторларға қолайлы жағдай тудыру бағытында Түркістан қаласында орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ондағы құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр.
Бүгінгі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары 100%-ға аяқталған. Жолдың 1,4 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Жол құрылысын 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Теміржол құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалып, теміржолдың 2,1 шақырымына релстер орнатылды.
Сонымен қатар су және кәріз желілерінің құрылыс жұмыстары 70 %-ға орындалып, су құбырының 8,5 шақырымы тартылды. Кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр жүргізілді. Аталған нысандарыдың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының тұрықты қадағалауында.
«Turan» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.