Шіркейге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының барысы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды. Сырдария өзені бойымен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы орналасқан елді мекендерде шіркейлердің көбеюі соңғы бірнеше жылда қалыпты жағдайға айналған. Дезинсекция жүргізу аймақтары ретінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сауран, Отырар, Шардара аудандары белгіленген. Залалсыздандырылатын аумақ көлемі 7 713,1 гектарды құрайды.
Шіркейлерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Осылай деген облыс әкімі сала басшыларын қатаң сынға алды. Кемшіліктерге жол бергені үшін салаға жауапты басқарма басшысына қолданыстағы заңнама аясында тиісті шара көруді тапсырды.
– Жыл басталмай жатып, шыбын-шіркеймен күреске сақадай сай болу қажетті сан рет ескертілді. Ерте басталып, есептеріңіз рас болса, ендеше тұрғындар тарапынан неге шағым көп? Шұғыл түрде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстарын сапалы жүргізуді, оның барысын бақылауды күшейтуді тапсырамын. Мәселе — қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы апта сайын баяндалсын, – деді облыс әкімі.
Дезинсекция шараларын және ғылыми сүйемелдеуді мердігер ЖШС «Satti Tulik» өткізуде. Биылға бұл мақсатқа 644,4 миллион теңге қаралған. Залалсыздандыру жұмыстары облыс аумағында наурыз айынан бастап жүзеге асырылуда. Ғылыми зерделеу жұмыстарына 10 адам және дезинсекция шараларына 62 техника, 77 адам тартылған.
Шіркейлердің санын азайтудың тиімді әдісі ретінде Сырдария өзеніне биологиялық препаратпен өңдеу әдісі қолданылады. Мамандардың айтуынша, бұл – Сырдария өзеннің флорасы мен фаунасына қауіп төндірмейді. Жәндіктердің санын азайтуға бағытталған. Дезинсекциялық іс-шараларды жүргізу кезінде сақтық шараларын ұстану аса маңызды.
Назар аударар жайт, шіркейдің көптігі сонша, тұрғындар беттерін тұмшалап алуға мәжбүр. Әлеуметтік желіде жарияланған видео авторының айтуынша, шіркейлер жұмыртқа ашқан қырғауылдың балапандарын жеп қойған.
«Тіпті, қоян көжектері мен төлдеген сиырдың бұзауы және жылқылардың құлындары өліп кетіп жатыр», — дейді автор.
Ал, аталған мәселеге ресми түрде жауап берген Отырар ауданының әкімдігі елді мекендерде жәндіктер мен өзге де зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліліп жатқанын жеткізді.
«Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысына сәйкес дернәсіл шіркейлермен күресу үшін «bacillus thuringiensis» бактериялық препараттарын суға жіберу әдісі қолданылып жатыр. Ал, су қорғау аймақтарында, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елді мекендерде, демалыс аумақтарында химиялық инсектицидтер өңдеу әдісін қолдану арқылы тиісті дәрілеу жұмыстары атқарылады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, шіркеймен күрес Арыс қаласының аумағында да жүріп жатыр. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, екі кезең бойынша іске асатын жұмыстар адам көп шоғырланатын аймақтардан басталған.
Айта кету керек, Түркістан облысындағы төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков мәлімдеген болатын. Оның 40 миллион теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ. Ал, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысына беруге бағытталған.
«Сырдария өзені бойында және Шардара, Отырар ауданы мен Арыс қаласында 7 нүкте анықталып отыр. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85 пайыз ұяны жойдық. Ал, 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырғы жылға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз жұмыс жасамағанда шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр», — дейді «Satti tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ермен.
Анықтағанымыздай, «Satti Tulik» ЖШС компаниясы зерттеу жұмыстарын бастамас бұрын Алматы қаласының Зоология институтының аға ғылыми маманы Қаршыға Көшкінбаевпен келісімшартқа отырған. Маманның айтуынша, шыбын-шіркейдің соңғы 50 жылда адамдар мен жан-жануарға жаудай тиіп, агрессиялық тұрғыда мінез-құлық танытуының өзіндік себептері бар көрінеді.
– Біз залалсыздандыру жұмыстарына қолданған дәрі-дәрмектердің араларға ешқандай зияны жоқ. Тек араларға ғана емес, байқамай суды адам ішіп қалса оның да ешқандай зияны жоқ. Оған кепілдік береміз. Біз жұмысты бастамас бұрын зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Алайда шіркейлердің күрт көбейіп кетуіне нақты тұжырым айта алмаймыз. Ал сіз сұрап тұрған биологиялық негіздеме жасаған жоқпыз. Бізде қазір биологиялық жоспар бар. Сол бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Кеше жиында 1 апта ішінде ретке келеді деп айтты. Бірақ бір апта ішінде бәрі ретке келуі қиын. Мен оған кепілдік бере алмаймын. Себебі шіркейлер әлі көбейіп, шығып жатыр. Әлі қауіп сейілген жоқ – дейді, ғалым Қаршыға Көшкінбаев.
Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Алишер Ахмадниязов Сырдария өзенінің аумағында орналасқан елді мекендерде және Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Сауран, Отырар, Шардара аудандарының аумағында дизенсекциялық жұмыстар биологиялық және химиялық әдістермен жүргізілетінін жеткізді. Жұмысты сапалы орындау мақсатында аудан қала әкімдіктерімен арнайы жұмысшы топ та құрылмақ.
Иә, соңғы жылдары Сырдария мен Арыс бойының тұрғындары бұрын-соңды болмаған жағдай, бұл өңірлерде қара шіркейлердің шамадан тыс көбейгендігін айтып келеді. Алғашында бұл жәндіктерден үй жануарлары зардап шексе, енді, міне, қазір адамдар, әсіресе, жас сәбилер қаптаған шіркейлердің шабуылына ұшырап, дене мүшелерін түрлі жаралар басып кеткен. Отырар ауданының алқабында алғаш рет пайда болған бұл шіркейлердің қара бұлты қазір Арыс, Шардара, Жетісай, Сарыағаш аудандарынан асып, Ордабасы мен Шымкент қаласының шет аймақтарына дейін жетіпті. Алайда тұрғындардың бұл жан айқайына билік басындағылар ешбір айла да, іс-шара да таба алмай келеді… Біреулер бұған Көксарай су қоймасын кіналаса, кейбіреулер бұған үкіметтің Ресей мен Қырғызстан арасындағы шекарадан кедендік бақылауды, карантин мен фитосанитарияны алып тастағасын ешбір кедергісіз, бақылаусыз өтіп жатқан жемістер мен көкөністердің, сан түрлі тауарлардың сыртын қаптаған ыдыстар мен түрлі қаптарға жабысып бірге келіп жатқан жатжұрттық зиянкес жәндіктердің тұқымдарынан көбейген дейді… Негізі көктемгі тасыған артық суды, яғни табиғатымызға да, өмірімізге де аса қажетті тіршілік нәрін Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге жібермей, оны Көксарай су реттегішіне жинап, шілде айына дейін толығымен Сырдарияға қайта тастауға тиісті су қоймасының табанында сарқынды сулар көптеп қалып, маса мен шіркейдің көбеюіне әкеліп отыр дейтін мамандар да жеткілікті.
Жалпы, Сыр бойындағы шыбын-шіркейлердің көбейіп кетуінің басты себебі табиғи тепе — теңдіктің бұзылуынан болып отыр. Осы шыбын-шіркейлермен қоректенетін бақаларды байлық пен ақшаға құныққан ашкөздер мың – мыңдап, тонналап аулап, Қытай мен Францияға асырып жіберіп, осылайша бұл бишаралардың тұқымдарына бұл өңірде тұз құйылды. Осы шіркейлердің суда өсіп көбейетін личинкаларымен қоректенетін балықтардың шабақтары да бақаның күнін кешуге таяп қалды. Өзен-көлдерде балықтар тым азайып кеткен. Оның да басты себебі көктем айларында мың-мыңдап қаптап Сырдария бойында түрлі техникалармен жарақтанған екі аяқты жыртқыш «браконьер» деген табиғат пен адамзаттың қас жауларының электр тогымен, қытайдың мың жылға дейін шірімейтін торларымен есепсіз аулауларының кесірінен жойылуда. Электр тогының әсерінен шабақтар мүлдем қырылып қалса, үлкендері уылдырық шашпайтын бедеулікке ұшырайды.
Оның үстіне қырғыз бен өзбек жерінде орналасқан химиялық, металлургиялық өндірістерінің шайынды суларымен, және де олардың агроөндірістерінің гербицидті улармен бүлінген тастанды былғаныш суларының Сырдария өзеніне жауапсыздықпен көптеп тасталынуына байланысты бұл елді мыңдаған жылдар бойы асырап келген өзен суы қазір мал суаруға да жарамайтын болған. Мұндай ластанған суларда балықтардың толыққанды өсіп — көбеймейтіндігі де белгілі… Мемлекеттік мекемелер бұған кешенді түрде іс — шаралар түзіп, көлбақалар мен балықтарды қайта көбейтуге, оларды аулауға 7 жылға үкімет тарапынан мораторий жариялап, белсенді түрде әрекет жасауы керек! Қазақстан тарапынан СІМ арқылы Қырғызстан мен Өзбекстанға арнайы нота жолданып, қатаң түрде шарт қойылуы қажет! Бұдан ешбір нәтиже шықпаса, олардың біздің жеріміз арқылы өтетін байланыс коммуникацияларын 2 сағатқа ажыратып тастасаң, бар мәселені шешуге болады. Мұның басқа да жолдары толып жатыр… Ал, мына шіркейлерге қарсы химиялық уларды қолдану басқа да табиғатқа аса қажетті, пайдалы (аралардың түрлері, құмырсқалар мен түрлі инеліктер, т.с.с.) жәндіктер мен табиғат қамқоршылары құстардың жойылуына әкеледі. Оның соңы одан да зор басқа да күтпеген апатты мәселелерді туындатуы мүмкін. Осыдан сақ болу керек! Австралия құрылығының қасіретті тәжірибесінен үйренетін уақыт жетті.
Сөз соңында шіркейге (Sіmulііdae) анықтама бере кетсек. Ол – қосқанатты қансорғыш жәндіктердің тұқымдасы (қ. Қосқанаттылар). Жер шарында кең тараған, 1000-нан астам түрі белгілі. Дене тұрқы – 2-4 миллиметр. Шіркейдің көпшілік түрінің аналықтары – құстар мен сүтқоректілердің қансорғыштары. Аталықтары өсімдік шырынымен қоректенеді. Дернәсілдері ағын суларда субстратқа бекініп, тіршілік етеді. Қуыршықтарының бір бөлігі пілләмен оралған. Ересек шіркейлер судан тыс тіршілік етеді. Негізінен таңертең, ымыртта ұшып, осы кезде адамдарды шағады. Сілекейі улы. Шіркейлердің шаққанда жергілікті (папулалар, ісіктер, тағы басқа) және жалпы (гиперемия, дене температурасы көтеріледі, тағы басқа) реакциялар пайда болады. Бұлар адам киімінің астына, көзге, құлаққа кіріп кетеді. Кейбір түрлері адамда және сиырларда, бұғыларда – онхоцеркоз; құстарда – гемоспоридиоз; сондай-ақ туляремия және түйнеме ауруларының қоздырғыштарын таратады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.