Түркістан облысының әкімі бірнеше елдің инвесторларымен келіссөздер жүргізді

Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумына шет мемлекеттер мен еліміздің ірі кәсіпкерлері, инвесторлары келген болатын. Олардың бірқатарын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жеке қабылдап, келіссөз жүргізді.

Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан және Қазақстанның инвесторларымен жобаларды, әріптестік орнату мәселесін талқылады. Кездесулерді облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жүргізіп отырды.

– Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және өзге де салаларда әлеует жоғары. Инвестициялық мүмкіндігіміз өте жоғары. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнеске ең қолайлы аймақ. Облыста арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар бар. Онда кәсіпкерлердің жобаларын қабылдауға мүмкіндік мол. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен барлық жобаны талқылап, жұмыс істеуге дайынбыз. Инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Мақсатымыз – Түркістан облысын өндірісі дамыған аймаққа айналдыру, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімімен кездескен ҚХР-дың Қазақстандағы Бас консулының орынбасары Хуа Чжонг инвестициялық және экономикалық форумның өте жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, келіссөздерге қолайлы жағдай жасаған өңір басшылығына алғысын білдірді.

– Түркістан тамаша көркімен, табиғатымен және тарихымен таңғалдырды. Форумға ірі бизнес өкілдері, компаниялар келді. Алдағы уақытта да осындай байланысты тереңдетіп, зауыттар, кәсіпорындар ашу бойынша әріптестік орнатуға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді ол.

«PENG SHENG» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Цзюхай Ци мақта шаруашылығы бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен бірге металл қалдықтарынан өнім шығару жобасына қолдау сұрады. Ал «Beijing Qinyuanjie Technology Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры Сун Иеянг және өзге де компания басшылары құс зауыты, ірі қара мал бордақылау мен өнімін өңдеу жобасы, кафель шығару, күн энергиясы станциясын салу, қант зауытын салу, жүгеріні терең өңдеу және өзге де ірі жобаларды ұсынды.

Осы тұста айта өтейік, бүгін Ордабасы ауданына арнайы іс-сапармен Қытай Халық Республикасынан кәсіпкерлер келді. Делегация құрамында ҚХР Шандон провинциясының Линцин қаласы, Шыңжаң өлкесінің Үрімжі қаласының кәсіпорын басшылары болып, бірқатар өндіріс орындарын аралап, ірі өндіріс орындарын аралап, инвестиция салуға ниетті салалардың жұмысымен танысты.

Шетелдік қонақтарды аудан әкімі Азат Оралбаев қабылдап, еркін форматта кездесу өткізді. Аудан әкімі ауданға инвестиция салатын кәсіпкерлерге инфрақұрылым жеткізіп беру мен жеңілдетілген несие алу мәселелері бойынша көмек көрсетілетінін жеткізді. Екіжақты айтылған ұсыныс-пікірлер талқыланды.

«Ауданымыз негізінен ірі өндіріс орындары шоғырланған өнеркәсіптік бағыттағы аймақ. Сонымен қатар ауыл шаруашылық саласына да басымдық берілген. Ауданымыздың ірі өндіріс орындарын аралау барысында қызығушылықтарыңызды тудырып, инвестиция салуға ниет білдірген жағдайда біз Сіздерді қолдауға дайынбыз», — деді аудан басшысы қытайлық кәсіпкерлермен кездесуінде.

Ресми кездесуден соң делегация мүшелері Бадамдағы Қазақ-түрік индустриалды аймағында орналасқан «Kazkioti» трактор құрастыру зауыты, әртүрлі мақсаттағы алюминий профильдерін және одан жасалған бұйымдарды шығаратын «Gold Aluminium» зауыты, «Бөрте Милка» сүт-тауарлық фермасы, жоғары, бірінші және екінші сортты ұн шығаратын «Ордабасы Нан» зауыты, күркетауық етін өндіруші «Ордабасы құс» фабрикасының өндіріс орнын аралап, өнім өндіру барысына қанықты. Қытайлық компания өкілдері жан-жақты талдау үшін арнайы сараптамадан өткізу мақсатында жергілікті азық-түлік өнімдерінен сынамалар алып, зерттеу жұмыстарын жүргізетін болды.

Сапар барысында қытайлық делегаттар ауданның брендіне айналған құс еті мен ұн өндірісіне ерекше қызығушылық танытты. Екіжақты кездесу барысында осы тақырып төңірегінде аудан әкімінің аталған салаға жауапты әкім орынбасары Қыдырбай Сейтқұл қытайлық кәсіпкерлерге өндіріс орнының қуаттылығы, логистикалық, инженерлік-инфрақұрылымдық жағдайы туралы толыққанды ақпарат берді.

Естеріңізге салар болсақ, Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастаған құрамында Ордабасы, Сайрам, Сауран, Отырар, Қазығұрт аудандары және Кентау қаласының әкімдері, сонымен қатар кәсіпкерлерден құралған Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Линьцин қаласына іс-сапармен барған еді.

Аталған кездесуде қытайлық «Baoji Haoyu Hitech Machine Engineering Co.Ltd» корпорациясы мен «Компания Ануар» ЖШС басшысы А.Кейкиеев қыш зауытына қажетті жаңа технологиялы қондырғы жабдықтар сатып алу үшін өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын.

…Түркияның «BERTAŞ» компаниясының бас директоры Галип Ресул медициналық технологияларды енгізу бойынша ниетін білдірді.

Кездесуде Түркия, Өзбекстанның инвесторларының мақта кластерін дамыту және өзге де салалар бойынша әріптестік орнату жөніндегі ұсыныстары қабылданды. Сондай-ақ шетелдік инвестордан Түркістан облысына туристер тарту жобасы да айтылды. Жоба бойынша Түркістанға Индонезия, Қытай елдерінен саяхатшылар тарту көзделіп отыр.

Өңір басшысы облыстың инвестициялық әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, жаңа кәсіпорындар ашу басым бағыт болып қала беретінін айтып, кездесулердегі ұсыныстар жан-жақты қаралатынын жеткізді.

Тағы бір атап өтер жайт, Түркістанда өткен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форум мазмұнды жиынмен жалғасты. Атап айтсақ, Түркістан төрінде Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті қорытындыларына арналған түркі сауда-өнеркәсіп палатасы одағының бизнес форумы өтті. Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бизнес өкілдері қатысты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстар нығая түскенін мәлімдеді.

– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Осыдан 3 апта бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту, өзара қарым-қатынасты арттыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форум саммитте көтерілген бастамаларды одан әрі жетілдіруге үлкен серпін береді деп сенемін, – деген Дархан Сатыбалды Түркістан облысында Түркия, Өзбекстан және өзге де мемлекеттермен бірге маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Бизнес форумда Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев бұл жиын ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға серпін беретінін жеткізді. Түркістан шаһарының тарихи маңызына тоқталып, халықаралық форум арқылы ірі келісімдер жасаларына сенім білдірді. Сонымен бірге жиында Өзбекстан, Азербайжан, Қырғызстан мемлекетері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, лауазымды тұлғалары, спикерлері экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Түркістан – инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі. Облыс құрылған сәттен бастап 5 жыл ішінде, өңірге 6,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тез нығайып келеді.

Айта кету керек, Түркістан облысының Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 400 млн. АҚШ долларын құрады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанда бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл алаң бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin