Түркістан облысының әкімі Қытайдың Сиань және Ухань қалаларында болып, бауырластық туралы келісім жасасты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Сиань қаласында жалғастырды. Ұлы Жібек жолының бастауы саналатын Шэньси провинциясында 47 миллионнан астам халық тұрады. Сиань қаласы Қытайдың рухани және мәдени астанасы саналады. Сапар аясында облыс әкімі Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесті. Онда Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды.

Маңызды құжатта тараптар өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіреді. Сондай-ақ өңіраралық келісім бойынша екі жақ дамуды ынталандыру мақсатында сауда, ғылым мен техника, гуманитарлық алмасу, логистика, инфрақұрылым құрылысы, жаңа энергия көздеріндегі автомобиль өндірісі, білім саласындағы әріптестік пен түрлі нысандарда өзара алмасулар мен ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті.

Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдаулар үшін Шэньси провинциясы парткомитетінің хатшысына алғыс білдірді. Жұмыс сапарының мақсаты – екі ел көшбасшыларының уағдаластықтарын іске асыруды ілгерілету екенін жеткізді. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты.

Облыс әкімі өңірлер арасындағы туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде диалогта болып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның барлық деңгейдегі тұрақты байланыстары — екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал өткен жылы Түркістан облысымен өзара тауар айналымы 149 миллион АҚШ долларын құрады. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын түсіне отырып, өздеріңізбен тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгінгі келісім өз кезегінде өңірлеріміздің түрлі салаларда дамытуына серпін беретіне сенім білдіремін, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэ Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындағы достық және экономикалық байланыс өте жақсы деңгейде екеніне тоқталды. Қазақ халқына, көршілес елге деген құрметі жоғары екенін жеткізді.

Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасында сауда, экономика, білім беру, гуманитарлық алмасу салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай тауарларының көрмелері өткізіледі, көлік, білім беру саласындағы ынтымақтастық дамуда. Қазақстандық студенттер жоғары оқу орындарында оқиды. Шэньсиде көлік және логистика саласында дамыған. Өлке Қытайдың орталығында орналасқан, теміржолдары және әуе жолдары дамыған. 45 елмен және аймақпен теміржол байланысы бар. Үш климаттық белдеуде орналасқан өлке көмір қоры, мұнай, газ бойынша жетекші орынды иеленеді.

Түркістан облысы мен Қытай кәсіпкерлері жаңа жобалар бастайды

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясының сапары аясында Қытайдың Сиань қаласында Бас консулдықтың қолдауымен бауырлас қалалалардың кәсіпкерлерінің қатысуымен сауда-экономикалық форум өтті. Бизнес-форумда екі елдің 80-нен астам кәсіпорын өкілі арасында B2B форматында екіжақты кездесулер өткізді.

Бизнес-делегациясының құрамында білім, денсаулық сақтау, IT, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім беру салаларының өкілдері болды. Бетпе-бет жүздесіп, бизнес бастауға арнайы жиналған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр бизнес бастаушымен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сауда қатынастарын орнатып, инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді. Тек экономиканы дамытуға ғана емес, мәдениет, туризм, білім саласын дамыту тетіктерінің қарастырылатынын айтты.

– Көріп отырғандарыңыздай, біздің өңірдің ынтымақтастық алаңы кең! Біз екі өңір арасындағы өзара байланысты арттыруға бағытталған маңызды жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Мемлекет тарапынан инвесторларға преференциялардың ауқымды түрлері ұсынылады. Баршаңызды киелі Түркістан өңіріне шақырамын, – деді облыс әкімі.

Бизнес-форумда екі елдің кәсіпкерлері өз компанияларын таныстырды. Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Бірлескен жобалар арасында ауыл шаруашылығы саласында пайдалануға ыңғайлы дрондар шығару, халықаралық мектеп салу, IT, құрылыс, ми ауруын емдейтін аурухана ашу, құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу, цифрландыру арқылы ауылшаруашылық дақылдарын өсіру, травертин өндіру туралы келісімге келіп, меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобалар бойынша маңызды келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Мяньян қалалық партия комитетінің тұрақты комитетінің мүшесі және вице-мэрі Ву Хао бастаған делегациямен жүздесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Сонымен бірге құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу туралы, ауылшаруашылығы саласын, медицина, білім, туризмді дамыту бойынша бірқатар келіссөздер жүргізді. Түркістан облысында жаңа көкөніс қоймасын салу жөнінде де келіссөздер өтті.

Кездесу соңында аймақ басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс жасауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi.

Аталған шаралар екіжақтық достық қарым-қатынастардың одан әрі өрбуіне жол ашпақ. Қытайға сапар күндері Түркістан облысының делегациясы бірнеше өндіріс орындарында болуды және басқа да іс-шараларға қатысуды жоспарлап отыр.

Түркістан облысы және Хубэй өлкесі арасында бауырластық туралы меморандумға қол қойылды

Мұнан соң Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Ухань қаласында жалғастырды. Хубэй өлкесіне қарайтын бұл аймақ елдің ең ірі экономикалық орталықтардың бірі және орталық Қытайдың ең ірі ауылшаруашылық провинцияларының бірі. 60 миллионнан астам халқы бар Хубэй мақта өндірісінде көш бастап тұр.

Сапар аясында облыс әкімі Хубэй провинциясының губернаторы Ван Чжэнпумен кездесіп, бауырластық меморандумына қол қойды. Құжат өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты қамтиды.

Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген меймандостық пен жылы қабылдаулар үшін Хубэй провинциясының губернаторына алғысын білдіріп, өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде байланыста болып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.

Түркістан облысының Қытайға делегациясын басқарған өңір басшысы Дархан Сатыбалды Ухань қаласындағы іскер топтармен кездесіп, өңірдің әлеуетін таныстырды. Облыс әкімі бастаған делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы және Бас хатшысы Хуан Лисямен кездесті. Онда Хубэй халықаралық кәсіпорын қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу барысында екі елдің аймақтары арасындағы байланыс тұлғалары тағайындалды. Қазақстан-Хубэй байланыс орталығын құрғаны үшін Түркістан облысы әкімі төраға Хуан Чжоуженге куәлік тапсырды. Сонымен бірге Қадылбек Жалын мен Хуан Лисяға қазақстандық байланыс тұлғасының куәлігі берілді.

Сонымен қатар облыс әкімі Хубэй провинциясының іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Мақта өңдеу зауытын салу, Түркістан облысына тікелей рейстерді ашу, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылады.

Хубэй өлкесі тоқыма өнеркәсібінен көш бастап тұр. Ухань – Қытайдың Хубэй провинциясының орталығы. 12 миллионға жуық адам тұратын елдің орталық бөлігіндегі ең көп қоныстанған қала. Хубэй провинциясы – Қытай Халық Республикасы экономикасындағы ең маңызды аймақтардың бірі болса, Ухань – Еуразияның маңызды логистикалық орталығы және негізгі көлік хабтарының бірі. Бұл өзен порты ғана емес, сонымен қатар Қытайдың ірі теміржол торабы саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin