Түркістан облысының әкімі денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын пысықтады

Түркістан облысында денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басшыларды жинап, құрылыс барысын пысықтады. Медицина саласының инфрақұрылымын жақсартуда олқылыққа жол берілмеуі керек екенін айтты.

– Әрбір нысанның күрделі жөндеу жұмысы, құрылысы бақылауда тұр. Мердігерлермен дұрыс жұмыс жүргізіңіздер. Жауапты басқарма басшылары әрбір нысанның басы-қасында жүріп, жұмысты үйлестірсін. Нысандардың құрылысы, материалдары, сәулетіне мән берілсін. Жоспардан ауытқу болмасын. Кестеде қай уақытта беріледі, дәл сол уақытта тапсырылуы тиіс. Жұмысты ширату бағытында ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте өңірде күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандардың қазіргі жай-күйі айтылды. 2024 жылға 7 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Бүгінгі таңда 3 нысан – Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасы, Созақ аудандық орталық ауруханасы, «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханаларының жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.

Кентау қалалық орталық ауруханасына, Келес аудандық «Абай» ауруханасына және Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Боралдай» медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін орын ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына мердігерлер анықталған. Жұмыстар басталған. Өңір басшысы осы нысандарға қатысты мәселелерді толық шешуді тапсырды.

Түркістан облысының Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл ғимараттар кең әрі ыңғайлы болмақ.

Құрылысын «Emaar» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы қалануда. Биылғы шілде айында басталған құрылыс нысаны жыл соңында қолданысқа беріледі. Құрылыс алаңы 0,4 гектар аумақты құрайтын дәрігерлік амбулатория 1 қабатты болады. Құрылысқа тапсырыс беруші – Түркістан облысының құрылыс басқармасы.

Айта кетейік, Жаңадәуір елді мекенінде бүгінде 1 876 тұрғын болса, Ынтымақ ауылында 2 452 адам тұрады. Олар бүгінгі күнге дейін Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Лесбек Батыр елді мекенінде орналасқан емханаға барып, қызмет алып жүрген болатын.

Бүгінгі таңда облыстың ауылды елді мекендерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарына қажеттілікті жою бойынша 2 бағытта жұмыстар жүргзілуде. Олар: жекеменшік клиникасы бар ұйымға ауыл тұрғындарын тіркеу арқылы медициналық нысан салу және әлеуетті инвестор салған дайын ғимаратты сатып алу арқылы іске асыру. Осы 2 бағытта облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дайын үлгілік жобаларын қолдану арқылы бірыңғай нысандар салынады деп жоспарланған.

Осы тұста атап өтер жайт, Түркістан облысы халқына 19 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, 2024 жылдың 6 айында облыс халқына 19 307 002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Одан бөлек, 375 063 жедел-жәрдем және 1 594 санавиация шақыртулары, сондай-ақ 3 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 200 мыңнан астам стационарлық-медициналық көмек көрсетіліп, 18 693 ота жасалған.

«Биыл Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында барлығы 81 науқасқа, ал Түркістан қалалық орталық ауруханасында барлығы 4 науқасқа күрделі ота өткізілді. Бұдан бөлек, өңірде 3 бүйрек трансплантациясы жасалды. Биыл облыста 15,9 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен 549 медициналық бұйымдар сатып алынды. Бүгінгі күнге дейін «Д» есепте тұратын 158 204 науқас тегін дәрімен қамтылған. Ал, 2024 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусым аралығында жергілікті бюджеттен амбулаториялық деңгейде 188 науқасқа дәрі-дәрмек берілді. Бұдан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медициналық университеті арасында келісім шарт орнатылды. Нәтижесінде өңірден 24 дәрігер Санкт-Петербург қаласында біліктіліктерін арттыру курсынан өтті», — деді Бауыржан Нұрланұлы.

Айта кетсек, өңірде Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым мен 130 жекеменшік мекеме бар. Медициналық мекемелерге барлығы 2 060 903 адам тіркелген болса, оларға 35 714 дәрігер қызмет көрсетеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin